Алмтыда 18 қарашада Мәскеу түбіндегі шайқастың 75 жылдығына орай «28 панфиловшылар» атты көркем фильмнің премьерасы өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «28 панфиловшылар» тәуелсіз студиясы түсірді. Фильмнің кинопрокатын Қазақстанда «Қазақфильм» киностудиясы жүзеге асырады.
Фильм генерал Иван Васильевич Панфиловтың қолбасшылығындағы 316-шы атқыштар дивизиясының 28 әскері Дубосековода қорғанысты ұстап, неміс танкі батальонын тоқтатқан 1941 жылғы 16 қарашадағы оқиғаны бейнелейді. Сюжет толықтай кеңес әскерінің жеңісіне негізделген. Басты рөлдерде — Александр Устюгов, Яков Кучеревский, Азамат Нығманов, Олег Федоров, Антон Кузнецов, Алексей Лонгин, Азиз Бейшенәлиев, Дмитрий Сутырин, Андрей Бодренков, Асқар Тілеуғабылов және т.б.
Айта кетейік, сол күні Алматыда «Біз панфиловшылар — миллионбыз» маршы өтті. Содан соң 28-гвардия-панфиловшылар саябағында митинг болып, оның арты «Әскер үйі» мәжіліс залында кеңес сарбаздарының жеңісіне арналған концерт-реквиемге ұласты.