Алаштың аяулы азаматы, от ауызды, орақ тілді айтулы айтыскер ақын Оразалы Досбосынов қаза тапқанда күллі қазақтың қабырғасы қайысып, қалың қауым қара жамылды. Көзі тірісінде-ақ, Оразалы ел сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақтың айтыс өнерінің жарық жұлдызына айналған еді…

 

Туған жылы, жері, білімі

Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол ауданы) Тегістік ауылында туған.  Орта мектепті тәмәмдаған соң, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің филология факультетіне оқуға түседі.  Сұм ажал қазақ халқын Оразалыдай ұлынан 2004 жылдың 30 қазанында айырды. Жол апатына ұшыраған ол келмеске кетті. Артынан зар жылап Ажардай жары, өрімдей ұл-қызы, қалың елі қалған еді. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Тұздыбастау қорымында жерленген.

Отбасы

Оразалыдай ақынға жар болған, әнші Ажар Түзелбекқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Тасты ауылында туған. Жары Ажар Түзелбекқызы Ораздай ақынның жоғын жоқтатпай, шаңырағының түтінін түзу шығарған еді. Иісі қазақ Ажарды әншілігінен бұрын, дүлдүл ақынның жары ретінде кеңінен таныды.

1977 жылдың 29 қаңтарында Оңтүстік Қа­зақстан облысы, Созақ ауданын­дағы Тасты ауылында дүниеге келген әнші бала кезінен өнерге жақын болып өседі. Арман қуып Алматыға келіп, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан білім алады.

Өнерсүйер қауымды «Анаға хат», «Бақыттымын», «Сағындым сені» т.с.с. әсем әндермен қуантқан әнші араға жеті жыл салып, жолдасы Оразалы ақынның тағдырын қайталап, артынан қайтпас сапарға аттанып кетті. Әнші 2011 жылдың 14 мамырында көлік апатына ұшырап, жолда жантәсілім етті. Ажар Түзелбекқызы (1977-2011) Мәңгілік мекенге жамағат аяулы ұлын, ардақты қызын аттандырды.

Екеуі де ел еркесіне айналған жандар еді. Бірі өткір сөзге бай жырларымен айтыс өнерін айшықтаса, бірі қоңыр үнімен әндететін. Ақын Ораз дәлдік пен нақтылықты серік етіп, батылдық пен қарапайымдылықты қатар алып жүрген азамат болатын. Танымал өнер жұлдыздарының артынан Нұрайша есімді қызы мен Нұрсұлтан есімді ұлы қалды.

Оразалының құлағына қай періште сыбырлайтынын кім білсін, адам естімеген қайдағы оқыс та тапқыр теңеулер оның төкпе шумақтарының жалын күдірейтті, жонын биіктетті.

Жүрсін Ерман,  ақын, айтыс ұйымдастырушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

***

Оразалы – көненің көзі, асылдың сынығы, халық ауыз әдебиетінің алтын құймасы.

Қалихан Ысқақ,  жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Балалық шағы

Оразалы мектеп қабырғасында жүріп-ақ еркін шығармашылықпен айналысып, әртүрлі деңгейдегі айтыстардан көрініп, түрлі мәдени шараларға қатысып айрықша талантымен ерте көзге түсті. Үлкен өнер ордасында жүріп, Оразалы рес­пуб­ликалық айтыстарға қатысып, айтыс­сүйер қауымның жоғары бағасын алды. Біраз жыл Қазақ ұлттық универ­ситетінде мәдени-ағартушылық саласында еңбек ете жүріп, бірқатар ізбасар шәкірт­терін тәрбиеледі. Ешқан­дай ресми атақсыз-ақ аз уақыт ішінде ол халықтың ақынына айналды. Ірі айтыстарда талай рет топ жарған Оразалы көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өткен додаларда да орақ тілімен кесімді сөз айтып, қазақтың атын асқақтатты.

2002 жылы Дулат Бабатайұлының 200 жылдық мерей тойында республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылған. Сол кезде Оразалы Досбосынов Ринат Заитовпен айтысып еді. Сондағы Оразалының бір қайырымы:

 

Ей, Ринат тыңда сөзімді,

Қилы-қилы заман бар.

Заманды билер адамдар.

Бүгінгі мына заманда,

Жақсыдан туған жаман бар.

Жақсыларға бергісіз,

Адам айтса сенгісіз,

Асқан жаман адам бар.

Шетелге кетпес екен дейд

Мұнайы мен қазақтың

Алтын мен жез, күмісі,

Бидайы мен күріші,

Мысы менен мырышы,

Хромы мен құрышы,

Өзімізде қалса дұрысы,

Табиғи бүкіл қазбалар,

Дейді оған қандай амал бар.

Сондықтан да жемқорлар,

Осындай құшты адамдар,

Не айтқым келіп тұрғаны,

Халқым өзі бағамдар.

Бұл арманның иесі,

Еңбегі еш, тұзы сор,

Ауылда жатқан адамдар.

Біреуіңнің ағаң бар,

Біреуіңнің атаң бар,

Мен де соның бірімін.

Солар жайлы сөйлесем,

Дулат атамыз айтқандай,

Көзге қораш бойым бар,

Теңізден терең ойым бар,

Шынардан биік санам бар,

Атан өгіз де ағызар,

Ақылдан алпыс салам бар!

 

Пікір қосу