Құрметті оқырман!

Біздің журналдарымыз – мемлекеттің қаржысына шығып жатқан биліктің баспасөзі емес, ақ сөйлеп, адалын айтып, оқырман сеніміне кірудің арқасында өзін-өзі қаржыландырып келе жатқан тәуелсіз басылымдар. Өздеріңізге белгілі саяси қысымдар мен (журналдың қағазы мен баспахана шығындарының, тарату қызметінің қымбаттауы және теңге девальвациясының тоқтамауы сияқты) материалдық қиындықтардың зардабынан соңғы жылдары журналдарымыздың таралымы төмендеді, редакция қаражаты таусылды. Бұрын оқырманға 30-40 журналиспен қызмет көрсетсек, бүгінде 4-5 адам қалдық. Журнал жабылып қалмасын деп, астымдағы қымбат автокөлігімді де сатуға мәжбүр болдым.

Мен Жарылқап Қалыбай, сіздердің маған сеніп, ондаған жылдар бойы «Жұлдыздар отбасы» және «АҢЫЗ АДАМ» журналдарына жазылып немесе сатып алып оқығандарыңызға рахмет айтамын. Өкінішке орай, саясат пен нарық қыспағына байланысты біздің журналдарымыз соңғы 4-5 жыл бойы қаржылық шығындардан көз ашпады. Әр жылы біз үміт етіп осы жылы оқырман қауым журналымызға жаппай жазылып, өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетеді деп ойлаған үмітіміз ақталар емес. Әсіресе, биыл 2020 жылға жазылған «20 жылқы + 8 түйе» ғаламат бәйгесіне қатысатын оқырмандар саны 400-ге жуық болды. Қымбат қағаз бен баспахана шығындарын, журналдар­­д­ы тарату мен сату, үкіметке салық төлеу шығындарын, журналистерге жалақы мен қаламақы төлеу шығындарын, кеңсе заттары мен коммуналдық шығындарын бұл жазылушылар саны қалған бір айдың ішінде 400 емес, 4000 болса да өзін-өзі ақтай алмайтыны көзге анық көрініп тұр. Сондықтан, мен сіздерден басымды иіп, кешірім сұрай отырып, 2020 жылға жазылуды тоқтататынымды, сіздердің редакцияға төлеген ақшаларыңызды бір тиынына дейін қалдырмай өздеріңізге кері қайтарып беретінімді, сөйтіп «20 жылқы + 8 түйе» ғаламат бәйгесін өткізе алмайтынымды өкінішпен хабарлаймын. Маған және «Жұлдыздар отбасы» — «АҢЫЗ АДАМ» деген медиа-брендтің атына сеніп, журналымызға жазылған 400-дей оқырманға алғысымды айтып, ризашылығымды білдіремін. (Жазылған оқырмандар қай пошта бөлімшесі арқылы жазылған болса, сол Қазпоштадан барып төлеген ақшасын қайтарып алсын. Ал Каспий голд банк картасы арқылы жазылғандарға редакция қызметкері кері қайтарып береді).

Ал мұндай жақсы журналдардың шығару құқын сатып алып, осыдан әрі қарай шығаруды жалғастырамын деген талапкер құрылтайшы табылып жатса, қуана-қуана эстафета таяқшасын тапсырамын. Яғни, біз тоқтағанмен шығарушы табылса «Жұлдыздар отбасы» және «АҢЫЗ АДАМ» журналдарының жобасы жалғаса беретін болады, табылмаса осы жылдың 24-ші (ең соңғы) санын шығарып, сіздермен қоштасамын.

Сондай-ақ, Жаңа жылдан бастап журналдарымыздың осы күнге дейін шыққан 200-300 сандарының электрондық нұсқасын арнаулы сайтқа қойып, қалаған оқырмандарға электрондық нұсқада сататын боламыз.

Мен, Жарылқап Қалыбай «Жұлдыздар отбасы» және «АҢЫЗ АДАМ» журналдарының газет кезінен бастап бүгінгі журнал нұсқасына дейінгі бүкіл оқырмандарын жақсы көремін, сіздерге зор денсаулық, толағай табыс, отбасылық бақыт тілеймін!

Келешекте басқа бір басылым жобасымен қайта қауышуымыз  да мүмкін. Сол күндерге дейін сау-саламат болыңыздар!

Құрметпен, Жарылқап Қалыбай
26 қараша 2019 жыл

Пікір қосу