– Луина деген есіміңіз ерекше. Бұл лақап атыңыз ба, әлде?
– Шын есімім – Луиза Каринбаева. Луина – лақап атым. Шоу-бизнесте өз ерекшелігіміз болсын деп продюсерім Жомарт Сүлейменов ойлап тапқан.
– Продюсеріңіз Сізді «тек жанды дауыста ғана ән салады» деп еді. Әлі де солай ма?
– Әрине.
– Еңбекқор әншісіз. Бірақ әлі де бағыңыз жанатындай өз әніңізді таппаған сияқтысыз…
– Неге? Әр әнімнің өз тыңдарманы бар. Мысалы, менің «Қалайша?», «Неге, жаным»,
– Сахналық киімдеріңіз тым қысқа сияқты…
– Бұл – менің стилім, өте ыңғайлы, өзіме осылай жүрген ұнайды. Сырт-киіміне қарап адамды бағалауға қарсымын. Адамның киімі оның жаман екенін көрсетпейді ғой. Егер мен қысқа киінсем, бұл жеңіл ойлы қыз екенімді білдірмейді. Сахнада етегі төгілген көйлек киіп, сыртқа шыққанда білгенін істеп жүретіндер де баршылық. Негізі, мен қандай аудиторияға өнер көрсететініме қарап киінемін. Мәселен, Астана күніне арналған концертке қысқа киіп бармайсың ғой.
– Луина, ұлтыңыздың кім екенін бағамдай алмай отырмын, қазақсыз ба?
– Әрине. Көбі мені өзге ұлтқа ұқсатып жатады. Руым – адай. Жаңаөзенде дүниеге келгенмін. Бірақ ол жақта ешқашан тұрған жоқпын. Мен Ресейдің Астрахань облысында өсіп-жетілдім. Ата-әжем де, әке-шешем де сол жақтың Камыязкский ауданынан.
– «Есейсем де әлі саған сәбимін» деп ән салатын Луинаның ата-анасы қандай жандар?
– (Ойланып отырып) Менің ата-анам, яғни өмірдегі ең жақындарым атам мен әжем болды. Мені өсіріп-жеткізген солар. Атам бес жыл бұрын өмірден өтті. Ал әжем қазір Ақтауда ағамның қолында тұрып жатыр. Өз әке-шешем менің үш жасымда ажырасып кеткен. Анам бес жасқа толғанымда із-түзсіз жоғалып кетті. Бүгінге дейін қайда жүр, аман ба, мүлдем хабарын білмеймін.
– Іздеп табу ойыңызда болмады ма?
– Өмір сыйлаған анамды іздеп табу – жүрегімнің түкпірінде жатқан ішкі ойым, жан қалауым еді. Бірақ жұмыстың көптігінен, анда-мында шапқылаудан оны ойлауға да уақыт таппай қаламын. Әрине, егер анамды табуды мақсат етсем, оны тауып алуыма да болар еді. Бірақ онымен кездесуге өзім дайын емес сияқтымын. Дайын еместен бұрын ол мені іздеуі керек деп ойлаймын. Кезінде жас болды, әркімнің өз тағдыры бар дегендей, мен анамды кінәлай алмаймын. Мүмкін, бүгінгі әңгімеден соң ойланармын.
– Бауырларыңыз бар ма?
– Алдымда өзімнен үш жас үлкен ағам бар. Әлі күнге дейін мені еркелетеді.
– Жоғары білімді де әншілік кәсібіңізге сай таңдадыңыз ба?
– Астраханьдағы университеттің экономика факультетін іс-қағаздар жүргізу мамандығы бойынша бітіргенмін. Жалпы, мен он бес жасымнан бастап мейрамханаларда ән айтып ақша таптым. Бірақ үйдегілер бұған қарсы болды. Әжем «Музыкаңмен адам болмайсың» деп ұрсатын еді. Ал қазір әжем менімен мақтанады.
– Жақын арада қалыңдық атану ойыңызда жоқ па?
– Қазір сүйген адамыммен бірге тұрамын. Уақыты келгенде заңды некеге де тұрармыз. Сол адам менің өмірлік жолдасым екенін іштей сеземін.
– Продюсермен келісім-шартыңыз қай уақытқа дейін?
– Өмір бойына (күліп).
– Бірнеше бейнебаяныңыз бар екен. Бейнебаян түсіру де қаржыға келіп тіреледі ғой. Демеушіңіз бар ма?
– Демеушім – продюсерім. Біз өзімізді-өзіміз қаржыландырамыз.
– Арманыңыз не?
– Музыка – менің жұмысым, хоббиім әрі өмірім. Сондықтан өмірімнің соңына дейін өзімді өнермен байланыстырамын. Армандарымның бірі – балаларға арнап өнер мектебін ашсам, олардың талантын шыңдап, бағыт-бағдар көрсетсем деймін. Ал әйел ретіндегі армандарымның ең үлкені – төрт баланың анасы атану.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№16 (178) тамыз 2014 жылғы санында)
Сұхбаттасқан Ай-нұры ЕРМАХАНОВА