– Нұртас, сіздер ұсынған «Наша KZашаны» қазақты аяққа жығып беріп масқаралаған бағдарлама деп айтар едім. Өздерің қазақтың баласысыңдар. Сөйте тұра өз халқыңды сайқымазақ етіп, мазақтайсыңдар. Бұл – нағыз сорақылық, сорлылық қой. Мұндайларыңды қашан тоқтатасыңдар, бауырлар?
Жеңіс, Алматы
– Сізбен мүлде келіспеймін. Сіз біздің бағдарламаны дұрыс түсінбегендіктен осылай айтып отырсыз. «Шала қазақты шығарып, қазақ тілін қорлайсыңдар» дейсіз. Бұл жерден не ағаттық көріп тұрсыз? Дұрыс емес болса, айтыңызшы, содан кейін біз бұл тақырыпта әзілдескенді мүлде тоқтататын боламыз. Шала қазақтардың тілін біз ойлап тапқан жоқпыз ғой. Қалада тұратын кез келген қазақ екі сөзінің біріне орысша араластырып сөйлейді. Бұл шындық. Сондықтан бұл жерде біз қазақты мазақтап емес, олар сәл де болса ойлансын дедік. Біз қашан біреу келіп, намысымызға тимегенше ойланбайтын халықпыз ғой. «Қазақ тілі көркейсін!» деп көшедегі билбордтарға жазып қояды. Бұдан не шықты? Оған назар аударып жатқан адам жоқ. Ал біз сынап едік, ел ойлана бастады. Біздің мақсатымыз – елге күлкі сыйлай отырып ойландыру. Әзілдің барлығын біз өмірден аламыз. Теледидардан бізді көрген адам өзін көргендей болып ұялса екен дейміз.
– Ауыл туралы көп айтып, ауыл тұрғындарын күлкі етесіздер. Жалпы, өзіңіз ауылға барып көріп пе едіңіз?
Саят, Меркі ауданы, Жамбыл облысы
– Әрине, жазғы демалыстың барлығын ауылда өткізетінмін. Өз әжем Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылында, ал нағашы апам осы облыстың Мойынқұм ауданында тұратын. Мен осы екі ауылдың ортасында жүретінмін. Ауыл тақырыбын жақсы көретіндігім осыдан. Ауыл менің есімде кеңдігімен, дарқандығымен, берекелілігімен қалды. Адамдары да қарапайым әрі ақжарқын еді. Қазіргідей жұтап отырмайтын, ауылдың халі бүгінде қиын болып кетті ғой. Қалаға келгеннен кейін сыныптастарыма «Ауылда жүргенде үлкен бір қарбызды жарып, тек ішіндегі тәтті жерін ғана жеп, қалғанын тастай салатынмын» десем, олар маған сенбейтін. Ауылды әрқашанда ерекше сағынышпен еске аламын. Сосын ауылға барғанда көршілерді жинап алып брейк билеп, ақша тауып, оған балмұздақ, лимонад алатынмын. Сірә, сол кезден-ақ өзімнің осы салада еңбек етіп, нәпақа табатынымды сезген сияқтымын.
– «Наша KZаша» бағдарламасының телеарнадан көрсетілмей кету себебі сіздің КТК телеарнасының басшыларымен келіспей қалуыңызбен байланысты деп еді. Сол рас па?
Гүлнар, Тараз
– Рас. Біз телеарна басшыларына барып, «Бағдарламаның деңгейін көтеруіміз керек. Сол үшін бюджетті біраз көбейту қажет» деген едік. Бірақ біз бір-бірімізбен түсінісе алмадық. Көзқарастарымыз әртүрлі болды. Ол кісілер біз ұсынған жаңа жобаларға да аса мән бермеді. Мүмкін, бізге сенбеген де болуы керек. Әйтеуір, біздің жобамыз ұзақ уақыт шаң басып сөреде жатып қалды. Сосын біз «егер бұл жерде жүре берсек, ары қарай өспей, дамымай қаламыз» деген ойға келдік. Сөйттік те, «Жетінші» арнамен жұмыс істеуге көштік. «Ауылдан қашу» атты жобамыздың екінші маусымы басталды. Болашақта бұдан басқа да бағдарламалар жасаймыз. Қазір қарбалас жұмыс үстіндеміз.
– Негізгі мамандығыңыз қандай?
Динара, Қостанай
– Шет тілдер институтында оқығанмын, мамандығым – саясаттанушы. Оқуды бітіргеннен кейін өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келмеді. Өйткені маған о бастан-ақ шығармашылық жұмыс ұнайтын. Үлкен компанияда жұмыс істеп көрдім, тіпті аз уақыттың ішінде бөлім бастығы да болып үлгердім. Менеджерлердің менсіз де көп екенін, ал біздің елде юморлық бағдарлама жасайтындардың саусақпен санарлықтай ғана екенін байқадым. Сондықтан осы жолды таңдадым. Сөйтіп, жұмыстан өз еркіммен арыз жазып шығып кеттім де, бір ай бойы жалақысыз, жұмыссыз үйде жаттым. Арасында өкіндім де. Сосын Ресейден келген КВН-шілер жасаған реалити-шоуда жұмыс істедік. Бірақ ол жерде өзімізді солардың жалдап алған қара жұмысшысы сияқты сезіндік. Демеушілері біздің жерлестер болса да, оны қазақтың жерінде түсіріп жатса да, олар бізге түкке тұрмайтын тиын төледі. Сөйтіп, келісе алмай ол жерден де кетіп, тағы да далада қалдық. Сол кезде «Наша KZашаны» ойластыра бастадым. Демеуші тауып, осы жерге «Наша Рашаны» шақырып, концерт бергіздік. Бұл концерттің жарнамасын елге тарату үшін біз де өз командамызға ат қоюымыз қажет болды. Қазақстан құрама командасы, «Қызық радиосы» деген секілді бірнеше аттарды сарапқа салдық. Бір шешімге келе алмай жүрдік, бірақ уақыт өтіп барады. Тезірек жарнаманы беруім керек. Сосын «Наша KZаша» болсын дедік. Концерт сәтті өтті. Осыдан кейін біз «Наша KZаша» атанып кеттік. Бұл өзі сәтті жоба болды, рейтинг бойынша да алдыңғы қатарда тұрдық. Қазір комедиялық бағытта фильм түсіріп жатырмын. Комедия – сұранысқа ие жанрдың бірі. Кассалық табысына қарасаңыз да, комедиялық фильмдер алдыңғы қатарда тұрады.
(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№19 (133) қазан 2012 жылғы
санында)
Жазып алған Анар ӘЛДИБЕКОВА