«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, айтыскер ақын Сара Тоқтамысова «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болып, шығармашылығындағы жаңалықтарымен бөлісті, — деп жазады juldyz.kz.

-Сара ханым, шығармашылық жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз?

-Әлеуметтік желілер жақсы болды ғой. Әр өнер адамының немен айналысып жатқандығын біліп отырамыз. Қазіргі уақытта өзімнің сөзіме жазылған туындыларымды орындап жүрмін.  Осыдан 2-3 ай бұрын «Ақерке» деген әнім жарыққа шықты. Ал бүгін «Әкешім, анашым» атты әнімнің тұсауын кесейін деп отырмын.

— Болашақта бейнебаян да түсіретін шығарсыз?

-Қазір маған әлеуметтік желіде «Әншілікке бет бұрдыңыз ба?» деген сөздер көп жазады. Алайда, мақсат ол емес. Мені халық айтыскер ақын ретінде таниды ғой. Мен үшін бірінші орында айтыскер ақын болу. Мысалы, айтыста жүріп, басқа бір спорт саласына кеткен жоқпын. Айтысқа өз даусымызбен, қара домбырамызбен, ешкімнің сүймелдеуінсіз шығып жүргендіктен, ән айту жаныма жақын.

-Алдағы уақытта сізді айтыстан көретін шығармыз? 

-Негізінде айтыстан тысқары қалып жатқаным жоқ. Алайда шыққан айтыстарымызды эфирге шығармай жатыр. Мысалы, Қызылордада тәуелсіздік күніне орай өткізілген айтысқа шықтым. Бірақ көрерменге жетпеді.

Пікір қосу