БОЛАШАҚТА БАПКЕР БОЛСАМ ДЕП АРМАНДАЙМЫН
– Айза, жазғы демалысың қалай өтіп жатыр?
– Керемет! Қазір ата-анаммен Алакөлдемін.
– Ендеше, маған ата-анаң туралы айтып бересің бе?
– Әркімге өз ата-анасы ыстық қой. Менің де ата-анам – алтын адамдар. Әкем Евфрат Бағдатұлы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, доцент. Ал анам Юлия Анатольевна – ҚазТАГ-та редактор.
– Анаңның ұлты орыс екен ғой?
– Иә, әкем – қазақ, анам – орыс. Екеуі Санкт-Петербургте оқып жүргенде танысыпты. Сондай-ақ Анель есімді аяулы әпкем бар. Отбасылы, қазір Астанада тұрады. Ал мен екі жылдан кейін мектеп бітіремін.
– Спортпен айналысып жүрген қаншама ұл-қыздармен сұхбаттастым. Бірақ барлығы орыстілді. Ал сен анаң орыс бола тұра, қазақ тілінде жақсы сөйлейді екенсің. Қазақ мектебінде оқисың ба?
– Иә, 1-сыныптан бастап қазақ мектебінде оқимын. Тіпті бала кезімде қазақ балабақшасына барғанмын.
– Қазақша білім алғаныңа анаң қарсы болмады ма?
– Неге қарсы болады? Анам біздің қазақша білім алғанымызға, қазақша сөйлейтінімізге ешқашан қарсы болған емес.
– Отбасында қай тілде сөйлесесіңдер?
– Әкеммен қазақша, ал анаммен орысша сөйлесемін. Анам қазақ тілін жақсы түсінеді. Сондай-ақ біздің отбасымыз француз тілін жақсы меңгерген. Кейде әкемнің неміс тілінде де сөйлеп кететіні бар (күлді).
– Мектеп бітіруіңе де аз қалыпты. Болашақ мамандығыңды таңдадың ба? Саған қай мамандық ұнайды?
– Болашақта бапкер болсам деп армандаймын.
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Жылы: Қоян
Жұлдызы: Балықтар
Сүйікті ісі: коньки тебу
Сүйікті пәні: ағылшын тілі, анатомия, астрономия
Спортшысы: Каролина Костнер
Жазушысы: Сомерсет Моэм
Тағамы: жеміс салаты
Өмірлік ұстанымы: Қандай істі бастасаң да тәуекелшіл болу
– Қызық екен, сен қанша дегенмен қыз баласың ғой. Ата-анаң бұл таңдауыңа қарсы емес пе?
– Жоқ, қарсы емес. Керісінше, олар менің таңдауымды қолдайды. Егер қарсы болатын болса, о баста-ақ спортқа қатыстырмас еді.
– Спортпен айналысуыңа да ата-анаң ықпал етті ме? Әлде өзіңнің қалауың ба?
– Менің спортпен айналысуыма әкем себепкер болды. Мәнерлеп сырғанау спортын ұнатса керек, төрт жасымда Балуан Шолақ спорт кешеніне алып келіпті. Міне, содан бастап қаланың мұз айдындарында өз бетіммен жаттыға бастадым. Ал он жасқа келгенімде аты баршамызға мәлім «Қиял» спорт клубына бардым. Содан бері осында дайындаламын. Биыл спортпен айналысқаныма он бір жыл толды. Осы он бір жылдың ішінде көп нәрсе үйрендім. Тіпті қазір спортсыз өмірімді елестете алмаймын.
– Жарақат алғанда немесе жеңілген сәттерде спортты тастап кеткің келмей ме?
– Жаттығу барысында жарақат алып қалатын сәттер жиі болады. Тіпті үнемі денем көгеріп, жарақатпен жүремін десем де болады. Бірақ соған қарамастан спортты тастау туралы ой менде ешқашан болған емес. Жарыс болғаннан кейін жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді ғой. Жеңіске жете алмай қалған сәттерде «келер жолы қайтсем де жеңіске жетемін!» деп өзіңді қамшылай түсесің. Оның үстіне әр жарысқа қатысқан сайын шыңдаласың. Ал ондай жағдайда спорттан кету туралы ой болмайтыны анық.
– Жаттықтырушың кім?
– Қазіргі бапкерім – Айгүл Қуанышева және Галина Маслюк.
– Ең алғаш жарысқа қатысқан сәтің есіңде ме?
– Әрине, есімде. Ең алғаш жас сырғанаушылардың арасында қалалық жарысқа қатысқанмын. Ол кезде бар-жоғы бес жасар кішкентай қыз едім. Қандай шара өтіп жатқанын да, жарыстың қаншалықты маңызды екенін де түсінбедім. Бірақ сол жарыста алғаш рет 1-орынды иелендім. Міне, сол кезден бастап спортпен тұрақты түрде айналысуға ден қоя бастадым.
– Словенияда өткен халықаралық турнирде Элизабет Тұрсынбаева 1-орын, ал сен 6-орынды иелендің. Кейде Элизабет секілді шетелде жаттықсам деген арман болмай ма?
– Элизабет екеуміз халықаралық турнирлерде жиі кездесеміз. Ол Мәскеуде тұрғанмен, Қазақстанның атынан жарыстарға қатысып, еліміздің намысын қорғап жүрген талантты қыз. Оған әрдайым сәттілік тілеймін. Екеуміз дос болғанымызбен, бір-бірімізге бәсекелеспіз (жымиды). Элизабет – мәскеулік мәнерлеп сырғанау мектебінің түлегі. Сол себептен де оның мүмкіндігі жоғары. Өкінішке орай, ол уақытта Алматыда Айгүл Қуанышева, Құралай Узурова сияқты бапкерлер көп болмаған еді. Конькимен мәнерлеп сырғанаудан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Кенжеш Сәрсекенова ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің сарапшысы болғалы елімізде мәнерлеп сырғанау өнері дами түсті. Түрлі шаралар ұйымдастырып, жас спортшыларға қолдау көрсетіп жүрген ол кісіге алғысымыз шексіз.
– 2010 жылы Тайландта өткен «Asian Junior – 2010» халықаралық кубогының жеңімпазы атандың. Сол кезде қандай сезімде болдың?
– Ол кездегі көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әсіресе ата-анамның қуанғанын көрсеңіз ғой.
– Айза, болашақта тағы қандай армандарың бар?
– 2017 жылы Алматыда қысқы универсиада өтеді. Соған қатысуға үміттеніп жүрмін. Сондай-ақ Олимпиадаға қатысуды да армандаймын.
Евфрат БАҒДАТҰЛЫ, Айзаның әкесі: Айзаның болашағынан үлкен үміт күтеміз
Айза кішкентай кезінде өте тынымсыз болатын. Әрі-бері айналып жүгіре беретін. Соны байқап, «осы қызды спортқа беру керек-ау» деп ойлайтынмын. Бір күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінің жанынан өтіп бара жатып, «мәнерлеп сырғанау мектебіне балаларды қабылдаймыз» деген жарнаманы көріп қалдым. Сосын көп ұзамай сол жерге қызымды алып бардым. Алғашқыда бапкері Матюх Елена қызымның мәнерлеп сырғанауды тез үйреніп кететініне сенбеді. Алайда ол мұз үстінде сырғанауды тез-ақ меңгеріп кетті. Оның үстіне ол образға еніп, жақсы билейтін.
Сондай-ақ Айза домбыра тартқанды да жақсы көреді. Оның Құрманғазының «Адай», Нұрғисаның «Ата толғау» күйлеріне қойған екі бағдарламасы бар. Сол бағдарламаларын, Біріккен Араб Әмірлігі, Франция, Тайвань, Люксембург, Мажарстан, Словенияда өткен халықаралық жарыстарға алып шықты.
Айза – өте еңбекқор қыз. Сондықтан болар, спортты тастап кеткен жоқ. Қайта біздің, бапкерінің үмітін ақтауға тырысты. Оның болашағынан үлкен үміт күтеміз.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№16 тамыз 2014 жылғы санында)