Тұңғышбай Жаманқұловтың босап шыққаны белгілі болды. Актер 1,3 миллион теңге кепілақымен қамаудан босатылыпты. Бұл туралы құқық қорғау органдарындағы дереккөз хабарлады.
Естеріңізде болса, 2016 жылдың 2 қарашасында актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталғаны хабарланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Феникс» көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражатты «жымқырды» деген айып тағылған болатын.
Айта кетейік, мұның алдында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуына қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, актер кешірім сұрау үшін арнайы Астанаға келген.
— «Бір апта бұрын ол арнайы келіп, кешірім сұрады. Ісіне өкінетінін айтты. Әрине, бұл мәселе оңай емес. Ұзақ ойландым. Мен оған көмек көрсетуге дайынмын (…). Кепіл беруге де дайынмын», — деді мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.