ҚР Ұлттық банкі бүгіннен бастап Н.Назарбаевтың портреті бар 10 мың теңгелік жаңа банкнотты айналымға шығарып отыр. Жаңа купюраның таралымы — 100 000 дана, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Банкноттың бет жағында «Қазақ елі» монументі мен Есік қорғанында табылған «Алтын адамның» бас киімі бейнеленген. Ал голографиялық таспада елорданың панорамасы, ҚР Тұңғыш Президентінің факсимилесі мен күннің суреті бар. Қазақстан картасының суреті қорғаныш элементі болып табылады. Купюраны ұстағанына қарай қорғаныш элементінің түсі өзгеріп тұрады. Картаның үстінде «Мәңгілік ел» деген жазу мен Іле Алатаудың пейзажы берілген.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті банкноттың келесі жағында бейнеленген. Портрет интаглио, яғни терең баспа әдісімен жасалған. Ондайда қолмен ұстағанда суреттің бедері сезіледі. Артқы фонда Астанадағы ғимараттар мен «Бәйтерек» монументі бар. Осы жердегі тағы бір қорғаныш элементі — қызғылт сары жіп. Оның да түсі өзгеріп тұрады. Жаңа купюраның көлемі — 149/79 миллиметр. Аталған банкнот бұған дейін шыққан ақшамен бірдей кез келген есеп-айырбастың құралы болып саналады.
Айта кетейік, қарашаның 15-і күні ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа 10 000 теңгелік банкнотты таныстырды.
«Бұл — жаңа тақырып емес. Нельсон Манделла, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчил және тағы басқа көшбасшылар өз елдерінің қазіргі валютасында бейнеленген. Сондықтан біз де Мемлекет басшысының еңбегін ескере отырып, оны портреті бейнеленген банкнотты шығаруды ұйғардық. Жаңа купюра желтоқсанның 1-і — Тұңғыш Президент күніне орай шектеулі таралыммен бастырылады», — деген болатын Д.Ақышев.