Актер А.Сатыбалды мен актриса З.Карменова «Бір сен үшін» мелодрамасына түсуде. Жоба авторы және продюсері — Азамат Сатыбалды. Бұл туралы М.Әуезов театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметкері Мөлдір Бекжанның айтуынша мелодраманың сценарий авторы — Елена Лисасина. Ал режиссері М.Әуезов театрының фотографы — Ардақ Төлеубай. Сонымен қатар аталған мелодрамаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаевта түспек.
Аталмыш кино туралы А.Сатыбалды: «Мәңгілік маxаббатты мадақтайтын «Бір сен үшін» деген мелодрама түсірілімін бастадық. Бұл — менің алғашқы авторлық туындым. Барша әріптестеріме сәттілік тілеймін», — деді.
Бұған дейін А.Сатыбалды мен З.Карменова Ж.Ерғалиевтің «Қас қағым» трагедиясы мен А.Володиннің «Қоштасқым келмейді…» драмасында бірге ойнаған.
Бұл туралы З.Карменова «Қоштасқым келмейді…» драмасына дайындық үстінде берген сұхбатында: «бұл спектакльде сүйгенім Митя рөлін Азамат Сатыбалды ойнайды. «Қас қағым» спектаклінде бір-бірімізді жақсы түсінген әріптесіммен тағы сахналас болатыныма қуаныштымын», — деген болатын.
Театр сахнасында қос ғашықтың рөлін сәтті ойнап шыққан әріптестер телеэкранда кездессе, туынды шын мәнінде «мәңгілік махаббатты жырлайтын» кинокартинаға айналарына сеніміміз мол!