– Гүлнәр апай, соңғы кездері сахнадан сирек көрінетін болдыңыз. Не себепті?
– Оның себебі көп. Бұрын әншілер аз болатын. Қазақ радио-телевидениесінің эстрадалық-симфониялық оркестрінде небары 5-6-ақ әнші болатын. Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова, Лаки Кесоглу сынды майталман әншілердің ізін қуып, мен де өнер жолына түскенмін. Ал бүгінде әншінің бәрі біздің елде десем, артық айтқаным емес. Сахнадан сирек көрінуімнің бір себебі де осы. Баяғыда “Тамаша” ойын-сауық кешіне қатысқан әнші ғана “жұлдыз” болып саналатын. Қазір Респуб­лика сарайында концерт күн құрғатпай өтетін болды. Соның бәріне жастармен таласып-тармасып қатысып, халықты жалықтырып алғым келмейді. Сахнаға тыңдармандарымды сағындырып шыққанды жақсы көремін.
– Яғни шақыртулардан бас тартып тұратын кездеріңіз бола ма?
– Иә. Бұл менің ұстанымым десем де болады.
– Әншілердің көптігі отандық шоу-бизнестің дамуы үшін пайдалы ма, әлде зиянды ма?
– Пайдасы да бар, зияны да бар. Елімізде әншінің көптігі – “әу демейтін қазақ жоқ” деген сөздің дәлелі іспетті. Өкініштісі – ән айтуды ермек еткендер нағыз таланттармен бір сахнада ән айтып, өнердің құнын түсіреді. Оларға айып та таға алмаймыз. Мүмкін араларында әнші болуды бала күнінен арман еткендері бар шығар. Дегенмен қазіргі жас әншілердің көпшілігі жағымды әндерімен, сахналық киімдерімен көзді де, көңілді де қуантады. Жас та болса қазақ эстрадасынан өз орындарын ойып алып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүргендері баршылық. Олар – Медеу Арынбаев, Алтынай Жорабаева, сахнадан көрінбей кеткен Гауһар Қаспақова. Өзім қашанда Гауһарды іздеп, елеңдеп отырамын.
– Бір басылымға берген сұхбатыңызда “Қазір концерт ұйымдастырушылар аға буын әншілерді шақырмайтын болды” деп өкпеңізді айтқан екенсіз…
– “Адамның өзі қартайса да, көңілі қартаймайды” деген сөздің неге айтылғанын енді түсініп жүрмін. Алайда өзімді сахнадан кететін жасқа жеттім деп ойламаймын, керісінше, нағыз өнерімді паш етер шағым туды деп есептеймін. Көңіл күйім болмай жүрген кезде өкпемді айтсам айтып қалған шығармын. Өз басым Майра Ілиясованың бәріміздің басымызды қосып, концерттеріне шақырып жүргеніне зор алғысымды білдіремін.

– Енді бір сөзіңізде “20-25 жыл жұмыс істеген “Гүлдерден” кету оңай болған жоқ. Жаным нәзік екен” депсіз. Бүгінде көңіл күйіңіз орнына түсті ме?
– Өзіме-өзім күш беріп жүргеніммен, әлі күнге дейін жүрегім ауырады. Мен үшін “Гүлдердің” орны бөлек. “Гүлдер” арқылы қанатымды қатайттым, өнерімді шыңдадым. Кеңес заманында ансамбль “жас­тар шеберханасы” секілді еді. Қазақтың талай өнер жұлдыздары “Гүлдерден” түлеп ұшты, “Гүлдерде” жүргенде алыс, жақын шетелдердегі байқауларға қатысып, аттары елге танылды. Ансамбль директоры болған Ақжол Мейірбековпен де, Қыдырәлі Болмановпен де бірге жұмыс істедім. Несін жасырайын, 20-25 жыл тапжылмай еңбек еткен мәдениет ордасынан кету оңай болмады. Бірақ кетпеске амал қалмады. Себебі “Гүлдер” мен “Қазақконцерт” бірлестігін қосып, акционерлік қоғамға айналдырды. Бұрын ансамбль Мәдениет министрлігіне қараушы еді. Жеке меншікке өткен соң жаңа басшылар әншілерді шетінен тырқыратып қуды. Бір жағынан маған олардың әншілерге қойған талаптары да ұнамады. Жалғыз мен емес, біраз әнші кетіп қалды. Қазір 98 па­йыз әнші өз күндерін өздері көріп, жұмыссыз бос жүр деуге болады. Қысқасы, уақытша боспын.
– Еш жерде жұмыс істемесеңіз, қаражат көзін қайдан табасыз? Әлде бизнеспен айналысасыз ба?
– Менің қолымнан бизнеспен айналысу келмейді. Өйткені аңғалмын, сенгішпін. Мені кез келген адам оп-оңай алдап кетеді (күлді). Бірақ “Жұмыс жоқ” деп үйде қарап отырмаймын. Ел ішіне гастрольдік сапарға шығып, жеке концерттерімді өткіземін. Бір жыл бұрын Қытайдың барлық қаласын аралап шықтым. Арасында той-томалаққа барып тұрамын. Халқымыз аман болса, біздің де жағдайымыз жаман болмас.
– Ойыңызды бүкпесіз айтып салады екенсіз, Осы қасиетіңізбен өмірде және өнерде не ұттыңыз, неден ұтылдыңыз?
– Орынды сұрақ. Өмірлік тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, қазіргі заманда барынша сақ болған жөн. Сұхбатты оқыған жұрт “Біз жақсы көретін әншілердің жағдайы сондай екен” деп көңілдерін түсірмесін. “Әнімізді тыңдап, әдемі қалпымызды көріп, қуанып жүре берсе екен” деймін. Ұтып та, ұтылып та жүрмін. Ол жайлы ашып айтпай-ақ қояйын. Менің өмірімде бәрі де жақсы, бәрі де тамаша!
– Жеке өміріңіз жайлы не айтасыз?
– Жеке концертімде “Екі анадан 15 баламыз” дегенімде көрермендер залынан бір апа “Он бес балалы отбасынан шығыпсың, бірақ неге өзің бір балалысың?” деп айғай салып, ұялтқан еді. Тағдырдың жазуы шығар, Байыр деген бір ұлым бар. Бүгінде жасы 20-да. Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университеттің 3-курс студенті. Болашақ мамандығы – экономист. Жұбайым екеуміздің дәм-тұзымыз жараспай, ұлым 3 жасқа толғанда ажырасып кеткенбіз. Бірақ әлі күнге дейін дос ретінде жақсы араласып тұрамыз.
– Жалғыз өзіңізге ұлыңызды тәрбиелеу қиынға соққан жоқ па?
– Қиындықтар болмай тұрмай­ды. Гастрольдік сапарлар­ға кет­­­­ке­німде сіңлілерім қолғанатым бола біл­ді. Әсіресе, ұлымның екінші анасындай болған Мәдина деген сіңліме ерекше рақметімді айтамын.
– Ұлыңыз сізбен жиі сырласа ма?

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№№11 (52) Маусым 2009 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу