Алматыда 22 наурызда алғаш рет салтанатты шаралар бірден екі алаңда: «Астана» алаңы мен Атлеттер ауылында өтеді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ұлы даланың Наурызы» мерекелік шарасына 700-ден астам әртіс қатысады, олардың арасында шығармашылық ұжымдар, ағаш аяқтар (ходулис), дәстүрлі театр актерлері, солистер, би топтары бар. Бұлардан өзге бұқаралық «Көрісу» би флеш-мобы да өтеді.

Концерттерге «Ялла» тобы, Айқын Төлепберген, Мөлдір Әуелбекова, Әли Оқапов, Әлішер Каримов, Маржан Арапбаева, Индира Еділбаева, «МузАРТ», «Аюми», «Voice» топтары, Рамазан Стамғазиев, Жасұлан Сақаев, Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкімәнов, «Сазген Сазы» фольклорлық- этнографиялық ансамблі, Айгүл Қосанова,«Қоңыр» тобы, «БАХЫТ KIDS» балалар хоры, «Отырар сазы» фольклорлық -этнографиялық ансамблі, «Алашұлы» тобы, «Жорға» би тобы, «Туған жер» би ұжымы, «Алан» тобы, Мәлика Есмұханбетова, «МузАРТ лайф»  тобы және басқалары қатысады. Астана алаңына киіз үйлер, әр түрлі қостар, шатырлар тігіліп, Наурыз тақырыбына орай жасалған инсталляциялар орнатылады.

Мерекеде «Мүшел» атты театрландырылған көрініс көрсетіліп, қазақтың көнеден келе жатқан « Самалық», «Түлік жыры» атты салт-дәстүрлі, ритуалды ән-жырлары орындалады. Ал,  Атлеттер ауылындағы мерекелік қойылым өтетін алаң тұтастай жаңа қоныстанған қазақ ауылын елестетеді. Алаңның кіреберісіне ежелгі үлгідегі қақпа орнатылып, оның екі жақ шетіне көне күйме үстіне тігілген 2 киіз үй қойылады. «Номад»  каскадерлар тобы «Жігіттер», «Қыз қуу», «Аударыспақ», «семсерлесу» көріністері арқылы өз өнерлерін көрсетеді.  Бағдарламаға «Қой көтеру», «Ләңгі тебу», «Арқан тарту» сияқты шеберлік пен ептілікті паш ететін қазақ ұлттық ойындары да енгізілген.

Екі мерекелік алаңда да музыка аспаптарының, бүркіт пен тазының көрмесін және даршылары (керілген арқан үстінде жүретіндер) мен ағаш аяқтардың өнерін көрсету де жоспарланған. «Наурыз» мерекесі барысында бауырсақ пен «Наурыз көже» тегін беріледі. Мереке соңы кешкі бағдарлама мен отшашуға ұласады.

 

Пікір қосу