Алматыда нан бағасы қымбаттауы мүмкін. Мегаполисті негізгі азық-түлікпен қамтып отырған алпауыт компанияның бірі, «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты нанның бағасын 6 теңгеге өсіруді жоспарлап отыр, — деп хабарлайды 31 арна.
Осылайша қазір 69 теңгені құрап отырған әлеуметтік нан бағасы 75 теңгеге бір-ақ жетуі мүмкін. Комбинаттың сөзіне қарағанда, олар пайдаға кенелудің орнына шығынға батып жатыр екен. Өйткені осы күнге дейін сатып алып жүрген ұнның бағалары қымбаттап кеткен.
«2014 жылдың ақпан айынан бастап, әкімшілік дотацияланған ұн беретін бізге. Сондай ақ 1 сұрыпты ұн сатып алып, екеуін араластырып нан пісіретін едік. Ал қазір әкімшіліктен де көмек жоқ, ұнның бағасы да шарықтап кеткен. Енді нанды қымбаттату жөнінде депутаттарға ұсыныс жолдадық. Жауаптарын күтіп отырмыз», — дейді «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты ЖШС-нің бас директор орынбасары Раиса Цыганок.
Статистикаға сүйенсек 2010 жылы нанның бағасы 55 теңге болған. Ол кезде ұнның келісі 40 теңгені құрады. Ал қазір негізгі шикізаттың құны екі есе жоғарылап, 92 теңгеге бір-ақ жеткен. Компания басшылығы бағаны көтеруден басқа амалымыз жоқ дейді.