–Сәлеметсіз бе, Абай аға! Сіз туралы ғаламторда, әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпараттар жиі кездеседі. Олармен күресіп көрдіңіз бе?
Айгерім, Алматы
– Инстаграм парақшама әртүрлі жағымсыз пікірлерді жиі жазады. Оған қарсы ештеңе қолданған емеспін. Кейде шын ниетімен тілегін білдіріп жататындар да бар. Бәріне қарсы пікір жазып, арпалысу, оларды жеңу мүмкін емес. Сондықтан ондай алыпқашпа әңгімелерге бола ренжіп, жүйкемді құртпаймын.
– Сізді бес уақыт намазын қаза қылмайтын, оразасын бұзбайтын азамат деп естідім. Жалпы, дін жолына қашаннан бастап бет бұрдыңыз? Бірдеңе түрткі болды ма?
Альфия, Атырау
– Біз бәріміз мына өмірге қонақпыз. Алла Тағала бізді бір тамшы ұйыған қаннан жаратты. Әке-шешеміз оған себепкер болды. Шариғат бойынша балиғат жасқа толған адамға намаз оқу, ораза ұстау парыз болып саналады. Бірақ біз өмірдің күйбең тіршілігімен арпалысып жүріп, парызымызды естен шығарып жатамыз. Мен Алланың қалауымен 2003 жылы намаз оқуды бастадым. Барша мұсылманға да осы шексіз бақытқа ие болуларыңызды тілеймін. Кейде гострольдік сапарда жүргенде намазымды қаза қылып, міндетімді дұрыс орындай алмай жатамын. Әйтеуір, шамам келгенше Алланың ұлықтығын сезініп жүрген дұрыс деп ойлаймын.
Сізді жаңа отау құрды деп естіп жатырмыз. Инстаграм парақшаңыздан орамалды арумен түскен суретіңізді көрдік. Бұл ақпарат қаншалықты шындық?
Мен үйленген жоқпын. Бұл ақпараттың бәрі өтірік. Кезінде жұрт мені Ақбота Керімбековамен де қосқан еді. Әнші Дана Кентай біздің той салонына барып жарнама үшін той көйлегін киген еді. Содан кейін-ақ шындыққа жанаспайтын әртүрлі өсек-сөз шығып кетті. Тағы бірде жанкүйерімнің өтінішімен суретке түскенбіз. Оны да халық іліп ала кетті. Мені өзімнің хабарымсыз «үйлендіріп» қоятындардың әрекетін түсінбеймін.
Абай аға, қазір балаларыңыз қайда тұрады? Олардың тәрбиесімен кім айналысады?
Қазір балаларымның жанында жарым Гүлжанаттың сіңлісі бар. Ол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ал мен үйге аптасына бір рет барып, балаларымның жанында болып, керек-жарақтарын түгендеп кетемін. Қазір «Ерке» деген салонымыз бар. Үлкен қызым Ерке сол салонда басшылық етеді. Қалыңдық пен қыз жолдасқа арнайы көйлектер, макияж, шаш әрлеу, шақыру билеті бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде тойға серуенге шығатын көліктер де бар. Жақында 1960 жылғы ретро стиліндегі көлікті алдырдық.
Жарым қайтыс болғаннан кейін үш айдай үйде отырып қалдым. Сосын ағайын-тумамен ақылдасып, Алматыға жұмысқа шығуға шешім қабылдадым. Ал балаларым Ақтауда қалды.
Қайғылы хабарды естігенде қандай күйде болдыңыз? Жалпы, жарыңыз қандай жан еді?
Марқұм жарым Гүлжанат бес уақыт намазын қаза қылмайтын, жыл сайын ораза ұстайтын абзал жан еді. Абысындары әзілдеп оны «Сақау қатын» деп атайтын. Себебі, ол өсек-аянға, артық сөзге жоқ еді. Жұмысы шаш етектен толып жатса да, намазын қаза қылмайтын. Қайтыс боларынан бір ай бұрын Алматыда концерт бердім. Сол концерттен кейін бізді «Жұлдызды шаңырақ» бағдарламасына түсірген еді.
Әйелім өзімнен төрт жас кіші болатын. Ол тірі болғанда қыркүйектің 23 жұлдызында 39 жасқа толар еді. Ол орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болатын. Марқұм өте сауатты еді. Іс-қағаздарға, балалардың сабағына – бәріне жауапкершілікпен қарайтын. Ол оразаның соңғы онкүндігінің бірінде жұма күні қайтыс болды. Алла оған жәннатты нәсіп етсін. Ол әрдайым Алланың ұлықтығын айтып отырушы еді. Өмірден өтерінің алдында да баламыздың Алматыдағы мешіт жанынан ашылған медреседе тәлім алуына себепкер болды. Сондай-ақ үлкен қызыма намаз үйретіп, кіші қыздарымның тілін калимаға келтірді. Соны отбасымызбен бірге атап өткен болатынбыз. Бұл біздің нағыз бақытты шақтарымыз еді. Ол ешқашан ауырдым деп айтпайтын. 2015 жылы наурыздың 20-сы күні «Жұлдыздар отбасы» журналының концерті болды. Сол концерттен оралсам ол кішкене қызуы көтеріліп, ауырыңқырап отыр екен. Бірақ кейін қайтадан денсаулығы жақсарды. Кіші қажылыққа кетер кезде Гүлжанатқа: «Алматыға барып, санаторийге демалып қайтсаң жақсы болар еді», – дедім. Ол ешқашан Алматыға барғысы келмейтін. Бірақ бұл жолы келісті. Өзі ұнатқан санаторийді таңдады. Кіші қажылыққа кетерде онымен кездесіп едім, жолдасым көз жасына ерік беріп, менің аман-сау келуімді сұрап, дұға жасады. Мен Меккеге жеткенімде артымнан қайғылы хабар келді. Шынымды айтсам, бұл хабарға сенгім келмеді. Себебі, екі сағат бұрын ғана телефонмен сөйлескен болатынмын. Адамға ажал келсе ештеңе де кедергі бола алмайды екен. Сол күні жанында ұлым болды. Ұлымның айтуы бойынша сол күні көңіл-күйі өте жақсы болыпты. Біз Алматыдан виза арқылы кеткенбіз. Олай кеткен жағдайда шетелге жалғыз шыға алмайды екенсің. Жақындарымның араласуымен Түркия арқылы Қазақстанға ұшып келдім. Мен келген күні жарымды жерледі. Сол кезде Алладан «қажылық сапарымды келешекте өтеуді нәсіп ете көр» деп тілеген болатынмын. Алла сәтін салып, биыл қажылық сапарымды өтедім.
Балаларыңыз әлі кішкентай. Оларға ана орнына ана болатын жар іздеу ойыңызда жоқ па?
Гүлмира, Алматы
Болашақта не боларын бір Алла біледі. Қазір үйленетін ойым жоқ. Шариғатта екінші рет үйленуге рұқсат. Бірақ дәл қазір балаларымның көңіліне кірбің ұялатқым келмейді. Үйге бейтаныс әйелді әкелермін-ау, оған менің балаларым қалай қарайды? Ол жағы белгісіз. Сондықтан, қандайда бір асығыс шешім қабылдаудан аулақпын.
(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 20 (230) қазан 2016 санында)
Жазып алған Айнұры Есенғали