Сайлаухан АУХАДИЕВ — Өскемен қаласының тұрғыны, жеңімпаз.
– «АҢЫЗ АДАМ» журналынан хабарласып тұрмыз. Сайлаухан ата, жолыңыз болып, жылқы ұттыңыз.
– Айналайын, аузыңа май, сүйіншісі сенікі.
– Даусыңыздан байқадым, қатты қуанып тұрған секілдісіз?
– Рақмет балам, жақсы хабар жеткізіп, көңілімді көтеріп тастадыңдар. Өзім де аздап өлең шығарып, шағын прозалар жазам. Журналдарыңды жақсы көріп оқимын. Осы жақсы ниетіме орай жылқы бұйырған болар.
– Журналдарымызды қанша уақыттан бері оқып келесіз?
– Балам, мен көп жылдардан бері сендердің адал оқырмандарыңмын. Өзім кітапқұмар жанмын. Жинаған кітаптарым да көп. Екі журналдың соңғы жылдардағы тігіндісі кітапханамда сақтаулы тұр.
– Жасыңыз қаншаға келді?
– Бұйырса, жақында 77 жасқа толам. Құдайға күшір, бала-шағаның қызығын көріп, немере-шөбере сүйіп отырмын. «Жасым келді» деп үйде жатқаным жоқ. Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасымын.
– Сіз үшін журналдың басты ерекшелігі қайсы?
– «АҢЫЗ АДАМ» журналын оқысаң, рахаттанасың. Кезінде қаншама тарихымыз бұрмаланды, қаншама дүниелеріміз өтірік жазылды. «АҢЫЗ АДАМ» журналы осының бәрін қайта жаңғыртып, дұрыстап жазып, ақиқатын айтады.
– Ұтыстың әділ өтетініне бұрыннан сенетін бе едіңіз, әлде осы жолы көзіңіз жетті ме?
– Ұтыстарыңызға ешқандай күмәнім жоқ. Жыл сайын кімдердің ұтқанын, қайда тұратынына дейін журналдарыңызға жазып жүрдіңіздер. Қай жағынан алып қарасақ та, екі журналға кір келтіруге болмайды. Үлкен адамгершіліктің, тәлім-тәрбиенің ошағысыздар. «Ұлтым, отаным» деген азаматтар әр санын қалдырмай оқуға тұрарлық қазіргі кездегі құнды журнал. Бұрынғы уақытта «Парасат», «Жұлдыз» журналдарын оқитынбыз. Қазір «Жұлдыздар отбасы», «АҢЫЗ АДАМ» журналын оқып, рухани байлық жинап отырамыз.