Олимпиада ойындарының жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Тұрлыханов пен Niney One өкілдері желіде тараған аудиожазбаға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Қазір топтың продюсерінің айналасында болып жатқан оқиғаның барлығы — қастық әрекеттер. Оны кімнің жасап жатқанын біз әзірше білмейміз. Ең қызығы Ерболат Беделханның даусын шебер салыпты, тіпті біздің өзіміз өз құлағымызға сене алмадық. Соңғы уақытта біздің айналамызда шу шығып жатқаны ешкімге де жасырын емес. Біз барлығына да түсініп қараймыз», — дейді топтың продюсерлігімен айналысатын Juz Media компаниясының өкілдері.
Өз кезегінде Дәулет Тұрлыханов та Instagram желісінде бұл аудиожазбадағы дауыстың өзіне тиесілі емес екенін айтты. «Құрметті оқырмандар! Мен Ninety One тобына ешқандай да сөгіс айтқаным жоқ, топ продюсері Ерболат Беделхан екеуміздің арамызда ешқандай да əңгіме болған емес», — деп мәлімдеді Дәулет Тұрлыханов.
Сондай-ақ, Ninety One тобы «топ тарайды деген қауесет қана» деп жауап берді.
«Барлық жетістікке еңбекпен, қажыр-қайратымызбен жеттік. Қазір де қажыр-қайратымыз бар. Үндемесек, бұл сахнадан кетуімізді білдірмейді. Біз жұмыс барысындамыз, еңбектеніп жатырмыз, себебі мақсатқа жетуіміз керек. Сондықтан ресми түрде айтамыз, Niney One тобын тарату Ерболат Беделханның жоспарында жоқ. Біз бір отбасымыз. Бірге бастадық, шоу-бизнестегі жолымызды бірге жалғастырамыз», — деп пікір білдірді NineТy One өкілдері.
Айта кетейік, осыған дейін ғаламторда Дәулет Тұрлыханов пен Ерболат Беделханның атынан сөйлескен адамдардың аудиожазбасы пайда болған еді. Аудиожазбада өзін Дәулет Тұрлыханов деп таныстырған адам Ерболат Беделханға Ninety One тобы үшін сөгіс айтады. «Немене шулатып жүрсіңдер, тепсе темір үзетін жігіттер ғой балалар, (…) шетелдіктерге ұқсайды ғой түрлері, шетелге кетіп қалсын», — дейді ер адам. Бұған топтың продюсері делінген адам мақұлдап, келіскендей болады.