Қазақша ән-жинақ

17.06.2009 - Отбасы… өнерден киелі!

title Шамшынахар Кенжеева - 1985 жылдың 21 наурызында, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласындағы Шеңгелді ауылында дүниеге келген. Отбасында жеті ағайынды. Ағасы Бақтияр – «Алматы» тобының белді әншісі. «Мен – үйдің кенжесімін. Аға-апаларымның барлығы өмірде өз орнын тауып, отбасын құрған. Әке-шешем – зейнеткер. Анам – мұғалім, әкем – электрик болып жұмыс істеген», - дейді бізге Шамшынахар.

Алғашында «Сүнекеш» тобымен танылған Шамшынахар – қазір де жеке ән шырқап жүр. Өйткені,топтағы сыңары Айнұр Өтеғұлова тұрмыс құрып, әзірге үйде отыруды қалапты. Осылайша, бес жылдық тарихы бар талантты топ тарап кетті. Десек те, әнші продюсері Жанатбек Бәйтековпен қызу жұмыс үстінде екенін айтады. Жас әншінің сөзіне қарағанда, бұрын топта шырқалған әндерді қайта өңдеп, көрермендерге жаңа қырынан ұсынбақ ниетте.
Жас әншінің сахналық киімдеріне келер болсақ, өнер иесінің арнайы жеке стилисті жоқ екен. Өзінің қиялына қарай киінгенді жөн көретінін айтады.
Сонымен қатар, Шамоня (достары оны осылай атайды – автор) көрермендерге жас әнші Қайрат Нұртастың «Сағынсам қалай шыдаймын» атты бейнеклипі арқылы жақсы таныс. Ол аталмыш бейнеклипте басты кейіп­керді сомдайды.
Жеке өмірі жайында Шамшынахар:
– Бұйырғаны болар. Әрине, бұл өмірде ең бастысы – отбасын құру екенін жақ­­сы білемін. Ол – өнерден де артық нәрсе ғой. Бірақ әзірге ойда жоқ. Мен қалауымдағы ер азаматты әлі жолықтырған жоқпын. Көңілімнен шығып, болашақ жар атануға лайықты жігітті кездестірмеппін, - дейді.
Жас әншінің шығармашылық жоспарлары да жетіп артылады. Мәселен, репертуарындағы «Махаббат нұры» әніне жақында бейнеклип түсірмек ойда жүр.

Қала мен дала
Сайтта жарияланған: http://juldyz.kz
Тікелей сілтеме: http://juldyz.kz/index.php?name=news&op=view&id=36