Театрдан кетуіме тура келді
– 1993-2006 жж. М.Әуезов театрында еңбек еткен Б.Әбділманов араға он жыл салып қарашаңырақтың киелі сахнасына қайта оралды. Сағыныштың салқынын салған он жылдан кейін қара шаңыраққа оралу қаншалықты қиын болды?
– Театрдан кеткеніммен алысқа кеткен жоқпын ғой. Осы саланың маңайында, кино саласында жүрдім. Кезінде уақыттың тығыздығынан, киноға көптеген ұсыныстардың түсуімен екі жақты бірдей алып жүру қиын болғандықтан театрдан кетуіме тура келген болатын. Бірақ театрда жұмыс істеп жүрмесем де театрдың тыныс-тіршілігін, көрермен ретінде спектакльдерін көріп жүрдім. Шыны керек, театр жетіспей, жетімсіреген кездерім болды. Бірақ 10 жылдық үзілісті байқағаным жоқ.
Актер деген бала секілді. Маңдайыңнан кім сыйпаса, сол сенің жақының болады. Шынын айтқанда театрдың басшысы Ерлан мырзаның арнайы маған хабарласып: «Болат аға, сіз кезінде маған «театрға сен басшы болғанда келемін» деп айтып едіңіз. Міне, мен басшы болдым. Енді уәдеңізде тұрыңыз. Келіңіз», — деп ұсыныс жасаған бір ауыз жылы сөзі жүрегімді жібітті. Ерлан мырзаға менен кіші бола тұра үлкен азамат, ағам ретінде жасаған қадамы үшін алғысымды білдіремін. Театрды сағындым. Театр маған жетіспеді. Ал осы орынды толықтырған, маған осындай мүмкіндік берген Ерлан Біләл. Қазіргі күні театрдың жұмысына сіңісіп кеттім. Театрға келіп, бұрынғы ұжыммен қайта қауышып, жұмыс барысымен танысып, «Ақтастағы Ахико» қойылымында Сәкен Сейфулиннің әкесі Сейфолланың, жуырда тұсаукесері өткен «Бақыт кілті» спектаклінде кәсіпкердің әкесін, «Қыз Жібек» музыкалық спектаклінде Базарбайдың әкесінің рөлін сомдап жатырмын.
Продюсер атын жамылып алған продюсер сымақтар көбейіп кетті
– «Киноны кездейсоқ адамдар басып кетті» деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Мұндай пікірдің қалыптасуына не себеп? Жас актерлердің қандай кемшін тұстарына қынжыласыз?
– Сериал киноға қарағанда күрделі, әрі қиын. Ол жерде сала құлаш сөз сөйлейсің. Бәрін өзің жасауыңа тура келеді. Ал кинода дубляж жасап басқа біреуді сөйлете салуға да болады. Бүгінгі күні кино мен сериал саласында продюсер атын жамылып алған продюсер сымақтар көбейіп кетті. Олардың басым бөлігі өнерге қатысы жоқ, тек ақшаны алып, санауды білетіндер ғана. Яғни, жоғары жақтан тапсырысқа берілген ақшаны киноны түсірмей жатып қалталарына басуға тырысады. Мысалы, шетелде қалай? Шетелде продюсерлер ақшаның бір тиынына дейін киноға жұмсайды, жетпесе үстіне ақша қосып үлкен дүние жасап шығарады. Содан кейін кинодан түскен қаржыны пайда көзіне асырады. Ал бізде продюсер сымақтар ақшаны жоғары жақтан алып, өз мүддесіне жаратып қою мүмкін. Өзіңізде білесіз әр актердың түсірілім алаңындағы уақыты белгілі бір қаламақыдан тұрады. Сосын продюсерлер не істейді? Кәсіби актерларды шақыруға ақшалары жетпей, көшедегі танысы мен туысын шақырады. Ал көшедегі адам киноға түскеніне мәз болып, бір тиын алмайды. Салдарынан бәрі жасанды. Содан халық: «орыстардың киносы мен сериалдары қандай! Біздің қазақтың сериалдарына қарасаң жүрегің айниды», — дейді. Әрине, жасандылық жүректі айнытады. Міне, осындай жалған продюсер сымақтар көшеден жылтырақтарды жинап алып, олардан жасанды жұлдыз шығарады. Ал олардың тіпті кәсіби актерларға ескерту айтатындарына не дерсің?! «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Әркім өз ісімен айналысуы керек.
Өнер еріккеннің ермегі емес. Қазір көбі сұлулыққа қарайды. Әдемілік ол бір қарағанда ғана әдемі. Осыны ұмытпау қажет. Екінің бірі киноға түсіп, жұлдыз болғысы келеді. Әрине, олардың ішінде таланттар бар. Бірақ өте сирек. Продюсер сымақтар көбіне «өнерді өмірдегідей түсіреміз» дейді. Өмір – деректі, өнер – көркем дүние. Оның арғы жағында астары болуы керек. Өмірдегіні баз қалпында түсіру өнер емес. Мысалы, бір кинода адамның дәретханаға кіргенін түсіріп, оның ішіндегі барлық тірлікті көрсетсе өнер деп ойлап, өмірді шынайы көрсеттік дейді. Негізі сен ол жақтан шыққаннан кейін шалбарыңды бір көтерсең болды. Көрерменге сенің не істеп шыққаның түсінікті. Осындай өнер мен өмірді шатастыратын продюсер мен режиссер сымақтар көбейіп кетті. Бұл тегі жақсылыққа апармайды.
Театр мен кино егіз өнер. Дегенмен әрқайсысының өзіне тән тәсілі бар. Қазір жастар екі-үш киноға түсіп, өзін жұлдыз сезінеді. Әлі күнге бір киноға түсіп алып, соның ішінен шыға алмай жүргендер де бар. Сондықтан кино жұлдызы мен театр жұлдызы болу екі бөлек дүние. Қонған бақты бағалау адамның сана-сезіміне байланысты.
Актерды жоқ қылғың келсе, мақтай бер
– Актердің өлген жері қай жер дер едіңіз?
– «Актерды жоқ қылғың келсе, мақтай бер» деген сөз бар. «Мен бұрын бұл рөлді ойнап тастағанмын, қатырғанмын» деп айтқан актер тоқтаған актер. Актер өзіне өткен өмірімен емес, «болашақта не істеймін? қазір не істеп жүрмін?» деген сын көзбен қарау керек. Менің өзім актер ретінде болмысымды жоғалтпағанымды дәлелдеу үшін театрдағы жұмысымды нөлден, кішкене эпизодтардан бастап жатырмын. Бұрын ойнаған рөлдерім ол бұрын өтті, кетті.
Театр – үлкен сахна. Бұл жерде бәрін басынан бастайсың. Жалпы, Әуезов театрында кез келген актерлер ойнай алмайды. Ал бұл сахнада ойнап үйренген актер еліміздің қай өңірінде болсын өнер көрсете алады. Себебі бұл үлкен, киелі сахна. Мұнда Ноғайбаевтар, Жантөриндер, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаевтар салған үлкен мектеп бар. М.Әуезов театрына кіре алмай, сахнасында бір ойнасам ғой деп армандап жүрген қаншама актерлар бар. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істейтін ұлы актриса Гүлжамал Қазақбаева кезінде облыстық театрларда басты рөлдерді ойнап, Алматыға шақырту алған кезде М.Әуезов театрына келіп тұрып, театрдың есігіне баруға батылы жетпей «Жоқ, бұл жерге мен лайықты емеспін. Бұл жерде ұлы тұлғалар істеуі керек. Бұл менің орным емес» деп жастар театрына барыпты. Міне, өнерге деген құрмет осындай болуы қажет.
16 жыл пәтер жалдап тұрдым
– Аға, шыныңызды айтыңызшы, өзіңіздің актерлікті таңдағаныңызға өкінетін кездеріңіз бола ма?
– Мен ешуақытта актер болғаныма өкінген емеспін. Жас кезде көптеген маман иесі болғың келеді. Ұшқыш та, спортшы да, әкім де, мұғалім де, дәрігер де т.б. Бірақ сен біреуін ғана таңдайсың. Ал актер болғанда осы мамандықтың бәрін ойнайсың. Бүкіл жүрегіңді жалаңаштап, әр образға дайындаласың. Менің түсінігімде актерлық мамандық – мамандықтың төресі.
16 жыл пәтер жалдап тұрдым. Жертөледен бастап тұрмаған жерім жоқ. Бірақ қанша қиналып жүрсем де «неге актер болдым? Кезінде зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа жібергенде мал маманы болмадым ба?» деп өкінген емеспін. Өйткені сахнаға, көрерменнің алдына шыққанда бәрін ұмытасың. Олардың көздері жасаурап, бет-жүздері сенің рөліңнен рухани азық алып, өнеріңе ризашылықтарын білдіріп қол соққанда актер үшін одан артық ләззат жоқ. Сол кезде «қалтамда көк тиын болмаса да, 16 жыл үйсіз-күйсіз қаңғып жүрсемде, мен қазір сахнада тұрмын» деп мақтанасың. Егер өмірге қайта келсем тағы да актер мамандығын таңдар едім.
Мінезді адамнан ғана үлкен өнер иесі туады. Сондықтан актер мінезді, ішкі жан-дүниесі таза болуы қажет. Адамның жүрегі бір жапырақ ет. Сол ет әрдайым таза болып тұруы керек. Бұл туралы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов «Жүрегі қатыгез адамның сахнаға шығуға хақысы жоқ» деп айтқан. Кино саласында жүрген уақытта жылына 3-4 рет, яғни 10 жылдың ішінде 30-дан аса киноға түстім. «Жерұйық» фильмінде маған арнап сценарий жазды. Жақсыны да, жаманды да сомдап, үлкенді — кішілі біраз рөлдерде ойнадым. Үкіметтен де марапаттар алдым. Жағдайымды да жасадым. Қыдыруға да, ауылға барып келуге де уақытым болды. Міне, осылардың барлығын таразының бір басына қойып, екінші басына сахнаның дәл ортасында 800 көрерменге қарап тұрып, олардың жүрек дүрсілін естіп, бар жан-тәніңмен көрерменді сезініп, ортақ байланыс орнатқан кезде ол тарзының екінші басын басып кетеді. Сондықтан театрды бекзат өнер дейді.
– Шығармашылығыңыздан жеке өміріңізге ойыссақ. Қарап отырсам отбасыңыз бен балаларың туралы айта бермейді екенсіз…
– Актерға үйленген әйел адамы бір бомбаның үстінде отырған сияқты. Өйткені өнер адамының жұмыстарына түсіністікпен қараған дұрыс. Актерға тұрмысқа шыққан әйел «бұл кісінің биігі менің биігім» деп күйеуінің жағдайын жасау керек. Сонда халқының жағдайын жасайды. Ал күнде «сен актриса қызға махаббатыңды беріп қойған сияқтысың», «сен оның қолынан ұстадың» деп әйелдік әлсіздікке салынып, айғай-шу шығара берсе актердің болашағын байлайды. Ер азаматқа карьерасын жасау үшін, өмірде өз биігіне шығу үшін еркіндік керек. Өз басым жарыма ризамын. Гастролде жүрсем де, түсірілімге кетсем де менің жоқтығымды білдірмей балаларды бағып, үйдің жылуын келтіріп отырады. Жақында жолдасым: «Бұрын сенің қойылымдарыңды көре алмайтынмын. Балалар кішкентай болды. Қазір бәрі есейді. Енді менің көруіме болады ғой», — деп айтып қалды. Құдай қаласа қойылымдарыма келіп, өнерімді тамашалар. Шыны керек әйелім өнерден кенде емес. Домбырамен де, эстрадамен де ән айтады. Бірақ «мен неге сахнаға шықпадым» деп айтпай, жұмыс дегеннің бәрін жиып қойып, отбасының ұйытқысы болып отыр.
Бес баланың әкесімін. Қыздарым тұрмысқа шығып кетті. Үлкен ұлымның актер болғанын қаламасамда, балам өнер жолын таңдады. Бала күнінен «Аңшы бала» т.с.с киноларға түсе бастады. Балалық әуестік шығар, «сен өскенде дәрігер боласың» деп анасы екеуміз күнде құлағына құятынбыз. «Иә» деп жүрген бала еді, бірақ мамандық таңдайтын кезде «мен актер боламын. Басқа мамандық керек емес» деді.
Қарап отырсам өнерде жүрген әріптестерімнің бәрінің балалары: Ерік Жолжақсыновтың баласы үлкен жоғары оқуын бітіріп, Данагүл Темірсұлтанованың қызы басқа салада оқып жүріп, Бекжан Тұрыстың баласы үлкен университетті қызыл дипломмен бітіріп, қайтадан өнер академиясына яғни, өнерге қайта келді. Орыстардың актерлерінде де осындай династия бар. Олар балалары жолдарын қуып жатса қуанады. Ал біз өнерді қиын көргеннен соң балаларымызды жолатқымыз келмейді. Бірақ өнер ештеңеге бағынбайды. Мысалы, балам да 7 жыл мед.институтты оқып, кейін дәрігер болмаймын десе қанша уақыты бос кеткен болар еді. Сосын балама «Балам, сен оқуға барғанда менің балам екеніңді ешуақытта айтпа (тегі әкемнің тегінде). Екіншіден, мен сені дайындамаймын. Егер шынымен талантты болсаң өздері-ақ сені оқуға қабылдайды. Үшіншіден, өнер жолында қандай қиындыққа тап болсаң да маған көзіңнің жасын көрсетіп келмейсің. Және ешуақытта саған қолдау көрсетіп, алға қарай жетектемеймін. Талантты болсаң міндетті түрде бір жерден шығасың» дедім. Осылайша ұлым өнер академиясына барып, емтиханнан жоғары балл алып, қазіргі күні Ерлан Біләловтың шеберханасында тәлім алып жатыр.
– Сөз соңында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай не айтар едіңіз?
– Тәуелсіздік үлкен ұғым. Ең бастысы біз рухани тәуелсізбіз. Тарихи фильмдеріміздің жарыққа шығуы, спектакльдердің сахналануы, бұрын атын атауға тиым салған ата-бабаларымызбен үндесуіміз барлығы тәуелсіздіктің берген үлкен сыйы. Ата-бабамыз тәуелсіздік жолында құрбан болды. Еліміздің, жеріміздің тәуелсіз болуын армандады. Сол арманға жетіп отырған біз бақыттты ұрпақпыз. Сондықтан тәуелсіздікті алу бар, ал оны ұстап тұру тіптен қиын. Бүгінде қазақтың жеріне, қазақтың байлығына қызықпайтын мемлекет жоқ. Сол себепті бөлініп, рушылдық пен жершілдікке бармау керек. Трайбализмнен аулақ болайық.
Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы