Досымжан Таңатаров алғаш рет өзінің ұл-қызының немен айналысатынын айтып берді. Әншінің балалары өнерге жақын болғанымен, басқа саланы таңдауды жөн көрген екен. Мұнымен қатар, ол соңғы жаңалықтарын бөлісті. Бұл туралы “Таңшолпан” бағдарламасында айтылды.

– Соңғы кезде немен айналысып жүрсіз?

– Президент оркестріне келуіме себепші болған адамдардың бірі – Бекболат Тілеухан. 2000 жылы Астанаға келгелі бір шығармашылық бірлестікте жүрміз. Өйткені сол уақыттан бастап біздің басшымыз болды. Ағаның шыққан өлеңдеріне куәгерміз. Барлығын болмаса да, әндерінің 60-70 пайызын сахнада айттық. Жалпы патриоттық әндердің сазгері ретінде, рухани бағытқа қимыл-әрекетімен тәрбиелеп жүрген жанның бірі ғой. Сол себепті Алматыдағы, Астанадағы кештерінде әнімізді айтып, бірге болдық. Аллаға шүкір, Астана Алматымен теңесетіндей жағдайға келді. Бар өнерпаз осында жүр. Достығымыз үзілмеген Бауыржан Есебаев, Бағлан Омаров сынды сазгерлеріміз бар. Қазақта “Көзден кетсе, көңілден алыстайды” деген сөз бар ғой.  Біраз өлеңдер де жазылып жатыр. Жуырда Есенқұл Жақыпбек ағамыздың кеші өтеді. Соған қатысамын. Жұмыс қарқынды жүріп тұр. Қазір нағыз өнермен айналысатын уақыт.

– Үйде өсіп келе жатқан балаларыңыз өнерге жақын ба?

– Алма ағаштан алысқа құламайтыны белгілі ғой. Қақпалап, оларды өнерден алыс деп айта алмаймын. Өйткені күнделікті үйдегі іс-шарамыз сол болғандықтан, қызым да, ұлым да қара жаяу емес. Бірақ арнайы музыкалық білім алып, өнер саласына келіп түскен жоқ. Қызым үлкейіп қалды. Қазір бірінші курста география саласы бойынша білім алып жатыр. Түрлі ғылыми жобамен айналысып жүр. Жігіт жеті өнерлі болуы керек демекші, ұлым домбырада ойнайды. Барлығын қамтығанымен, спортқа бейім. Әу деп өлеңін айтқанымен, бір иығын спортқа беріп тұрады. Шаралардың бас-аяғында жүреді.

Менің бір ғана тілегім бар – елдің амандығы мен тыныштығы. Осы ел бейбіт өмір сүргенде ғана ән мен күй орындалады.

 

Дереккөз  Stan.kz

Пікір қосу