Ақын-жазушы — Жұлдыздар отбасы http://juldyz.kz Жұлдыздар отбасы журналының сайты Thu, 22 Nov 2018 06:45:35 +0000 ru-RU hourly 1 https://wordpress.org/?v=4.8.7 Күләш Ахметова http://juldyz.kz/2017/04/27/kulash-ahmetova/ http://juldyz.kz/2017/04/27/kulash-ahmetova/#respond Thu, 27 Apr 2017 06:11:21 +0000 http://juldyz.kz/?p=7575 Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда дүниеге келген. Ол ақын, Мемлекеттің сыйлықтың иегері.

Балалық шағы

Күләш Ахметова Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген. Ол 1961 жылы Жамбыл медициналық училищені, 1973 жылы ҚазҰУ-ді тамамдаған.

Еңбек жолы

Күләш жас кезінен Үшарал медпунктінде меңгеруші, Талас аудандық «Ленин жолы», 1973-1977 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болған. Кейін 1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болып тағайындалған.

Марапаттары

Ақын «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды. Ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері және Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Өлеңдері орыс, украин және түркі халықтарының тілдеріне аударылған, мектеп оқулықтарына енген. Тәуелсіздіктің он жылдығына, Астананың он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері. Бірнеше медальдармен марапатталған.

2016 жылы Күләш Ахметованың 70 жылдық мерейтойы атап өтілді. Алғашқы іс-шара Жамбыл политехникалық колледжінде басталды.

Отбасы

Ақынның жолдасы — Қайырбек Асанов та ақын. Жалпы поэзия әлемінде қос ақынның бір шаңырақ астында бірге өмір сүруі терең үйлесімділікке негізделсе керек.

«ЖАРҚЫЛДАП КҮЛІП ТҰР. БІР КӨРГЕННЕН ӘҢГІМЕМІЗ ЖАРАСА КЕТТІ. ӨЗІНІҢ ТАРИХТАН ТАПСЫРАЙЫН ДЕП ТҰРҒАНЫН, ҚАНДАЙ ДАЙЫНДЫҒЫ БАР ЕКЕНІН, ОНЫҢ АЛДЫНДА ҚАНДАЙ БАҒАЛАР АЛҒАНЫН – БӘРІН ЕСЕП БЕРГЕНДЕЙ ТІЗБЕЛЕП АЙТЫП ЖАТЫР. МЕН ДЕ СОНЫ ТЫҢДАҒЫМ КЕЛІП ТҰР. ОДАН КЕЙІНГІ САБАҚ НЕМІС ТІЛІ ЕДІ, СЫНАҚТЫҢ ЖАЙЫН АҚЫЛДАСЫП ЖҮРІП, ЖАҚЫН АДАМДАРҒА АЙНАЛДЫҚ. ЕКІНШІ КУРСТЫҢ ҚАҢТАРЫНДА ШАҢЫРАҚ КӨТЕРІП, СОДАН БЕРІ ЖҰБЫМЫЗ ЖАЗЫЛМАЙ БІРГЕ КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ». (КҮЛӘШТІҢ СҰХБАТЫНАН)

Екеуі 1968 жылы Алматыға ҚазМУ-ге оқуға түсуге келеді. Журналистика факультетіне барып, екі сабақтан өтіп, үшінші сабақ – тарихтан емтихан тапсырғалы тұрғанда Күләш Қайырбекті көреді. Шашы бұйра, аққұба өңді, өте сымбатты жігіт болған.

«Оң-солымды тани бастағаннан-ақ әке-шешем: «Айналайын, келін алатын болсаң, ибалы, инабатты, нәзік, біздің жағдайымызды жасап, болмысымызды түсінетін жаннан ал!» деп құлағыма үнемі құйып отыратын. Жасыратыны жоқ, ауылда да, университетке келгенде де талай қызбен сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрдық. Бірақ солардың арасындағы жүрегімді дір еткізген, тоқсан қыздың ішінен таңдап тапқан ең нәзік, ең сұлу, ең әдемі аруым – Күлекең болды ғой. Жүрек алдамапты, жарты ғасырға жуық бірге өмір кешіп келеміз. Бала-шаға, немерелеріміз бар». (жары ҚАйырбектің сұхбатынан)

]]>
http://juldyz.kz/2017/04/27/kulash-ahmetova/feed/ 0
Мэлс Қосымбаев http://juldyz.kz/2017/03/28/mels-qosymbaev/ http://juldyz.kz/2017/03/28/mels-qosymbaev/#respond Tue, 28 Mar 2017 09:51:55 +0000 http://juldyz.kz/?p=8818 Мэлс Қосымбаев 1970 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданы, Жылысу ауылында дүниеге келген. Ол айтыскер ақын, филология ғылымының кандидаты.

Балалық шағы

Мэлс Қосымбаев мектепте оқып жүрген кезінде аудандық, облыстық ақындар айтыстарына қатысқан. Ол 1990 жылы 3-республика ақындар айтысының, 1996 жылы өткен Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысының және 2001 жылы республика тәуелсіздігінің он жылдығына орай өткізілген айтыстың бас жүлдегері. Айтыскер ақын Орал педагогика институтын 1992 жылы бітірген.

Жетістіктері

Мэлс Қосымбаев Қазақстан Республиканың мәдениет қайраткері (2007),  Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы, доценті (1988 – 2006), республикалық және халықаралық айтыстардың жүлдегері (1988–2007). Қазір 2006 жылдан Маңғыстау облысының мәдениет басқармасында қызмет етеді. Қазақстанда алғаш өткізілген «Айтыс – Қазақстан чемпионатының» (2007) бас жүлдегері.

Қосымбаев – Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, тағы басқа ақын-жыраулардан жеткен маңғыстаулық сөз саптау, мақам үлгісін жалғастырушы, осы заманғы айтулы суырып салма айтыс ақындарының бірі.

]]>
http://juldyz.kz/2017/03/28/mels-qosymbaev/feed/ 0
Мағжан Жұмабаев (1893-1938) http://juldyz.kz/2017/03/27/maghzhan-zhumabaev-1893-1938/ http://juldyz.kz/2017/03/27/maghzhan-zhumabaev-1893-1938/#respond Mon, 27 Mar 2017 10:07:13 +0000 http://juldyz.kz/?p=8759 Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысы (бұрынғы Ақмола облысы, Қызылжар уезі), Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Ол ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, Алаш қозғалысының қайраткері.

Балалық шағы

Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнаттың бір өзі болған. Қасында отыратын кісі табылмай қалса, шешесі кереуетің аяғына байлап кетеді екен. Естияр шағында күрт өзгереді. Ойға батып, тұнжырап жүретінді шығарады. Айтылған сөзге көңіл бөлмейді. Балалармен ойнап кетуді ерте қойған. Жеке тұрып қалады. Сол үшін апасы Күләндам Мағжанды «Марғау» атандырып жіберіпті.

Бір күні қызық оқиға болады. Молда бір араб әріпінің сөз аяғында қалай жазылатынын көрсет десе, шәкірт бала жауабын шатастырып алыпты. Сонда кішкентай Мағжан «мен айтайын ба?» деп молдадан рұқсат сұрайды. «Осы мұрынбоқ не біледі дейсің?» дегендей, селқос «айтып көр» дейді. Жауабын мүдірмей дұрыс берген Мағжанға қайран қалған молда бұл оқиғаның атасы Жұмабайға жеткізеді. Сонда Жұмекең: «Осы немерем менің атымды дүниеге әйгілі ете ме деп дәметем. Оқыт. Оқысын», — деп батасын беріпті.

Мағжанның махаббаты

Мағжанның алғашқы әйелі Зейнеп Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы Қадишадан туған. Зейнептен Мағжан Граждан атты ұл көрген. Тағдырдың жазуымен ақын үшін қымбат осы екі жан бірінің артынан бірі опат болды. Зейнебі баладан дүние салды. Артынша тұла бойы тұңғышы шетінеді. Бұл — шамамен 1917-1919 жылдардың арасы. 1920 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсы Қызылжарға ауыстырылды. Курсқа басшылық ету Мағжанға тапсырылды. Әрі үйреншікті пәндері бойынша сабақ береді. Міне, осы кезде Мағжан жүрегін үлкен сезім билейді. Курста математикадан сабақ беретін Гүлсім деген әйелге ғашық болады. Гүлсімнің бай күйеуі Мағжан мен әйелі арасын біліп қалып, үйін көшіріп әкеткен. М. Жұмабаевтың Ақмола өңірі Қазақстан құрамында қалуына байланысты өзі редакторы болып істейтін «Бостандық туы» газеті редакциясының Қызылжарға көшірілуі Мағжанның осы қалаға келуіне себеп болды. 1921 жылы Қызылжарға келгенде Мағжан енді қалған аз-маз ашық күндерінің, одан соңғы азап жылдарының айнымас серігін кезіктірді. Ол «жан жолдасымсың, өлсең бірге өлемін» деп маңдайынан сипап жұбатқан Зылихасы еді. Зылиха апайдың айтуында, бақыттың дәмін Мағжан екеуі де татқан.

Мағжан қандай болған?

Бір ғажабы, сыртқы тұлғасы өте әсерлі болатын: дөңгелек жүзді, орта бойлы, қараторының әдемісі, қара қасты, бұйра шашты да емес, бірақ, шашын мәнерлеп әсем күтіп ұстайтын-ды. Оның киім киісі мен жүріс-тұрысында интеллектуалдық айқын көрініп тұратын.

Еңбек жолы

Мағжан Жұмбаев  1910 – 1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия”медресесінде білім алады. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады. 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. “Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, Қазақ газетіне өз өлеңдерін жариялайды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. “Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті. 1918 – 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919 – 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады. 1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырайды.

Соңғы өмірі

1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Жұмабайұлының 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салады. Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды. Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында С.Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды. Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабайұлы қатаң сынға алынды. Жұмабайұлы 1927 – 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады.

Петропавл қаласыннда мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Жұмабайұлы Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

]]>
http://juldyz.kz/2017/03/27/maghzhan-zhumabaev-1893-1938/feed/ 0
Айтақын Бұлғақов http://juldyz.kz/2017/03/27/ajtaqyn-bulghaqov/ http://juldyz.kz/2017/03/27/ajtaqyn-bulghaqov/#respond Mon, 27 Mar 2017 05:53:10 +0000 http://juldyz.kz/?p=8742 Айтақын Бұлғақов 1960 жылы 19 қаңтарда Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Ол айтыскер ақын.

Балалық шағы

«Ба­лалық шағым өте қысқа болған сияқты. Өйткені, екінші сыныпқа барған жылы әкем дүние салды. Ол кісі мені бес баласының ішінде ерекше жақсы көріпті. Тізесіне отырғызып еркелетіп отыратыны бүгінге дейін есімнен кетпейді. Жанұяда төрт ұл, екі қыз едік. Әкем көз жұмғанда бір жыл бұрын әскер қатарына шақырылып тұңғыш ұлы, яғни үлкен ағамыз Жақып теңіз фло­тында азаматтық борышын өтеп жүрген еді. Ауылға келіп топырақ сала алмады, одан қаралы хабарды жасырып қалдық. Аман-есен туған жерге табан тірегеннен кейін бір-ақ естіді. Өкініштісі, әскерден оралған соң үш айдан кейін үйленіп, жаңа қосыл­ған жарымен небары алты ай ғана өмір сүрді. Колхозда трактор айдаушы еді, жол апатынан қайтыс болды. Бір жыл бұрын Құдай қосқан қосағынан айырылып, қара жамылып жүрген шешеме баласының өлімі жығылған үстіне жұдырық боп тиді. Басын тауға да, тасқа да соққан шешемді тағдыр тағы да сынаққа алды. Баласының топырағы кеппей жатып, бір жыл өткенде туған бауы­ры өмірден озды. Осылайша бес баламен жесір қалған анамның көз жасын көріп өскен біз ерте есейдік. Колхоздың сиырын сауатын шешемізбен бірге таңда тұрып, қолғабыс жасайтынбыз. Қанша қиналса да анам бізге жамау киім кигізбеді. Оқытты, тоқытты, ел қатарынан қалдырмады. Анамыздың қас-қабағына қарап, бала кездің қызығына көп бата қойғанымыз жоқ. Әйтсе де ол кезеңдерде күзгі жүгері жинау науқанында оқушылар сабақты сырып қойып, егістік алаңынан табылатынбыз. Жүгері сорттау кезінде Әсия деген сынып­тасым менің ұшқалақ мінезімді пайдала­нып «Сен жүйріксің ғой, мына көзілдірікті ана беттегі құрбыма апарып бере салшы» деген соң, танауым делдиіп жүгіріп бара жатып сүрініп-құлап, сындырып алғанмын. Сыныптасым жылап, мені қарғап-сілегені бар-ды. Осы оқиға есімде қалып қойыпты» (Ақынның сұхбатынан).

Еңбек жолы

Айтақын Бұлғақов Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған педогогикалық университетін «Бастауыш сыныптар мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Үшарал аулындағы халық театрында (1977-1979), Аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі (1979-1982) болып еңбек еткен. 1982-84 жылдары Кеңес армиясы қатарында болған. Одан кейін аудандық мәдениет үйінде домбыра үйірмесінің жетекшісі (1984-1989), Талдықорған облыстық «Қазақ тілі қоғамында» (1990-1993), облыстық тіл басқармасында жетекші маман (1993-1994), облыстық телерадиода редактор (1994-1997), Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда баспасөз өкілі (2003-2008) қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап тәуелсіз басылым «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде бас редактор қызметінде.

Айтыскер ақын ретінде алғаш 1986 жылы Қазақ радиосының «Ұшқын» бағдарламасы ұйымдастырған «Әуе толқыны» айтысына қатысып, жеңімпаз атанған. 2001 жылы Семей қаласында өткен Тәуелсіздіктің 10 жылдығына, 2002 жылы Аңырақай шайқасының 270 жылдығына арналған республикалық айтыстарда 1-орынды иеленген. Бүгінге дейін 200-ге жуық республикалық халықаралық айтыстарға қатысқан. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» фильмінде (режиссері–А.Әшімов, 1993) бақсы рөлін сәтті сомдаған. 2000 жылы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның көркемсөз оқу шебері.

Жарымен қалай танысқан?

«Біздің махаббатымыз 8-сыныптан басталды. Менің анам сауыншы болды. Жәмила әпкесімен біздің малды ауылға келіп тұратын. Сөйтіп жүріп, бір-бірімізбен тіл табыстық. Содан бала кезден басталған тұнық сезіміміз, қарым-қатынасымыз сол тұнық күйінде келе жатыр. Бір жерге іссапарға кетіп, бір-бірімізді бір апта көрмей қалсақ, кәдімгідей сағынып қаламыз. Енді отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, әрине. Бірақ, әрі кетсе бір сағаттан аспайды, бір-бірімізге деген ренішіміз сейіліп, ашуымыз тез тарқап кетеді. Мұңымыз да, сырымыз да бір болып, осылай тату-тәтті өмір сүріп келеміз» (Ақынның сұхбатынан).

https://www.youtube.com/watch?v=l9g215jDTLU

Отбасы

Екі баласы бар. Үл­кені — Арман. Жаркент қаласындағы шекара отрядында келісімшарт бойынша қызмет атқарған. Қазір басқа жұмысқа ауысқан. Кіші баласы — Жандарбек бүгінде әке жолын қуған айтыскер ақын. Үйленген, қазір Астана қаласына тұрады. Зайыбының есімі -Жәмила.

Жетістіктері

Айтақын Бұлғақов республикалық халық театрлар байқауының лауреаты, Қазақтың ұлы тұлғасы Мұхамеджан Тынышбаевтың тарихи мұрасын зерттеуге үлес қосқаны үшін «Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына-130 жыл» медалімен марапатталған. Ол Монғолия демакратиялық партиясының «Монғолия тәуелсіздігінің құқығын қорғаудағы ісіне қосқан үлесі үшін» орденімен, Монғолия  Жастар Одағының жоғарғы сыйлығы «Көшбасшы» алтын медалін иеленген. Сондай-ақ, айтыскер ақын бірнеше республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы.

]]>
http://juldyz.kz/2017/03/27/ajtaqyn-bulghaqov/feed/ 0
Нұрлан Мәукенұлы (1960-2003) http://juldyz.kz/2017/02/28/nurlan-maukenuly-1960-2003/ http://juldyz.kz/2017/02/28/nurlan-maukenuly-1960-2003/#comments Tue, 28 Feb 2017 05:11:46 +0000 http://juldyz.kz/?p=8034 Нұрлан Мәукенұлы 1960 жылы 25 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген.

Бала Нұрлан

Әжесі өлеңші кісі болыпты. Айтысып, жеңіп кететін. Анасының айтуынша, Нұрланға ақындық сол кісіден дарыған.

Еңбек жолы

Нұрлан Мәукенұлы 1984 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы КИМЭП-тің саясаттану бөлімін бітірген. Ол еңбек жолын құрылысшы болып бастаған. Кейін «Ана тілі» — »Жалын» бірлескен басылымы бас редакторының орынбасары болып істеді.

Шығармашылығы

Ақынның «Аудитория», «Қарлығаш» жыр топтамаларында өлеңдері жарияланған. 1995 жылы «Бойтұмар» алғашқы жыр жинағы жарық көрді. 2008 жылы « Сұңқарбұлақ» атты поэзиялық кітабы шықты. Нұрлан бірнеше мүшәйралардың, Алматыда өткен Түрік дүниесі поэзиясы фестивалінің жүлдегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған. Ақын өмірден өткен соң «Зерде» қайырымдылық қоры мен «Жұлдыз» журналының ұйымдастыруымен Н.Мәукенұлы атындағы жыр мүшәйрасы өткен.

Болмысы қандай болған?

«Негізі, Нұрланның мінезі тұйық, көп адаммен аралас-құраласы жоқ, саяқ­тау жүретін. Отырыстарда топты жарып, сөз сұрап, «мен білемін, мен айтайын» де­ген кеудемсоқ мінезден ада, өзіндік көр­кем мінезі, өзіндік жұмбақ жан әлемі бар жігіт-ті. Қаламынан керемет ойлы жыр туып жатса да ол студент жыл­дары басылым беттеріне өз өлең­дерін көп жариялай қойған жоқ. Сту­дент бола жүріп, алғашқы кітаптарын шыға­рып үлгерген пысықайлардың қа­тарынан емес-тұғын» (Нұртөре Жүсіптің естелігінен).

]]>
http://juldyz.kz/2017/02/28/nurlan-maukenuly-1960-2003/feed/ 1
Марат Қабанбай (1948-2000) http://juldyz.kz/2017/02/27/marat-qabanbaj-1948-2000/ http://juldyz.kz/2017/02/27/marat-qabanbaj-1948-2000/#respond Mon, 27 Feb 2017 08:49:44 +0000 http://juldyz.kz/?p=8016 Марат Қабанбай 1948 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген. Ол — балалар жазушысы, публицист.

Бала Марат

Білетіндердің айтуынша, Марат жетімдік пен жоқшылықтың да тауқіметін тартқан көрінеді. Ауру анасы мен шиеттей іні-қарындастарын асырау үшін жазушы еңбекке ерте араласады.

Еңбек жолы

Марат Қабанбай 1975 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, 1966 – 1968 жылдары аудандық газетте корректор, əдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, «Лениншіл жас» газетінде, «Жалын» баспасында, Қазақ КСР баспа, полиграфия жəне кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет істейді. Ал 1995 – 1997 жылдары республикалық «Ана тілі» газеті редакторының орынбасары, 1999 жылдан өмірінің соңына дейін «СолДат» газетінің бас редакторы болып еңбек еткен Марат Қабанбай қазақ публицистикасының да тасының өрге домалауы жолында көп еңбек сіңірген. Еліміз алғаш тəуелсіздік алған жылдары Мараттың қаламынан туған мақалалар қазақтың тəуелсіз журналистикасының қалыптасуына игі ықпал етті. Үлкенді-кішілі талай журналистер оны ұстаз тұтты.

Болмысы қандай болған?

«Ол мінезді жазушы еді. Кейде ағынан ақтаралып, жетісіп тұрған мінезінің жоқ екенін өзі де мойындайтын. Онысы рас. Өйткені ол кез-келген адамның ығына жығыла бермейтін. Өзінің өмірге деген көзқарасы, принципі, ер-азамат ретінде ұстанған позициясы болды. Әсіресе Марат түйсігі шамалы, білімі жоқ, надан адамдармен сөйлескісі келмейтін.Ол көп оқыған, көп тоқыған өте мәдениетті адам болды» (жары Сәуленің естелігінен).

Отбасы

Отбасында жары Сәуле Хамзина және екі қызы бар.

Шығармалары

Жазушының шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. Негізгі тақырыбы: заман келбеті, жастардың өмір-тіршілігі; идеясы: адамды сүю. «Бақбақ басы толған күн» (1975), «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» (1977), «Жиһанкез Тити» (1982), «Пысық болдым, мінеки» (1983), «Қала мен қыз бала» (1984), «Қазақ, қайда барасың?» (1995), «Сурет салғым келмейді» (1995) аттыповес-тер мен әңгімелер топтамалары, «Көркем дәм» (1977), «Айшылық алыс жол» (1987) романдары жарық көрді. Шығармалары орыс тілінде «Арыстан, я, виоленчель» (1980, М., ), «Вот он я — бывалый» (1986, М.,), «Горький вкус» (1989), «Эхо» (1991) деген атпен басылып шықты. Жекелеген туындылары украин, молдован, латын, неміс тілдеріне аударылған

Марапаттары

Марат Қабанбай сексенінші жылдардың ортасында Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған. Бұл аса беделді дүниежүзілік сыйлық бұрын бүкіл Кеңес Одағы бойынша тек Михаил Алексеев деген орыс жазушысына берілген болатын. Демек, бұл марапат бойынша Совет Одағының тарихында Марат Қабанбай – екінші лауреат. Орыстар Алексеевті сол Андерсен сыйлығын алғаннан кейін бірден көкке көтеріп, Социалистік Еңбек Ері атағын бергені белгілі. Ал біздің басшылар ол кезде өз жазушымыз Марат Қабанбаевты кішкентай медальға да ұсынуды білмепті.

Өкінішке қарай, Марат Қабанбай 2000 жылдың 26-сəуірінде, небəрі 52 жасында қайтыс болады.

]]>
http://juldyz.kz/2017/02/27/marat-qabanbaj-1948-2000/feed/ 0
Асқар Сүлейменов (1938-1992) http://juldyz.kz/2017/02/20/asqar-sulejmenov/ http://juldyz.kz/2017/02/20/asqar-sulejmenov/#respond Mon, 20 Feb 2017 08:58:20 +0000 http://juldyz.kz/?p=7682 Асқар Сүлейменов 1938 жылы 29 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Шорнақ елді мекенінде дүниеге келген. Ол жазушы, әдебиет сыншысы, драматург.

Бала Асқар

Асқар бала кезінен кітапқұмар, дарынды болған. Шолаққорғандағы Калинин атындағы ортамектепті бітірген. Бала кезінде асық ойнағанды жақсы көрген. Пластинкалардан тек классикалық музыка тыңдаған. Жылқыны жанындай жақсы көрген. Үйде жылқының суреттері ілініп тұратын боғлан.

Әлия Бөпежановамен қалай танысты?

«Асекеңді алғаш рет 1980 жылы мамыр айында Жазушылар одағында көрдім. Жас сыншы Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» атты алғашқы жинағы талқыланатын болды. Төрдегі бір орын мен есік жақтағы екі орын бос екен. Солардың біріне отырдым. Екіншісіне бір кісі отырар-отырмастан қолын көтері, ортаға шықты. Бақыттың сыншылығы туралы айтты да есікке бет алды. Есіктен шығар тұста маған бұрылып қарап: «Бала, сіз мені тауып алыңыз!»-деді де, шығып жүре берді. Ішімнен «қызық адам екен» деп ойладым. Жұрттың сөзінен түсінгенім — ол қызық адам Асқар Сүлейменов екен. Бір күні Асекең маған: «Бала, сіз Айтотыға қыз болсаңызшы», — деп қалды. Сөздің астарын бірден түсінген мен алғашында қатты абдырадым да: «Айтотының қыздары баршылық қой» деп әзілге бұрып жібердім. Өйткені бұған еш дайын емес едім. Арада жарты жылдай уақыт өткенде «Айтотыға қыз болсаңызшы» деген сөзін қайталаған Асекең қарындасы Тыныштықтың мейрамханада өткен туған күніне құрбым екеумізді шақырып, туған-туыстарымен таныстырды. Содан көп ұзамай некеге тұруға өтініш бердік». (жары Әлия Бөпежанованың сұхбатынан)

Өмірінде қыздар көп болғаны рас па?

«Негізі әкем анамнан кейінгі кездестірген Жұпариса мен Медина деген екі қызға да ғашық болды. Оның бірі қырғыз елінің актрисасы Жұпариса екеуінің таныстықтары жазушы Смағұл Елубайдың үйінде бастау алыпты. Жұпариса әкемді қатты сүйді. Тіптен тұрмысқа шыққысы келді. Бірақ, әкем «Қыздың обалына қаламын. Менімен болашағы болмайды» деп бас тартыпты.

Ал Медина Дағыстанның қызы еді. Өте сұлу, қыр мұрынды, Айтотыға қатты ұқсайтын. Шашы қысқа, ортаға бөлінген болатын. Мединаның күліп түскен суреті әкемнің қағаздарының ішінде жүретін. Анда-санда қарап қоятынын байқап қалатынмын.Бірақ, әкем жаңағыдай «обалына қалармын» деді ме, белгісіз, отбасын құра алмады. Екеуінің жас айырмашылығы 20-21 жас болатын». (қызы Қарагөз Сүлейменованың сұхбатынан)

«Қарғын» романының басты кейіпкері кім?

«Жасынның прототипі — Асқар. Себебі ондай мінез Асқардан басқа адамда жоқ. Ол «жақсы көремін» деген сөзді айта алмайтын. «Махаббат» деген сөзді жек көретін. «Қарғын» романындағы Жасынның мінезі — тура Асқардың мінезі. Бірақ, олардың өмірлері екі басқа. Дегенмен, романдағы жігіт қыздың ернінен сүйгендігі айтылатын сөздер Асқардікі» (Дулат Исабековтің сұхбатынан)

Еңбек жолы

Асқар Сүлейменов 1959 жылы ҚазПИ-дің әдебиет-тарих факультетін(қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. 1962 жылы ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) аспирантурасын тәмамдаған. Оның 1961 жылы алғашқы сын мақаласы “Жол басы” “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде жарияланған.

Шығармалары

  • “Бесін” (1970);
  • “Адасқақ” (1988);
  • “Бесатар” (1996) прозалық шығармалары;
  • “Кек” (2001) драмалық жинағы;
  • “Болмыспен бетпе-бет” (2001) сыни-эстетикалық, өнертанушылық жинағы;
  • Төрт томдық шығармалар жинағы (2007-2009),
  • “Арғымақтар мен адамдар” деректі фильмінің (1977),
  • «Ас» («Құлагер») көркем фильмінің (1976) сценаршысы;
  • «Баянел» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу») сценарийін жазған;
  • «Кек» драмасы Шымкент (қазіргі ОҚО) облыстық драма театрында (1980, режиссері Қ.Жетпісбаев);
  • «Төрт тақта-жайнамаз» (1989), «Жетінші палата» (1993), (Қыздай жесір-штата қысқарту» (1994) драма-диалогтары бар.

Отбасы

«Асекең сырт көзге сыр бермегенмен, бала дегенде шығарда жаны бөлек болатын. Ұлы Әлішерді әскерде жүргенде Ауғанстанға алып кетпесін деп жанұшырды, қызы Қарагөз келгенде қандай бақытқа кенелді, мұны әдеби орта да жақсы біледі. Немересі Бекзатты хан көтерді, жиендерін де әлпештеді.

Әсмәға деген махаббаты да ерекше болды. «Миледи!» деп айтатын. Мысалы, «Миледи! Мен Сізді көңілімде аялап ұзақ күтіп едім. Жылқыға қалай берілсем – Сізді де соншалықты жақсы көремін» деген сипатта хаттар немесе Әсмәні алғашқы қарымен, алғашқы Жаңа жылымен, алғашқы Наурызымен құттықтаулар жазып қоятын. Жұмысында отырғанда күніне екі-үш рет үйге телефон соғатын. Әсмә әппақ, маңдайы кере қарыс болып, шалқасынан түсіп ұйықтап жатқанда, Асекең маңдайынан иіскеп, қайта-қайта Сегіз серінің «Гауһартас» әнінің мақамымен «Атқан таң,.. жаққан шам…» деп отыратын. Асекең дүние салған күні Әсмә жеті айға енді толған еді. Айтоты екеуміз түске дейін бардық қой, сонда кіргенде алғашқы сұрағы «бала, как Миледи?» болды» (жары Әлия Бөпежанованың сұхбатынан)

]]>
http://juldyz.kz/2017/02/20/asqar-sulejmenov/feed/ 0
Шыңғыс Айтматов (1928-2008) http://juldyz.kz/2017/02/17/shynhghys-ajtmatov-1928-2008/ http://juldyz.kz/2017/02/17/shynhghys-ajtmatov-1928-2008/#respond Fri, 17 Feb 2017 05:44:18 +0000 http://juldyz.kz/?p=7614 Шыңғыс Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда Қырғызстанның Талас өңірі, Шекер айылында дүниеге келген. Ол жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері және  Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі.

Балалық шағы

Шыңғыстың әкесі Төреқұл көрнекті партия қайраткері болған. Оқып жүрген кезінде жазған мақаласы үшін қара тізімге ілінеді. Сол кезде Төреқұл: «Мені ұстап әкетсе, «халық жауының әйелі» деп сені де жауапқа тартуы мүмкін. Балаларды алып, Шекерге бар. Ағайынның арасы ғой, бас-көз болар», — деп, әйелі Нағиманы төрт баласымен ауылына шығарып салады. Шыңғыс сол кезде 9 жаста болады.  Шыңғыс жеті жасында қырғыздың «Лениншіл жаш» газеті тілшісінің «Өскенде кім боласың?» деген сұрағына: «Шофер болғым келеді», — деп жауап берген. Мұның мәнісін жазушы кейіннен: «Ол кезде көзімізге ілуде бір шалынып қалатын машинаға деген құмарлығымыз ерекше еді. Бұл менің емес, өзім секілді бар баланың арманы болатын», — деп түсіндірген.

Жастық шағы

Тумысынан зерделі де мейірімді Шыңғыс бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласады, бауырларына ерекше қамқор бола біледі. Егін ору, қырман бастыру, өгіз арбай айдау сияқты шаруаларға құрдастарымен бірге білек сыбана кіріскен Шыңғыс бел жазбай еңбек етеді. Жұмыстан қолы қалт етсе, орыс классиктерінің шығармаларын оқиды. Сондай-ақ оқығандарын жанындағы адамға майын тамызып айтып беретін өнері болған.  Орысшаға жетік Шыңғысқа сол жылдары ауылдық кеңестің хатшысы міндеті жүктеледі. Сол себепті де екі жыл оқымай қалған ол мектептің бітуіне 1 жыл қалғанда ғана қайта жалғастырады. Одан кейін Жамбылдағы малдәрігерлік техникумының зоотехникалық бөліміне оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Сөйтіп, Бішкектегі ауыл шаруашылығы инсититутына оқуға түседі. Онда да озық оқу үлгерімімен көзге түседі Алайда, әділетсіздікке тап болады.

«Ағам Шыңғыс институтты үздік оқып жүріп, аспирантураға қалғалы тұрғанда «халық жауының»баласына сталиндік стипендия беріп жүргендерің қалай?» деп арыз түсіп, стипендиядан да, аспирантурадан да шеттетілді. Сонда да мойымай, демалыс күндері теміржолға барып қара жұмыс істеп, көмір мен ағаш түсіріп, ақша тауып жүрді. Табысын шашау шығармай жинап, қысқы демаоысқа келгенде бәрімізге бір-бірден киім әкелді. Маған жағасы үлкен, жылы пальто алыпты. Мұндай сырт киімді тұңғыш рет киюім». (Кенже қарындасы Розаның естелігінен)

Еңбек жолы

Шыңғыс 1953 жылы Қырғыз ауылшаруашылығы институтын бітірген соң Қазақстанның Жамбыл облысында зоотехник болып қызмет атқарған. 1956 — 1958 жылдары Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет курсында тыңдаушы, 1959 — 1960 жылдары “Литературный Киргизстан” журналының редакторы болады. 1960 — 1965 жылдары “Правда” газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, 1965 — 1986 жылдары Қырғызстан Кинематографистер одағының төрағасы қызметін атқарған. 1986 жылы Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1988 жылы “Иностранная литература” журналының Бас редакторы боп тағайындалады. Кейін 1990 жылы КСРО-ның Люксембургтегі елшісі болды. 1991 жылдан Қырғызстанның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.

Айтматовтың өміріндегі әйелдер

Өз сөзімен айтсақ, Шыңғыс Айтматовтың өмірінде үлкен із қалдырған бірнеше әйел заты бар. Бұл ретте, жазушы алғашқы жұбайы Керезге студент кезінде үйленген. Жастық шақтың албырт та қиян асуларынан бірге асқан Керез жазушының анасы На,иманы қщ анасындай сыйлап, көп жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді. Шыңғысқа Санжар, Асқар атты қос ұл сыйлайды. Келесі бір махаббаты жөнінде жазушының өзі: «Тәттібүбі Тұрсынбаева болса — бір кезде көңіл төрінде жанып-өшкен аяулы бейне…», — деп ағынан жарылған. Әйтсе де, солардың ішінде өзінің жанымен, тәнімен баураған өзінің сәулелі махаббаты қырғыз елінің атақты бишісі Бүбүсара Бейшаналиева екенін жасырмаған. Мінезіне көркі сай Бүбүсара жазушының шығармашылығына айрықша әсер еткен.

Бір-біріне деген ыстық сезім оянған сәттен бастап, қашан Бүбүсара қайтыс болғанға дейін, яғни 14 жыл бойы қарым-қатынастарын үзбеген қос ғашық «Мың бір түн» хикаясындағыдай небір ғажайып сәттерді бастан өткерген. Алайда, Бүбүсара үйленуге келісім бермеген. Сүйген адамы үшін жеке бақытынан да бас тартқан Бүбүсара ақыры қатерлі ісікке шалдығады. Бір жарым жыл қатты қиналып, қайтыс болады. Жан күйзелісіне шыдай алмай жүрген шағында тағдыр Шыңғысты Мариямментабыстырады. Содан бастап 35  жылға жуық, яғни өмірінің соңына дейін жарасымды ғұмыр кешкен бұл жарынан Шыңғыс Шырын атты қыз, Эльдар атты ұл сүйеді.

Болмысы қандай болған?

«Әкем ерте тұрғанды жақсы көретін. Өз заттарына тап-тұйнақтай болатын, жұмыс үстелі ешқашан шашылып жатпайтын. Әр затының қай жерде тұратынын жақсы білетін. Ал адамдармен қарым-қатынаста өте ашық адам болатын. Ақыл айтып, ділмарсығанды ұнатпайтын. Өз үлгісімен тәрбиелейтін». (Қызы Шырын Айтматованың естелігінен)

]]>
http://juldyz.kz/2017/02/17/shynhghys-ajtmatov-1928-2008/feed/ 0
Жүрсін Ерман http://juldyz.kz/2017/02/13/zhursin-erman/ http://juldyz.kz/2017/02/13/zhursin-erman/#respond Mon, 13 Feb 2017 10:02:20 +0000 http://juldyz.kz/?p=7470 Жүрсін Ерман 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Байқоңыр кеңшарында дүниеге келген. Ол ақын, публицист.

Балалық шағы

Ақынның балалық шағы өте қиын болған. Шеткері жатқан, мал баққан ауылда бір орыс көрмей өскен. Анасы еңбек ардагері болса, ал әкесі 1943 жылы соғыстан жаралы боп келіп, Жүрсін 1-сыныпқа барғанда қайтыс болды. Әкесінің туған інісі Әбсат Жүрсінді оқытып жеткізеді. Анасының Жүрсінге ертегі айтуға уақыты болмаған. Балаларын жеткізу үшін әйел екеніне қарамастан отын да, су да тасып, мал да баққан. Өмірдің талай тауқыметін тартқан. Жүрсіннің 49 жасқа келгенде анасы 90 жасында дүниеден өткен.

Еңбек жолы

Жүрсін 15 жасында аудандық газетке әдеби қызметкер ретінде жұмысқа тұрады.17 жасында бөлім меңгерушісі болып тағайындалады. Ол жұмысшы жастардың кешкі мектебін аяқтап, Алматыдағы Абай атындағы пединститутқа оқуға қабылданады. 1992-1994 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1995-1997 жылдары «Жұлдыз» журналындағы поэзия бөлімінің меңгерушісі болады. 2003 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғылыми қызметкері, 2006 жылдан 2009 жылдың қазан айына дейін «Қазақстан» РТРК Қазақ республикалық радио бас директорлығына тағайындалды.

«1 жылдан кейін жазғы демалыста ауылға барсам, әкемнің малшы інісі: «Қандай оқу оқып жатырсың?» — деп сұрады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатынымды айтқанда, ол кісі: «Сол үшін Алматыға кеттің бе? Сапарғали сырттай оқып-ақ мұғалім болған», — деді кекетіп. Осы сөзден кейін мұғалім болғым келмей, дереу қалаға келдім де, оқудан шығып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне қайта тапсырдым.Сол бала қылығыма әлі өкінемін». (Автордың сұхбатынан)

Жүрсін Ерман 17 жасында үйленген. 1971 жылы 20 жасында телеарнаға аға редактор болып қабылданады. Бір жарым айдан кейін 3 бөлмелі пәтер береді. Сол жерде 9 жыл жұмыс істеп, бас редакторлыққа дейін көтерілген.

«Жалғыз ұлым» әнінің шығу тарихы

Бұл өлеңді ақын жалғыз ұлы Дарханға арнап жазған. 2006 жылы «Құдіретке жүгіну» деген кітабы шығады. Сазгер Жарылқасын Дәулет осы кітаптан өлеңді көріп, оған әуен жазған. Сосын Жарылқасын аға оны Еркінге берген. Ол қазір нақышына келтіріп, орындап жүр.

Отбасы

Қазақ айтысын халқымен қайта қауыштырған Жүрсін Ерман 17 жасында шаңырақ көтерген. Жүрсін бойжеткен Бақытжамалды алғаш рет 1966 жылы Ұлытау ауданында жастардың кешкі отырысында көрген. Қаладан келген сұлу қызды жігіт бірден ұнатады. Әдемі қыздың әр ізін аңдып, соңында қыздың жүрегін жаулап алады. 1968 жылы екі жас бір отбасы болуды ұйғарады. Бақытжамал көп жылдар теледидар дикторы болып қызмет істеген. Отбасында Қызғалдақ, Ардақ есімді қыздары мен Дархан атты ұлдары бар. Жүрсін мен Бақытжамал бүгінде немере сүйіп, шөбере көрген бақытты ата-әже.
Бірінші қызы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында қуыршақ театрының режиссері мамандығын бітірген. Екінші қызы тіл мен әдебиет мамандығын бітірген, шағын кәсіппен айналысады. Жалғыз ұлы — дипломат. Бірақ, басқа салада үлкен мекемені басқарып отыр.

Марапаттары

Жүрсін Ерман Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. Сондай-ақ, ол «Ана тілі» халықаралық қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері және Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Құрметті азаматы (2008). Ал әскери атағы — запастағы офицер.

]]>
http://juldyz.kz/2017/02/13/zhursin-erman/feed/ 0
Есенқұл Жақыпбек (1954-2013) http://juldyz.kz/2017/02/10/esenqul-zhaqypbek-1954-2013/ http://juldyz.kz/2017/02/10/esenqul-zhaqypbek-1954-2013/#respond Fri, 10 Feb 2017 10:06:08 +0000 http://juldyz.kz/?p=7392 Есенқұл Жақыпбек 1954 жылы 10 ақпан күні Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Ол айтыскер, ақын, журналист.

Бала Есенқұл

Есенқұлдың әкесі ғажап домбырашы, ақын болған. Соғыстың алдында опера театрында қызмет еткен. Абайдың әндерін ғажап орындаған.  6-сыныптан бастап Есенқұлдың өлеңдері баспасөзде жарық көре бастаған. Әскерден келген соң совхозда құрылысшы болып жасайды. Балшық илеп, қара жұмыс істейді. Бір күні оны журналист ретінде «Атамекен» аудандық газетіне жұмысқа шақырады. Сол жерде Сейдахмет Бердіқұлов, Оспанхан Әубәкіровтен үлкен сабақ алып, тәрбиеленіп шығады.

Жарымен қалай танысқан?

Біз 1977 жылы күзде таныстық. Есенқұл жұмыс істейтін Ұзынағаштағы «Екпінді еңбек» газеті редакциясының ғимараты біздің көшеде орналасқан болатын. Арасын үш-төрт үй ғана бөліп тұрған. Көшенің қарама-қарсы бетінде жақын құрбым тұртын. Құрбымның үйіне барып-келіп жүргенде ол мені көшеден көреді екен. Менің бір жеңгем де сол редакцияда жмыс істейтін. Есенқұл сол жеңгеме бір күні: «Осы көшеден үнемі бір қыз өтеді. Сол қызбен таныссам қалай болар екен?» — депті. «Ол қызбен танысаң бағың жанады. Ол жалғыз шешесін асырап отырған қыз», — деп жеңгем де мені мақтапты.

Бір күні Есенқұл «Қарындас, танысуға қалай қарайсыз?» деп тоқтатты. Сөйтіп екеуміз танысып кеттік. (Жары Меңсұлудың естелігінен)

Айтысқа қалай келді?

Айтысқа қатысам деген ойым болмаған. Газеттен мені айтыс өтетін жерге «сұхбат алып кел» деп жіберді. Барсам, ақындар қағазға қарап айтысып отыр. «Мұндай айтысқа мен де қатысам» дедім. «Қағазға қарамай айтысам» десем, «болмайды» дейді. «Айтатыныңды қағазға жазып алып, аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің мөрін басып алып кел» деді. Ол кезде әр сөзіңді тексеретін. Үгіт-насихат бөлімін басқаратын Дүйсенғалиев деген кісі мүлде қазақша білмейтін. Өлең жолдарында коммунистік партия деген сөздер бар болса, мөр басып жібере беретін. Мен де өлеңдеріме мөр бастырып алып келдім. Бірақ, айтысқа шыққанда қағазымды жауып қойып, суырыпсалма соға бердім. Оным бәріне бір керемет көрініп, бас жүлдені жеңіп алдым. (Ақынның естелігінен)

«Алдай-ау» әні қашан шықты?

Ол есейген кездегі оқиға. Жанның күйзелісіне шыдас бермей, ер жерден тірек таппай жүрген кез. Бір досым «осындай жерде емші бар, соған барайық» деді. «Бармаймын» деп қырсыққаныммен, жан шыдатпаған соң бардым. Үйіне кіре салысымен: «Кір, ақын бала. Сенің келгенің дұрыс болды», — деп жатыр. Менің сенгім келмейді. Бірақ «халтурщик» еместігі көрініп тұр. Жаныма еріп келгендерді де сыртқа жіберді де, екеуміз қалдық. «Әй, сені қатты қысып жүр екен-ау, көрген күнің иттікіндей екен. Бірақ, сен елге керексің. Мен Алладан жақсылап тұрып тілек тілейін, сен отыр» — деді. Ол кезде діннен мүлде хабарымыз жоқ. Ана кісінің тістері болмаған соң Алла деуге тілі келмей «Алдай-ау, Алдай» деп селкілдеп тұрып сұрағанында, меінң көзімнен еріксіз жас парлап кетті. Содан кейін мені бір бөлмесіне жатқызып қойды. Жанымда сол кісінің домбырасы жатыр екен. Домбыраны ала салып, құлағымнан кетпей тұрған үнді сала бастадым. Осылайша «Алдай-ау» әні туды. Әлгі кісі қайтып келгенде айтып бердім. «О, міне, қырсығың енді кесілді сенің» деді. Содан құлан-таза айығып кеттім. (Ақынның өз естелігінен)

Есенқұлдың мінезі қандай болған?

Оның мінезі өте жайлы болған. Ұрсысу дегенді білмеген. Өте көпшіл болған. Үйге қонақ келсе қуанған. Өлеңді көбіне таңғы намаздан кейін жазған.

Өмірден өтерінде…

2013 жылдың 13 қарашасында «31 арнаның» өзіне арналған «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасына қатысып, үйге түнгі сағат 1-ден аса келді. «Тамақ ішпеймін, жолда бір кафеде жігіттермен бірге отырып, тамақтандым. Тек бір кесе суық шай берші», — деді. Сосын мен: «Бағдарлама қалай өтті?» — деп әңгіме сұрай бастап едім: «Қазір шаршап тұрмын, еретң таңғы шай үстінде айтайын»-  деді. Мен есіктерді жауып, үйдің ұсақ-түйек жұмыстарын істеп келгенше, ол қаза болған намаздарын оқып, ұйықтап қалыпты. «Әбден шаршаған екен, мазасын алмайын» деп басқа бөлмеге жата салдым. Таңғы сағат бестің кезінде өз-өзімнен оянып кеттім. Есенқұл қиналып жатыр екен. Кейде осылай қиналғанда оятып жіберіп, дәрі беретінмін. Ары-бері оятамын, оянбайды. Бірден жедел жәрдемге хабарластым. Тілін жұтып қоймасын деп, қасықпен аузын ашып едім, терең бір күрсінді де үзіліп кетті…Жүрегі бұрыннан нашар еді. Бірақ, соңғы уақытта еш ауырмай, жап-жақсы-ақ жүрген еді. Алдында ғана  күнге саяжайға барып демалып келген. Темекісін тастаған болатын.

Отбасы

Жары Меңсұлу, ұлы Дәурен — мемлекеттік қызметкер. Қызы Доскүл — мектепте мұғалім. Бес немересі бар.

Марапаттары

Есенқұл Жақыпбек Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және Президент стипендиясының лауреаты. Сондай-ақ,  «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері. Ол алпыс жасқа қараған шағында дүниеден озды.  Ақынның алғашқы өлендері 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» атты жинаққа енген. «Бастау», «Біз екеуміз», «Ағымнан жарылам ын», «Жерге табын», «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», «Біздің елдің жігіттері», «Бұл жаз да өтер», «Жетісу жырлайды», «Сарғайған сары терезе», «Тау басында кәрі қар», «Тазқара құстың тағдыры» сынды оннан аса кітаптары оқырман жүрегінен жол тапқан. Екі жүзге жуық өлеңдеріне ән жазылды. «Қара күз», «Алдай-ау», «Жұлдыздар бәрін болжайды», «Тұманды түн» сияқты жиырмаға жуық ән шығарған сазгерлік қыры да халық арасына кеңінен тараған. Айтыс аламанында отыз жылдан астам уақыт тер төгіп, телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы атанған.

]]>
http://juldyz.kz/2017/02/10/esenqul-zhaqypbek-1954-2013/feed/ 0