Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико ханымға махаббаты ерекше.
Өнерде жүрген Ескендір аға ғашығын 1970 жылы Қарағанды облысына концерт беруге барған кезінде жолықтырған. Бұл туралы композитор: «Менің 1970 жылдары республикалық комсомол комитетінің жолдамасымен Қарағанды қаласына қызметке барғаным бар. Бұл – менің Қарағандыға алғаш баруым. Сол жылы кеншілер қаласында «Гәкку» деген ансамбльді ұйымдастырдым. Бірде үстімде ақ костюмім бар, әндетіп тұрғанмын. Залға көз жүгіртсем, кілең орыс ұлтының өкілдері. Содан олардың арасында «қазақ ұлтының өкілдері жоқ па?» деген сыңаймен залды барладым. Сөйтсем, тура сахнаның алдында көзі тостағандай қазақтың бір қызы отыр екен. Денемнен құдды бір электр тоғы жүріп өткендей болды, әлгі қыздың сұлулығынан. Өйткені бұл менің сүр бойдақ кезім болатын (күледі…). Ол кезде концертті ұйымдастыратын адамды «бригадир» деп атайды. Сол бригадир жігітті шақырып алып: «бауырым, анау көрерменнің арасында, сахнаның тура алдында бота көз бір қыз отыр. Менің сол қызбен танысқым келеді» дедім. Ол да бір пысықай жігіт екен. Бұйымтайымды екі етпей орындайтынын айтты. Содан бір кезде «сіз сұраған қыз Қарағанды облысына ғана емес, республикаға танымал сыйлы да құрметті Әшляевтар әулетінің үлкен қызы, есімі Дарико екен» деген ақпарды маған желдей есіп жеткізді. Жүрек шіркін қойсын ба, танысып-біліскенше алқынып-жұлқынып барады. Содан сол күні әлгі қызбен танысудың реті келді. Сөйтсем, Дарико Мәскеудің медицина институында оқиды екен. Ол өзінің жақында Мәскеуге сабаққа аттанатынын айтып қалды. Ақыры ол Мәскеуге, мен Алматыға оралдым. Кім біледі,.. егер менің Алматыдағы Урология институтын басқаратын досым болмағанда, Дарико жеңгең маған бұйырар ма еді, бұйырмас па еді? Бір күні әлгі досыма бара қалсам, әңгіме арасында Мәскеуден бір студент қыздың Урология институтына тәжірибе өткізуге келгенін айтып қалғаны. Сипаттауына қарасам, құдды Дариконың өзі сияқты. Мұны естіген жүрек шіркінде маза болсын ба, тәйірі?! Алабұртып тыным таппады. Ақыры мен досыма әлгі студент қызды көргім келетінін, оны танитынымды айттым… Бір кезде аузын ақ дәкемен тұмшалаған бір қыз келді, директордың қабылдау бөлмесіне. Менің екі көзім әлгі қызда. Дауысы баяғы қызға ұқсайтын сияқты. Бірақ өзіме-өзім сенбей тұрмын. Содан көз жеткізу үшін «қарындас, мына дәкеңізді алыңызшы», – дедім ұят атаулыны жинап қойып. Маған кездескеніне ол да қуанды ма, қайдам, (әйтеуір менің жүрегім солай деп соғып тұр…) әлде, көңілімді қалдырғысы келмеді ме, бір кезде аузын көмкерген дәкені шешіп алды. Осылайша, студент қыздың баяғы Дарико екеніне көзім жетті. Сөйтіп, менің Дарикоға деген махаббатым артқан үстіне арта түсті. Міне, мен Дарико жеңгеңмен осылай танысып, үзіліп қала жаздаған махаббат жібін қайта жалғадым», — деп «Айқын»газетіне берген сұхбатында еске алады.
Шындығында, «Әдемі-ау» әнінен бастау алған махаббаттың жалғасын «Ескірмеген махаббат», «Айналайын», «Алғашқы танго», т.б деген әндер қатары толықтырып, бүгінде Ескендір ағамыз бен Дарико жеңгеміздің махаббаты өскелең ұрпаққа өнеге.