25.06.2009 - «Ұлытау» Германияға қоныс аударады Алматыда өз елімізде ғана емес, Батыс мемлекеттеріне де жақсы танымал «Ұлытау» тобы шығармашылық есеп береді. Белгілі топ келесі айдың басында Еуропаға қоныс аудармақ. Осы сапар алдында өнер ұжымы өз тыңдармандары алдында концерт қойып, ел-жұрттың ақ батасын алмақ. Оған қоса, соңғы уақытта атқарған жұмыстарын көпшілік назарына ұсынып, төрт бірдей клиптің тұсауын кеспек. Сондай-ақ Қыдырәлі Болманов жылт еткен жаңалығы мен әрбір еңбегінің жемісін жұртшылыққа жеткізіп, халықпен екі ортада алтын көпірге айналып жүрген журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен арнайы құттықтап, көңілдерін көтеруді көздеп отыр. Кешке белді басылымдардың бас редакторлары мен қызметкерлері шақырылған.
– «Ұлытау» тобына арнап екі клип және Қарақат екеуміздің орындауымыздағы әнге тағы екі клип түсірдік. Бұйыртса, 17 шілдеде «Ұлытаудың» дискісі 15 мың данамен Германияда жарық көрмек. Сонымен қатар ел тыңдармандары үшін «Жұмыр қылыш» альбомы қайта басылып шығарылады. Тағы бір айта кетерлігі, қазір Вашингтонның орталық радиосынан топтың орындауындағы күйлер жиі эфирге таралып жатыр. Оны Америкаға барған дәстүрлі әнші Эльмира Жаңабергенова және тағы басқа кісілер күніне бірнеше мәрте өз құлағымен естіп, бізге айтып келді. Канада, Түркия, Германия, Франция, Ресей арналары клиптерімізді сұрап алды. Енді Еуропа елдерін аралап концерт қойып, сол жақта біраз уақыт жұмыс істемекпіз. Осындай қуаныштарымызбен БАҚ өкілдері арқылы халықпен бөліскіміз келеді, – дейді «Ұлытау» тобының продюсері, белгілі әнші Қыдырәлі Болманов.
Топтың өзге жаңалықтарына тоқталсақ, олар жол жүрер алдында төрт ай бойы неміс тілін үйреніпті. Осыған дейін музыканттарға ағылшын тілін меңгерткен білікті продюсер, енді неміс тілін қолға алуға ден қойыпты. Тіпті концерт соңынан олар қаншалықты меңгергенін көрсету үшін, неміс тілінде интервью бермек. Бұл өз кезегінде өзге елге барғанда, қыз-жігіттердің емін-еркін жүріп-тұруына, сондағы тұрғындармен, концертке келген қонақтармен тікелей қарым-қатынас жасауына үлкен ықпал етпек. Алыстағы мемлекеттен келген қазақ азаматтарының сол елдің тілінде сайрап тұруы топтың беделін одан сайын арттыра түспек.
Ал Алматыдағы концертке қайта оралсақ, сол күні әзірге есімі құпиялау жеткіншек «Ұлытау» тобымен Құрманғазының күйі «Адайды» ойнайды. 5-6 жасар бүлдіршін әннен шашу шашады. КВН құрама командасы кеш тізгінін өз қолына алса, Қыдырәлінің Қарақаты әнімен әлдилемек. Әнші ару композитор Бауыржан Өскінбаев пен айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваға өтініш жасап, жұбайының құрметіне арнап «Ризамын саған» атты ән жаздырыпты. Өнерлі жұп осы кеште Ермек Аманшаевтың өлеңіне жазылған Кеңес Дүйсекеевтің «Анажан» әнінің де тұсауын кеседі.
Ресми деректерге сүйенсек, халықаралық рейтинг бойынша «Ұлытау» тобының дискісі ең көп сатылған дисктердің қатарына кіреді. Бұл біздің еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылатын алғашқы жетістік. Сондықтан бұған Үкімет тарапынан оң қабақ танытылып, қолдау көрсетілсе, нұр үстіне, нұр болмақ.
Айқын Сайтта жарияланған: http://juldyz.kz Тікелей сілтеме: http://juldyz.kz/index.php?name=news&op=view&id=44
|