Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде сенімін ақтамаған шенеуніктер туралы әңгіме қозғады, — деп жазады NUR.KZ.
Президент еліміздің бірнеше облысындағы әкімдердің ауысуы туралы пікір білдірді.
«Кулагин зейнет жасына келдім, барлық жерде жұмыс істедім деп рахметін айтты. Содан соң ауыстырдым. Маңғыстау облысының әкімі вице-министрлік қызметке өзі сұранды. Қарағанды облысына өз жерінің тумасын қойдық», — деді елбасы.
Сондай-ақ, президент сенім артқан шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғанына қиналатынын да жасырған жоқ.
«Өсіріп, үйретіп, сенім артқан мамандарың кейін быт-шыт болып жемқорлықпен ұсталғанда қиналасың. Мен біреуді орнынан алып тастау үшін тағайындамаймын ғой. Ол еңбек етіп, халыққа қызмет етеді деп үміттенемін. Қазір үкіметте 70-жылдары туылған, тепсе темір үзетін жігіттер отыр «, — деді елбасы.
Сонымен қатар, елбасы білімді шенеуніктердің барлығына бірдей мүмкіндік бергенін айтып, Мұхтар Әблязовқа қатысты да өз ойын айтты.
«Әблязовты да жас кезінде министр етіп қойдым. Сенімнен шықпады. Мен бір сатқан адамға қайтадан сенбеймін. Ондай адам тағы да сатады», — деді президент.