Қазақстандағы барлық қауіпті су қоймалары 2030 жылға дейін толықтай жөнделеді. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш мәлім етті, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда 312 су қоймасы бар. Оның 84-і республикалық, 168-і коммуналдық меншікте болса, 4 шағын су қоймасының иесі жоқ. Ал қалған 39-ы — жекеменшіктің қолында. Бұл су қоймаларының 27-нің техникалық жағдайы қауіпті деп бағаланады. Соның 16-сы адам өміріне қауіп төндірмейді, бірақ апатты жағдайда деуге болады. Қауіп төндірмейтін себебі — оларда су жиналмайды. 9 су қоймасы адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан оларды қазіргі уақытта меншік иелері қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде», — деді ол.
Комитет басшысының айтуынша, елімізде су қоймалары апаты салдарынан екі қайғылы оқиға тіркелген. Оның бірі Алматы облысындағы Қызылағашта, екіншісі Қарағанды облысындағы Көкпектіде орын алған.
«Еліміздегі адам өміріне, тіршілігіне қауіп төндіретін су қоймаларының барлығы да толықтай зерттелген. Оларды тәуекелдеріне қарай үш санатқа бөліп қарастыру керек. Бірінші санатқа ең қауіпті су нысандары жатады. Біз дәл осы санатқа жататын нысандардың барлығын зерделеп, не істеу қажеттігін айқындадық және жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл санаттағы барлық су қоймаларын 2020 жылдың соңына дейін толықтай жөндеуден өткіземіз. Ол мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал екінші санаттағы қауіпті нысандарды 2025 жылға дейін, үшінші санаттағы нысандарды 2030 жылға дейін жөндейміз», — деді Ислам Әбіш.