Бензин қымбаттамайды. Энергетика министрі осылай деп сендірді. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, үкімет жанармай бағасын өсірмей ұстап тұру үшін жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұған дейін сарапшылар, еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылып, жұмысын уақытша тоқтатқандықтан бензин бағасының өсетінін болжаған. Бірақ, Бозымбаев қымбатшылыққа жол бермейміз дейді.
Қазір еліміздің жанармай бекеттерінде АИ-92 143 теңгеден сатылып жатыр. Ал Энергетика министрі әдеттегідей, баға көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан деп отыр.
«Біз бензин бағасы қымбаттап кетпеуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оның үстіне біздегі құн төмен. Мәселен, Ресейде АИ-92 180 теңге тұрады. Ал Еуропамен салыстырсаңыз тіпті жоғары», — дейді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.