Қазақша ән-жинақ

09.06.2009 - Мақпалдың мерейі артты

title Жас әнші Мақпал Исабекова Өткен аптаның аяғында Республика сарайында жеке концертін қойып, орыс тіліндегі «Улетаю» атты кезекті альбомының тұсауын кесті.
Әуелі кеш алдында рес­ми таныстырылымы өткен Мақпалдың ән жинағына тоқталсақ. Әншінің про­дю­сері Эрик Тастем­бе­ков осы альбомды шы­ғару үшін ұзақ еңбектен­ген­дерін айтады. Мақпал жар­намасын жасап жүр­ген SunSіlk сауда белгісі өз кезегінде демеушілік та­нытатындықтарын жет­кізіп, әндердің ойдағыдай жазылып бітуіне мұрын­дық болыпты. Жаңа еңбек 10 туындыдан тұрады. Олар­дың арасында «Бес­ко­нечность», «Москва-Астана» сияқты осыған дейін халыққа жеткендері де, жаңадан орындалғандары да бар. Альбом Мәскеу студия­ларының бірінде жазылған.

Ал жас әншінің концертіне келсек, оған қала тұрғындары ғана емес, Мәскеуден арнайы ат арытып келген қонақтар да қатысты. Ресей эстрадасының өкілдері Сергей Жуков, Эд Шуль­жевский, Доминик Джокер кеш барысында қазақ­стан­дық әріптестеріне ізгі тілектерін жеткізіп, өнердегі әрбір қада­мына сәт сапар тіледі.

– Мен әрдайым жақсы­лық­қа, жаңалыққа ұмтыламын. Жылт еткен жақсы дүниелер жанымды үнемі қызықтырып тұрады. Сондықтан репертуарымды, стилімді, имиджім­ді өзгертуден қорықпаймын. Қайта өзімнің жан-жақты та­лантымды көрсетіп, көрермен­дерімді бір образ, бір әнмен жа­лықтырмауға тырысамын. Және өзгелерді де қалыптас­қан үрдістен шығуға, бір ізді шиыр­лай беруден арылуға шақыра­мын. Өмірлеріңізді өз­гертуге жүрексінбеңіздер, – де­ген Мақпал осы тұрғыда жа­зылған «Жизнь не ждет» деген жаңа әнін жұртшылыққа тар­ту етті.

Айтпақшы, жиі өзгеріп тұ­рудан қорықпайтын Мақпал, қызды-қыздымен есімін де ауыс­тырып, сәл болмағанда Мәс­кеуде «МАКІ» атана жаз­дады. Бастапқыда Ресей эстра­дасына осы атпен танылмақ бол­ған ару сондағы әріптес­тері­мен ақылдаса келе, ра­йы­нан қайтқан. Өйткені доста­ры­ның басым бөлігі қазірдің өзінде Мәскеуде аты шығып үл­герген әншінің орта жолдан бүркеншік есім жамылғаны ерсі көрінетіндігін айтыпты.

Айқын
Сайтта жарияланған: http://juldyz.kz
Тікелей сілтеме: http://juldyz.kz/index.php?name=news&op=view&id=31