Режиссер Ақан Сатаев сақтардың көшбасшысы — Тұмар ханшайым туралы тарихи фильмді түсіруді жоспарлап жүр, деп хабарлайды juldyz.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
«Иә, дәл осы киноны түсіруге үлкен ниет бар. Біз әлемдік тарихты өзгерткен тұлғалар туралы тарихи фильмдерді түсіруіміз керек. Осыны тиісті деңгейде, халықаралық дәрежеде жасай алатын болсақ, халықтың көңілінен шығып қана қоймай, фильмге кеткен шығынды да толығымен ақтай аламыз. Ондай картиналарды Таяу Шығыс, Америка және тағы басқа елдерге халықаралық прокатқа шығаруға болады», — деді Сатаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бүгінде фильмнің синопсисі, яғни сценарийдің қысқартылған нұсқасы дайын. Қаржы мәселесі әлі шешілмеген. Дегенмен, режиссер түсіру жұмыстарын ағымдағы жылдан қалмай бастауға ниетті.