– Өткен өміріңізге үңілгеніңізде не көресіз?
– Өмір деген таразы іспетті. Өмірде тек даңғыл жолмен ғана жүре беру мүмкін емес. Ақ пен қара, қайғы мен қуаныш, өкініш пен үміт арпалысқан өмір ғой… бірде құлайсың, бірде тұрасың, бірде жылайсың, бірде күлесің… Мұқағалидың «там-тұм ғана қуанышым, тарам-тарам бар қайғым» деп келетін өлеңі бар. Басымнан қанша қуаныш өтсе, сонша қайғы кештім… Бірақ, менің өмірімде жақсы адамдар көптеп кездесті. Керісінше, туған-туыстарымның бағаламай кеткен кездері болды. Сондайда жақсы адамдар жаныма жалау бола білді. Құдайға шүкір, мен қаққан есік ашылмай қалған емес. Басымнан өткен мұңды күндердің бәрін маған жоғарыдан жіберілген сын деп қабылдадым. Егер мен өмірімдегі қайғылы жағдайларға қамығып, түңіле бергенімде, әлдеқашан жоғалып кеткен болар едім. Әйтсе де, мен бақыттымын! Өмірімде барлық уақытта тірек бола білетін екі адам бар. Бірі – анам. Ол кісі төренің ұрпағы. Тектілігі басым. Анамның ішкі діңгегінің мықтылығына таңқалумен келе жатырмын. Екінші адам – менің сүйген азаматым. Оның парасаты, білімі, көргенділігі, қамқорлығы, ақылдылығы мені өзіне тәнті етті. Кейде ешкімге айта алмаған сырымды сол кісімен бөлісемін. Арқасына маңдайымды тіреп жылап та аламын, еркелеп те аламын… Бұл екі адам менің өмірдегі рухани ұстаздарым. Бүгінде көптеген өмірлік мәселелерімді сол кісілермен ақылдасып, пікірлесіп барып жасаймын.
– Ол азаматтың сізді шын сүйетіндігіне сенімдісіз бе?
– (Рахаттана күліп алды). Білесіз бе, бұл өмірде ештеңеге жүз пайыз сенімді болуға болмайды. Бәрі де бір Алланың қолындағы дүние. Кез келген нәрсеге күдікпен қараймын. Кім біледі?.. Дүниенің бір-ақ күнде астаң-кестеңі шығуы мүмкін. Кейде адамның сезімі де сіркіреп өткен жауындай өткінші болады. Өмірде өлмейтін, өшпейтін, сөнбейтін ештеңе жоқ. Бәрі де уақытша. Жалғызсырап жүргенімде жаныма жылу бере білген бұл азаматтан айырылып қалу мен үшін оңайға соқпасы анық. Ондай күннен Алла сақтасын деймін. Бір білерім, ол кісі мені осы қалпымда сүйді. Бұл – менің бақытым. Мұқағалидың «Сен биікте жүрсін деп, төмендедім» дегеніндей, көп жерде сол азаматтың абыройын ойлап, асығыс қадамдарға бармайтын болдым, ер-азаматты сыйлап-құрметтеуді үйрендім.
– Өмірде көп ғашық болған жансыз ба?
– Жоқ, көп ғашық болған жан емеспін. Біреуді сүйсем, құлай сүйіп қалатын мінезім бар.
– Керісінше, сізді сүйетіндер көп пе?
– Білмедім… Біреулер теледидардағы Меруерт Түсіпбаеваның образына ғашық болып жатады… Өмірде сыртқы сұлулығымен қатар мінезі де көркем жандар болады. Ал менің сыртқы келбетіме қызығып, өліп-талып ғашық болған адамдар мінезімді көргенде шошып кетеді. Мінезім күрделілеу. Еркекшоралаумын. Орыстардың ортасында өскендігімнің әсері бар шығар. Жасырмаймын, мен көңіл-күйдің адамымын. Мінезімнің табиғат сияқты құбылмалы тұстары көп. Беті бар, жүзі бар демей, біреудің айыбын бетіне айта саламын… Осы мінезімді көрген әлгі «ғашық болғыштар» бес шақырым әрі жүреді (күлді).
– Ұлыңыздың әкесімен араласып тұрасыз ба? Нұрғиса әкесі жөнінде сұрай ма?
– Ол менің досым сияқты. Өткен өтті, кеткен кетті. Бар болғаны екеуміздің жұлдызымыз жараспады. Мен ол жігітті ешқашан жамандай алмаймын. Адамдығы бар азамат. Қай кезде болса да, оған есігім ашық. Өйткені, ол – менің ұлымның әкесі. Қуанышта да, қайғыда да ол менің жанымнан табылады. Мен де қолымнан келгенше жақсылығымды жасаймын. Керек болса, қазіргі жарымен де жақсы араласамын. Кейбір отбасылық мәселелерін де шешіп тұрамын. Сырттай қараған адамдарға түсініксіз болып көрінетін шығар. Бірақ, мен адам қандай жағдайда да адамдығын сақтап қалуы керек деп ойлаймын.
– Қарым-қатынастарыңыз жақсы екен. Қайта қосылуларыңыз мүмкін емес пе?
– (Күліп алды). Оның өз жолы бар, менің өз жолым бар. Әрине, бәрі де бір Алланың қолында. Бірақ, екеуміздің қосылуымыз мүмкін емес сияқты… Нұрғиса – жеті жыл күттіріп туылған баламыз. Екеуміз екі жаққа кеткенде, ол бір жарым жаста болатын. Баламның өзі сол қарым-қатынасқа үйреніп қалды. Есейгенде бәрін түсініп алар деп жүрмін. «Нұрғисам нағыз еркек болып өссінші!» деп көп армандаймын. Сол тілегім періштелердің құлағына шалынса екен деймін. Жеті жаста болса да, үлкендер секілді ой түзеді. Ерте есейіп кетті ме деп қорқамын. Тіл-көзден аулақ болсын, мінезі өте күрделі, өз бетімен өмір сүруге бейім азамат болып өсіп келе жатыр.
– Сізге әртіс деп қарап, көз қадайтындар көп пе?
– Ой, ондайлар көп. Мұқағали ақынның «Сырт көргенге ойсыз, мұңсыз, салғырт, салақ жандаймын» деп басталатын өлеңі бар… Жылтыраған түріңе қарап, өзінше ой қорытатындар көп. Әншілік – біздің кәсібіміз. Той-томалаққа шығуға, барлық уақытта көңілді, әдемі болып жүруге мәжбүрміз. Әнің мен сәнің тура келмесе, сен әнші емессің. Біздің осы күйімізді теріс түсініп, ерсі қадамдарға барып жататын қазақ азаматтары көп. Бүгінгі еркектер ұсақталып кетті десем, маған ешкім ренжімес. Шалбар кигеннің бәрін еркек деп айта алмаймын! Кейбір азаматтар дөрекілік те көрсетіп жатады. «Әй, қойшы, сендер кім едіңдер?» деп қарайтын еркектер де бар. Ашық айтқаным үшін кешіріңіз, «сатулы адамдар» деп ойлап, арам ойын іске асырғысы келетіндері қаншама?!
Жолдасыммен енді ғана бас қосқан жылдары екеуміз бір тойға бардық. Сонда менің күйеуімді сыртқа шақырып алып: «Мен саған пәлен мың доллар төлеймін. Әйеліңді бір түнге бер», – деген де ұятсыздар болған.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№15 (56) тамыз, 2009 жылғы санында)
Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА