– Салтанат, «Томирис» фильмінде 15 жасар Томиристің образын өте жоғары деңгейде сомдап шықтың. Жалпы бұл фильмге қалай келдің?
– Сәлеметсіздер ме, көп рахмет. Әлеуметтік желіде «Қазақфильмнің» «Томирис» фильміне іріктеу өткізгелі жатқандығын естідім. Содан қызығып, өзімді сынап көргім келіп, кастинг директорына «Іріктеу Нұр-Сұлтанда бола ма? Не алып келу керек?» деп инстаграмнан жазып едім, ол кісі маған «өзіңмен бірге талантыңды алып келсең жетеді» деді. Сөйтіп, іріктеуге таңғы сағат 8-де бардым, сол уақыттың өзінде 100 шақты адам келген екен. Өз кезегімді күтіп, әрең дегенде түскі сағат екіде кірдім. Тексерушілер дауыс, актерлік шеберлік, импровизация – барлық жағынан сынады. Менің басқалардан ерекшелене алған тұсым – табиғи қасым. Себебі, менің қасым жұлынбаған. Кастингтегі кісілер қасымның қалыңдығына, қоюлығына қатты қызықты. Іріктеуден өткен соң бірден маған «қасыңды жұлма, шашыңды бояма, кеспе» деп тапсырма берді. Осылайша фильмде маған 15 жастағы Томиристың образы бұйырды.
– Күні кеше ғана аталмыш фильм жарыққа шықты. Фильм өзіңнің көңіліңнен шықты ма?
– Томирис – бұл менің кино саласындағы ең алғашқы образым. Осындай жауапкершілігі мол рөлдің маған бұйырғанына қуаныштымын. Фильмнің алғашқы көрсетілімі еліміздің үш қаласында өтті. Нұр-Сұлтан қаласында өткен көрсетілімінде анаммен бірге қызыл кілемнен жүріп өттік. Кейін Алматы және арнайы шақыртумен Қарағанды қаласында көрсетілімге бардық. Қарағанды – режиссер Ақан Сатаевтың туған өлкесі, сондықтан ол жақтағы кісілер бізді арнайы шақыртты.
Фильмді үш рет көріп шықтым. Бірақ алғашында фильмді көрермен ретінде рахаттанып көре алмадым. Кино әлеміндегі алғашқы қадамым болғандықтан, көрсетілім бойы актерлік шеберлігіме мән беріп, зерттеп, уайымдап отырдым. Ал екінші рет Алматы қаласында көргенімде екінші пландағы реквизиттерге, кос­тюмдерге көңіл бөле бастадым. Тек үшіншісінде ғана өзімнің ол фильмде ойнағанымды, жеке-жеке реквизиттерге мән бермей, барлығын ұмытып, көрермен ретінде фильмді тамашаладым. Сол кезде ғана киноны жүректен өткізіп, рахат сезімге бөлендім.
Жалпы бұл жобаға қатысқан әрбір адам бар күш-жігерін салып еңбектенді. Мұнда актерлерден бөлек, камера сыртында жұмыс істеген қаншама адамдардың еңбегі жатыр. Өзім де образымды ашу үшін өзімді нағыз Томиристей сезініп, кейіпкерімнің өмірін тұла бойымнан өткізуге тырыстым. Ешқандай жасандылықты қоспай, шынайы сезініп ойнағандықтан да халыққа ұнаған шығар. Жүректен шыққан нәрсе жүрекке жетеді емес пе?!Картинки по запросу салтанат серкебаева– Иә, халықтың ықыласына қарасам, фильм көпшілікке ұнаған секілді. Бірақ сонда да сын айтушылар болды ма?
– Фильмнің шыққанына екі апта болды. Осы уақыт ішінде менің әлеуметтік желідегі парақшама 10 мыңнан астам адам жазылды. Кинотеатрға барып фильмді көрген адамдар бізді белгілеп, жылы лебіздерін білдіруде. Тіпті арасында «алғашқы қадамың дегенге сенбейміз. Кәсіби актриса сияқтысың» дегендер де болды. Ал жағымсыз пікірді әлі естемедім. Тек бір танысым «неге фильмге қазақтың қыздарын таңдамаған?» деген пікірді естіп қалған екен. Соған қарағанда бізді басқа ұлт өкілінің қыздары деп ойлайды екен (күлді). Негізі, адамдар өмірде де мені түрік немесе татардың қызы деп қалады. Олай ойлаған жандарға айтарым: мен – қазақтың қызымын.
– Айтпақшы, Томиристі сомдаған Әлмира, Лия және сіз апалы-сіңлідей бір-біріңізден аумайды екенсіздер. Шынымен туыс емессіздер ме?
– Жоқ, ешқандай да туыстық қатынасымыз жоқ. Бірақ танысқалы бері шынымен де апалы-сіңлідей араласып кеттік. Маған әсіресе, Әлмирамен жұмыс істеген ұнады. Әлмира – психолог. Адамды жақсы түсінеді, өз кейіпкерінің жанын да, тағдырын да түсіне алды деп ойлаймын. Жұрттың бәрі бір-бірімізге ұқсайтындығымызды жиі айтады. Тіпті, киноны көрген адамдар «Томиристің образында Салтанат пен Әлмираның қашан ауысып кеткенін байқаймай да қаласың» деп жатады.
– Томирис – бұл ойдан құрастырылған емес, тарих сахнасында бар тұлға. Сол себепті, меніңше, бұл рөлді сомдап шығу үшін әртістің актерлік шеберлігінің жақсы болуы аздық етеді. Кейіпкеріңізді жіті тану үшін тарих беттеріне қайта үңілдіңіз бе?
– Негізі, осыған дейін Томирис жайлы мектеп бағдарламасының «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» кітаптарынан ғана оқығанмын. Сол кітаптар бойынша сақ патшайы­мы туралы аздап хабарым бар. Бірақ мені 15 жасар Томиристің рөліне нақты бекіткен соң, шынымен ол туралы білмегенім ұят болар деп, ғаламтор желісінен Томирис патшайым, сақтар жайлы деректер іздей бастадым. Бір қызығы, әр елдің тарихында Томирис патшайым әртүрлі сипатталады екен. Мәселен, біздің тарихымызда Тұмар (Томирис) патшайымды қоңыр-сары шашты, көк көзді, ірі денелі ару етіп сипаттаса, басқа елдің тарихында оны қара шашты, қысыңқы көзді, аласа бойлы деп те бейнелейді екен. Өкінішке қарай, осыдан үш жыл бұрын оқығандығымнан, қай елдің тарихы екендігі есімнен шығып отыр. Бірақ осындай қызықты ақпаратты оқығанмын.
– Өзің өте нәзік қыз екенсің. Аттың үстінде шабу, садақ атып, қылыштасу қиынға соқпады ма? Әлде каскадердің көмегіне жүгінуге тура келді ме?
– Түсірілімге дейін екі ай бойы бізде Nomad каскадерлік клубында дайындықтар өтті. Олар атқа мінуді, қылыштасуды, садақ атуды үйретті. Сенесіз бе, қалада өскендіктен аттың үстінде шаппақ тұрмақ, жай мініп те көрген емеспін. Әрине, алғашында қорқынышты болды. Бірақ каскадерлердің арқасында ол қорқынышты да жеңдік.
Фильмде мен ешқандай каскадердің көмегіне жүгінбедім. Режиссер Ақан Сатаев үшін актерлердің қауіпсіздігі бірінші орында. Сондықтан қиын әдістерді кәсіби мамандар, яғни каскадерлердің істегені абзал деп санайды. Бірақ мен бой бермей, олардың рұқсатын алып, өзім аттың үстінде қолымды жіберіп шауып, аттың астынан аунап өтіп, қылыштасып, садақ аттым. Шыны керек, жауынгер болуға сәл-сәл қалдым (күлді).
Негізі, әр ғасырда садақты адамдар әртүрлі әдіспен атқан екен. Nomad каскадерлік клубындағылар тарих беттерін ақтара, ежелгі заманнан қалған, таста қашалған сурет, бейнелерді зерттей отыра сол кездегі сақтардың қалай садақ атқанын да анықтаған. Мен де бұл фильмде ІV-VІ ғасырлардағы сақ тайпасының өкілдері секілді садақ атуды үйрендім.Похожее изображение
– Меніңше, атқа алғаш мінген қыздың мұндай нар тәуекелдерге баруы үлкен ерлік. Жарақаттанып қалмадың ба?
– Құдайға шүкір, ешқандай қауіпті жарақат алмадым. Бірақ садақты атқан кезде садақтың басындағы қауырсандары қолымды кесіп жіберетін. Дайындық уақытында қолым қан-қан болып жүретінмін.
– Актриса Әлмира Тұрсын түсірілім барысында тіл жағынан қиналғандығын жеткізді. Ал сен үшін не нәрсе қиынға соқты?
– Фильмде актерлер үш тілде сөйледі. Томирис және оның жанындағылар көне түрік тілінде, ал Кир патша көне парсы тілінде сөйлесе, оқиғаның барлығын айтып отыратын әл-Фараби бабымыз араб тілінде баяндайды. Күнделікті қолданыста жүрген қазақ, орыс немесе ағылшын тілі болмағандықтан, аздап ауырлау болды. Мәтініңді ұмытып қалсаң, ойдан құрастырып, импровизация жасай алмайсың. Сол себепті сценарийде қалай жазылған, дәл солай айтуың керек.
Ал физикалық тұрғыдан қарасақ, алдын ала кас­кадерлермен дайындалғанның арқасында аттан құлағанымның өзі маған жеңіл болып көрінді.
Фильмде Томирис қамыстың арасында, көк аспанға қарап жатып әкесіне «өзімнің тағымды қайтарамын» деп ант беретін сәті бар. Сол жерді түсіру мен үшін қиынға соқты. Себебі, жерде жатып, көзді ашып, ашық көк аспанға ұзақ қарап жату өте қиын екен. Режиссердің тапсырмасы болғандықтан, барынша ол кісі айтқандай істеуге тырыстым. Бірақ кинода байқаған шығарсыздар, көзімді әрең ашып жаттым. Алайда бір қуантатыны, фильмнің дәл осы сахнасы халықтың көбісінің жадында сақталып, әсер еткен эпизодтың бірі екен.
– Ал кейіпкерлердің қазақ және орыс тіліндегі даусын да өздеріңіз дыбыстадыңыздар ма?
– Жоқ. Біз фильмде көне түрік тілінде ғана сөйледік. Түсірілім кезінде көне түрік, парсы тіліндегі естілмей қалған кей сөздерді студияға келіп қайта дыбыстағанымыз болмаса, қазақ тілі мен орыс тілінде даусымызды арнайы тіл мамандары дыбыстады.Картинки по запросу салтанат серкебаева
– Кейбір адамдар «Томирис» фильмін саяси мақсатта түсірген. Жақында Дариға Назарбаева президент атанады. Ал бұл фильм әйел президентке халықты алдын ала дайындау мақсатында түсірілген жоба» деп көзқарастарын білдіріп жатыр. Ал сеніңше, бұл туындының шынымен саяси астары бар ма?
– Менің жасым небәрі жиырма бірде. Сондықтан саяси мәселелерді түсіне бермеймін. Алайда журналистер қауымы осы сұрақты режиссер Ақан Сатаевқа жиі қояды. Сол кезде Ақан аға: «Саясат пен өнерді араластыруға болмайды. Кино ол шығармашылық алаңы, саясат екеуі екі әлем», – деп жауап береді. Мен де ол кісінің осы жауабына қосыламын.
– Қазақстандық актерлердің көбісі режиссер Ақан Сатаевпен бірге жұмыс істегісі келетіндігі өтірік емес. Ал саған осындай мүмкіндік туған екен. Жалпы ол кісі қандай жан?
– Ақан Сатаев – өте адамгершілігі мол жан. Жұмысын өте тиянақты істейді, сондай-ақ шығармашылық ұжымның әрбір мүшесімен тығыз қарым-қатынаста. Ешкімді бөліп-жармайды, бәріне теңдей қарайды. Ол кісі фильмді жоғары деңгейде түсіру үшін бәрін жасайды, әрбір детальға мән береді.
Кино әлеміндегі алғашқы қадамым Ақан аға және Satai фильмімен басталғанына қуаныштымын.
– Одан кейін де басқа фильмдерге шақыртулар болды ма?
– Иә, болды. Бірақ келісімшарт бойынша «Томирис» фильмі жарыққа шықпағанша, басқа фильм, сериалдарға түсуге болмайды.
– Фильм жарыққа шықты, енді рұқсат шығар?
– Иә, алғашқы көрсетілім күні-ақ маған «Қазақфильмнен» қоңырау шалып, жаңа фильм­нен ұсыныс түсті. Бірақ маған ол жобадан бас тартуға тура келді. Себебі, ол жобаға бірден кірісуім керек екен, ал біздің мына жақта «Назар» тобымен алдын ала екі-үш айға жоспарымыз құрылған.
Бірақ меніңше, мен енді кино саласында әр қадамымды аңдап басуым қажет. Енді ұсыныстарға, ондағы кейіпкеріме аса мән беремін. Себебі, Томиристей патшайымнан кейін алдыма келген образдардың бәріне түсе беруім, актер ретінде өнеріме сын болар. Бір журналистің мақаласынан «Томиристі құлатқысы келетіндер бар екен» дегенді оқып қалдым. Тақтан құлату дегені осы образдан басқа образға ауыстыру деген сөзі ғой… Сол себепті ендігіде тақтан құлататын емес, керісінше тақтан да жоғары рөлдерді іздеуге тырысамын.
– Актриса ретінде бағыңыз жанып, сізді әншіліктен де үлкен жетістіктерге алып келсе не істейсіз? Актерлікке қарай ойысасыз ба?
– Меніңше, екі саланы қатар алып жүру қолымнан келеді. Оған екі салада да жүрген өнердегі аға-әпкелерім де мысал бола алады.Картинки по запросу салтанат серкебаева
– Ал продюсеріңіз Мөлдір Әуелбекова бұған қалай қарайды?
– Мөлдір ханым қолдауын білдіргені болмаса, еш қарсылығын көрсеткен емес. Мен «Томирис» фильмінің іріктеуіне «Назар» тобына қабылданбай жатып барғанмын. Кейін екі жақтың да жұмыс уақытын ыңғайлап жүрдім. Мөлдір ханымның адамгершілігі мол, түсіністікпен қарады.
– Туған жерің, отбасың туралы айтып өтсең.
– Мен Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының тумасымын. Қазір Нұр-Сұлтанда тұрып жатырмын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде медицина, ғылымға қызығатынмын. Содан 11-сыныпты бітірген соң Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің биотехнология мамандығына оқуға түстім, биыл тәмамдадым.
Балалық шағымнан бастап өнерге жақын болып өстім. Үш жасымнан сахнаға шығып, ән айттым. Түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатыстым. 2013 жылы Түркия елінде өткен ауқымды байқауға қатысып, ІІ-орын иелендім. Одан бөлек сұлулық байқауларына да қатысып, «Мисс Жезқазған», «Мисс Сәтбаев» жарыстарында бірінші орын иеленгенмін. Онымен қоса мектепте әскери жарыстарға да қатысатынмын. Бірде автоматты 6 секундта шашқанымда әскери офицерлер таңғалған еді. Жалпы 20 секундта автоматты шашып, жинап үлгердім. Сол кезде бұл қала бойынша қыздар арасындағы ең үздік көрсеткіш болды.
Үйде екі ағайындымыз. Сіңлім Ақнұр – Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 2-курс студенті. Анамыз Серкебаева Кенжегүл Қарағанды қаласында шахтер болып жұмыс істейді. Екі қызы үшін шахтадағы жұмысының ауыртпалығына төзіп жүрген анамызға алғысым шексіз.

Қызық оқиғасы:

Бізде түсірілімге дейін екі ай бойы Nomad каскадерлік клубында дайындықтар өтті. Бірақ мен тек бір апта ғана бара алдым. Себебі, емтихан уақытымен тұспа-тұс келіп қалды. Сол бір аптада атқа отыруды, қылыштасуды аздап үйрендім. Сөйтіп түсірілім басталды. Режиссердің талабы бойынша мен атқа мініп, қатты жылдамдықпен шабуым керек болды. Дайындықта атқа мініп, жай жүргенім болмаса, ешқашан шапқан емеспін. Қорықсам да, талап сондай болған соң, шаптым. Шауып келе жатып, құлап түстім. Дайындықта ат қашып кетпесін деп артынан жүгіретінбіз. Ана жерде де орнымнан атып тұрып, аттың соңынан жүгіріппін. Түсірілімдегілер мені бір жерін жарақаттап алдыма деп қорқып «өй, жүгірме» деп бәрі айқайлап жатыр екен. Бірақ бір жақсысы, еш жерімді жарақаттамадым. Мұны білген соң барлығы күліп, менің бірден тұрып кеткен қайсарлығыма тәнті болды..

Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

Пікір қосу