– Студент кезіңізде домбырамен де ән айтқан екенсіз. Кейін неліктен гитараны таңдадыңыз?

– Институтта оқып жүргенімде домбырамен ән айтқанды жақсы көретінмін. Кішкентай кезім­де өзімді көз алдыма ұлттық киім киген, қолында домбырасы бар әнші ретінде елестететінмін. Студент кезімде байқауларға да, телевидение мен радиоға да гитарамен айтатын әндерім таңдап алынатын. Ұйымдастырушыларға: «Дом­бырамен айтайыншы», – деп өтініш білдірсем, «Домбырамен айтатын әншілер көп. Гитарамен айтатын әнші аз» дейтін. Ақыры, гитараммен, Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Гүлнар Шәмшиеваның «Қыз арманы» әнімен «Тамашадан» бір-ақ шықтым. Аспирантурада оқып жүргенімде, институтта өткен ақын қыз-келіншектермен кездесу кешінде бір ән орындағанмын. Кештен кейін Гүлнар жатақханама өзі іздеп келіп, әнін берді. Алланың маған бұйыртқан жолы осы болар деп ойлаймын. «Қазақ эстрадасындағы гитарамен ән айтатын тұңғыш әнші қыз» ретінде халыққа танылдым. Оған еш өкінбеймін. Жеке концертімде домбырамен де сахнаға шыққанмын. Бірақ, теледидардан көрсетілетін нұсқасында ол әнімді алдырып тастадым. «Бір бағыттан ауытқымайын» деп ойладым.

– «Алғашқы махаббатым кеш оянды» деген едіңіз бірде. Соған қарағанда кеш бойжеткенсіз-ау. Қандай қыз болдыңыз?

– Расымен де, кеш бойжеттім. Бар ойым ән айту болатын. Жоғары сыныпқа көшкенде де жігіт туралы ойламаппын. Сәнденіп, бой түзеуді де білмедім. Үйде анама көмектесіп, өзімнен кейінгі кішкентай бауырларымды бағатынмын. 9-10-сыныптарда оқып жүргенімде бойымда ұяңдықтың пайда болғанын айтып өттім. Көпшіліктің көзіне түскенді қаламайтынмын. Елеусіз жүргенді жақсы көретінмін. Бүгінде сыныптастарым: «Сен елеусіз жүріп, Алматыға барып жарқ ете қалдың ғой», – деп күледі. Студент кезімде де тек оқу мен ән айту жайлы ойладым. Өзіме ұнайтын жігіт те болмады, мен де біреуге ұнау жайлы ойламадым. Күйеуге ерте шығуды дұрыс санамадым. Әпкем студент кезінде тұрмыс құрып, балалы болғанда қатты қиналды. Жездемнің анасы жоқ, әкесі қарт кісі болатын. Әпкемнің баласын біз бақтық. Соны көріп өскендіктен, «ерте күйеуге шығып, анама ауыртпалық салмайын» дейтінмін. Әрине, маған қызыққан жігіттер болды, бірақ бірден ұсыныстарына қарсылық білдіретінмін. Институтты бітіріп, халыққа таныла бастаған соң ғана өзімнің қыз екенімді сезіндім. Көңілін білдірген жігіттерге сын көзбен қарай бастадым. Сөйтіп жүргенде қызымның әкесімен кездестім. Аты – Фархад. Менен екі жас кіші. Өмірімде бір жігітпен жүрдім, 26 жасымда танысып, 4 жыл жұп құрып жүріп, 30 жасымда тұрмысқа шықтым. Алайда, жұбайым екеуміз бір жарым жылдан кейін ажырасып кеттік.

5

– Төрт жылғы сынақтан өткен махаббаттарыңыз отбасылық өмірде неліктен баянды бола алмады?

– Жұбайым бір отбасының жалғыз баласы болатын. Келін боп түскен жерім менің өнер адамы болғанымды қаламады. Ата-енем жалғыз балаларының әйелі оқымаған, жұмыс істемейтін, үй шаруасымен ғана айналысатын қарапайым қыз болғанын қалаған екен. Біреудің сыртынан теріс сөз айтқан дұрыс емес, бірақ шындығы осы. Арамызда түсініспеушілік орын алды. Халыққа танылу үшін қаншама жыл еңбектеніп, тер төктім. Отбасылы болған соң, сахнадан жырақтап қалдым. Сол жылдары жиі-жиі ауыратын да болдым. Жұбайым екеуміздің арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Керісінше, үнсіздік пайда болды. Мен оған жақындары жайлы жағымсыз сөз айтқым келмейтін. Томсыраюының себебін сұрасам, тіл қатпайтын. Үнсіздіктен гөрі ыдыс-аяқтың сылдырлағаны жақсы екен. Іштен тына бердім. Ақыры, жолымыз екі айырылды.

– Жұбайыңызбен бүгінгі қарым-қатынасыңыз қандай?

– Ажырасып кеткеннен кейін бір-бірімізбен хабарласқан емеспіз. Өзім қашанда тұрақтылықты жақсы көремін. Досқа да, сезімге де адалмын. Айналамдағылардан да адалдықты талап етемін. Кезінде сүйгендіктен, оның адамдық болмысын дұрыс тани алмаған шығармын деп ойлаймын. Арамыз екіге бөлінсе де, мен оған тек қана бақыт тілеймін.

– Қызыңыз әкесі жайлы сұрай ма?

– 1-сыныпта оқып жүрген кезі еді. Бір күні менен: «Мама, маған әкең жақсы адам дейсің. Он­да неге ол мені іздемейді?» – деп сұрады. Қызыма: «Кейін айтып беремін, әлі кішкентайсың», – дегенімде, «Жоқ, мен бәрін де түсінемін», – деді. Түн болатын. «Әкең жақсы адам, түсінісе алмадық» деп едім, «Мама, жарықты жақшы, сен жылап жатырсың», – деп, көңіл-күйімнің бұзылып жатқанын біліп қойды. Жарықты жақты да: «Мама, саған папам жайлы айту ауыр екен, мен енді әкем жайлы сұрамаймын», – деді. Содан кейін сұраған емес. Кейде: «Сенің түр-түсің әкеңе тартқан. Әкесіне ұқсайтын қыздар бақытты болады», – десем, қуанып қалады.

– Одан кейін жеке өміріңізді қалыптастыруға ұмтылмадыңыз ба?

– Жас кезімде әндерімнің бәрі пәк сезім мен адал махаббатты аңсау жайлы болатын. Кейде «Жұбайым ер-азамат болғандықтан, бәріне шыдап, отбасын сақтауға ұмтылуы керек еді» деп те ойлаймын. Анам: «Бір үйдің еркелетіп өсірген қызын алдың, ол бізге де қызымыздай», – деп, ұлдарына келіндерін мақтап отыратын. Өмірімде тұңғыш рет жүрегім қалаған адамым сенімімнен шыға алмаған соң көңілім қалды. Қазір ер-азаматтарға деген көзқарасым басқаша. Оларға тек досым ретінде қараймын. «Мені жақсы көріп тұр-ау» деп ойламаймын. Шынымды айтсам, дүниеде махаббат бар, бірақ ол маған әлі кезікпей келеді.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№1 (67) Қаңтар 2010 жылғы
 санында)

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікір қосу