— Дина, еңбегіңізді жоғары бағалаймын. Тұрмысқа шыққаныңызды естіген едім. Жарыңыздың есімі кім, қай салада қызмет атқарады?
Лаура Анапияева, Алматы
— Лаура, естіген ақпаратың шындық. «Жол мұраты – жету, сауда мұраты – ұту, қыз мұраты – кету» деген сөз бар қазақта. Сондықтан «Отырған қыз орнын табады» десе де, көп отыра бермей, қияға өз уақытыңда шығу абзал. Өмір заңы – босаға аттап, жар болу, келін атану. Дүниеге сәби әкеліп, ана бақытына бөлену. Сол секілді мен де жанның қалауымен тұрмысқа шықтым. Жарым – жақсы жігіт (жымиып). Бойы мен ойы өзіне сай.
– «Астарлы ақиқатта» қандай нәрсе болмасын барлығын ашық айтасыз. Сіз сырттай қарағанда қатал көрінесіз. Экранда қандай болсаңыз, шынайы өмірде де сондайсыз ба?
Ұлжан, Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы
— Шынымды айтсам, бұл фәниде менің мінезімді жан жолдасым ғана түсінетін шығар. Кейде өзіме-өзім таңданып отырамын. Иә, жұмыста әріптестерімнің көбі мені қатал жанға балайды. Бірақ өзім үйдегі Динаның «Астарлы ақиқаттың» Динасынан ауылы алыс болса екен деймін. Өйткені әр қыз бала отбасындағы өз орнын білуі міндет. Бұл – ең бірінші, отағасыдан бір саты төмен тұру, ерді ер деп бағалап, ұлықтау. Одан кейін өз балаңа мейірімді ана және ата-енеңнің алдында сыпайы келін болу. Оның үстіне отбасылық өмір басталғаннан кейін кез келген қыз бала өзгереді. Ал өмірге бала әкелген соң, баланы бағып-қағуда ана өзін ұмытып, барлық күш-жігерді сол сәбиге жұмсайды. Сәбиінің арқасында өмірдің терең мәнін түсінеді. Ана махаббатының шексіз екенін сезінеді, мейірімі күшейеді. Мені білетін көп жандардың айтуынша, бұрынғы Дина мен қазіргі Динаның айырмашылығы жер мен көктей.
— Дина, өзіңді қазақтың нағыз өжет мінезді қызы деп білемін. Сәбиіңнің бауы берік болсын! Тұшымды ақпараттармен көрермендеріңді қуанта бергін! Сүйікті тележүргізушім ретінде туған өлкең, қай жерде білім алғаныңды білгім келеді. Ата-анаң кімдер?
Сара, Түрген ауылы, Алматы облысы
— Туған өлкем – Шымкент қаласы. Ата-анам да – сол жердің тумасы. Әкем – Исматұлла Төлепберген, анам – Зейнегүл. Ата-анамның жұмыс істейтін саласының телевидениеден ауылы алыс. Олар менің дәрігер болғанымды қалап еді. Бірақ мен көнбедім. Кейін олар келісіп, жолымды бөгемеді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жоғары білім алдым.
— Сіз жүргізетін бағдарламаны ұнатамын. Бірақ «Астарлы ақиқат» – «Другая правда» бағдарламасының көшірмесі іспетті. Екі бағдарлама неге бір-бірін қайталамайтындай екі бөлек сюжет жасамайды?
Азамат, Семей
— Айтқаныңыз шын. Негізі, әу баста «Астарлы ақиқат» пен «Другая правда» бағдарламасы бір жоба болып ашылған-ды. Сондықтан «Другая правдада» көрсетілген сюжеттер «Астарлы ақиқатта» да көрініс тауып жатады. Бірақ бұдан ешкім ұтылып жатқан жоқ. Әсіресе кейіпкерлеріміз үшін бұл қуантарлық жағдай десем қателеспеймін. Өйткені олардың мәселесін бір емес, бірнеше рет көрсетеміз, оның үстіне екі тілде. Демек, әсер екі есе артық болады. Шенді-шекпенділерге екі есе артық нұқып-шұқудың мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек орыстілді бағдарламаны көретін қазақ көп. Әсіресе орта буын аға-әпкелеріміз қазақ тілінен гөрі орыс тілін дұрыс түсінетіндіктен, «Другая правданы» көріп жатады. Қазақтың мәселесі орыстілді бағдарламада айтылып жатса жақсы емес пе? «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, көп кейіпкерлеріміздің шаруасының шешіліп жатқаны – екі жобаның қоян-қолтық еңбегінің нәтижесі деп білемін.
— Алғашқы жұмысыңыз қай жерден бастау алды?
— Еңбек жолымды туған жерім Шымкент қаласындағы облыстық арнадан бастадым. Телеарна әліппесін «ШТД» арнасындағы «Ақ желкен» балалар хабарында жүріп үйрендім. Студент кезімде «Отырар» телеарнасында жүріп шыңдалдым. Жоғары оқу орнын бітірген соң Астанаға жол тарттым. Алдымен «Астана» арнасында еңбек еттім. Кейін КТК-ға ауыстым.
– Дина, сізді шыншыл журналистердің қатарынан деп білемін. Көкейіңізде жүрген барлық шындықтардың бетін толық аша алып жүрмін дей аласыз ба?
Жақсылық Кенеш, Үржар ауданы, ШҚО
— Жақсылық, «Астарлы ақиқатты» көріп, менің еңбегіме осыншама биік баға бергеніңіз – мен үшін үлкен мәртебе. Алла осы бағыттан тайдырмаса деп тілеймін. Журналист болған соң әрі бағдарлама «Астарлы ақиқат» деп аталатындықтан ақиқатты ашып айту – маған қойылған міндет. Осы міндетті қаншалықты мүлтіксіз атқарып жүргенімді білмеймін, бұл жөнінде сіз сияқты терең ойлы көрермен өз бағасын береді деген ойдамын. Жасыратыны жоқ, біреудің көңілінен шығып жатсақ, енді біріне ұнамасы анық. «Ақиқат – жалғыз» дейді. Бірақ бүгінгі тіршіліктегі күрмеуі көп түйінге қарап еріксіз күмілжисің, кейде күңіренесің. Иә, әр адамның өз ақиқаты бар.
— Еліміздегі кейбір әділетсіздікке деген көзқарасыңызды білгім келеді. Қоғамда болып жатқан қандай жағдайларға қынжыласыз? Біз әділетті әрі жақсы елде тұрып жатырмыз дей аласыз ба?
— Біздің редакцияға көбіне әділетсіздікке кезіккен жандар телефон соғады. Сол жандарға көмек беру, яки әділдікке жетуге ұйытқы болу – біздің жұмыс. Жұмыс өте көп. Осыдан-ақ қоғамның қандай екенін бағамдай беруге болады. Бірақ көп жағдайда жеңіске жетіп жатқанымызға қарағанда, тығырықтан шығуға болады. Мен осыған қуанамын және жақсылықтан үмітімді үзбеймін. Ешқашан үзген емеспін де. Сізге де соны тілеймін. Сенім мен үміт – алға жетелейтін ұлы күш.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№ 10 (172) мамыр 2014 жылғы санында)
Жазып алған Анар ДӘУКЕН
Дина, сіздің хабарды жүргізу мен сөйлеу мәнеріңіз өте қарабайыр. Тек айғай шуға шақырасыз болды. Ал психолог маманыңызды өз кәсібінің білгірі, сарапшы деп айтуға мүлдем болмайды.