«Бала дауысы» І Ұлттық ән байқауының бас жүлдесін Павлодар облысының қатысушылары Мерхат Жылқыбаев пен Мария Затварницкая жеңіп алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Байқаудың іріктеу кезеңінде 7-13 жас аралығында еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 3812 бала қатысты. Олардың арасынан соңғы финалға 16 жеткіншек өткен. Бірінші кезеңде жас өрендер еліміздің белгілі композиторлары финалистерге арнайы жазған өлеңдерді орындаса, екінші кезеңде Мерхат пен Мария танымал әнші Толқын Забировамен бірге «Биле жастық» әнін шырқаған.
«13 жастағы Мерхат Жылқыбаев Павлодар ауданы Заря мектебінің 7-сыныбында, 12 жастағы Мария Затварницкая дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаттың 6-сыныбында білім алады. Аймақтық кастинг кезінде қазылар алқасының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және эстрада жұлдызы Толқын Забирова олардың екеуінің дауысы мен әртістік қабілетіне жоғары баға берген болатын. Соңғы финал кезінде де біздің жұлдызды жұп КТК телеарнасының тікелей эфирінде СМС арқылы дауыс беру кезінде ең көп — 3948 дауыс жинады. Нәтижесінде Мерхат пен Марияға ынталандыру сыйлығы ретінде Сингапурдегі Диснейлендке жолдама берілді», — дейді білім беру басқармасының БАҚ-пен байланыс жөніндегі маманы Күлшат Әлмұқанова.
Айта кетейік, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аталмыш жоба Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының ұйымдастыруымен өткізілген. 23 мамыр — 10 тамыз аралығында белгілі музыкалық продюсерлерден, композиторлар мен танымал орындаушылардан тұратын шығармашылық ұжым балалардың арасында кастинг өткізу үшін республиканың барлық өңірлерін аралап шыққан. Кеше Республика сарайында болған байқаудың гала-концертінде «Бала дауысының» қорытындысы жарияланды.