Фабрика қалай ашылды?
Рудольф пен Адольф Дасслерлер Германияның Херцогенаурах қаласында дүниеге келген. Рудольф отбасындағы үшінші, ал Адольф төртінші перзент. Екеуінің жас айырмашылығы – екі жас. Олардың отбасы өте қарапайым тұратын, әкесі аяқ киім тігуші, ал анасы кір жуушы болып жұмыс істейтін. Олар бос уақыттарында әкесінің де, анасының да жұмыстарына көмектесетін. Ағайынды екеудің мінездері бір-біріне мүлде ұқсамайтын еді. Адольф салмақты, байсалды болса, Рудольф өктем әрі қызба жігіт болатын. Картинки по запросу адидас и пума история
Ағайынды Дасслерлер тете өскеннен кейін бір-бірімен әрі сырлас, әрі бақталас та болды. Екеуі де бала кезінен спортқа құмар еді. Сол кезде-ақ спорттық жарыстарда (футбол, жүгіру, кітап оқу) үнемі қарсылас болып, бір-бірін басып озғысы келетін.
1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған уақытта екеуі де әскерге шақырылады. Соғыс бітіп, майдан шебінен аман-есен өткеннен кейін Рудольф әскери білім алуды мақсат етіп Мюнхенге кетеді, ал Адольф үйіне келеді. Адольфтің бала кезден спортқа деген құмарлығы спорттық аяқ киім жасауға деген қызығушылығын оятады. Сөйтіп, ол анасының жұмыс орнында, яғни, кір жуатын жерде алғашқы жұмысын бастайды. Көп ұзамай інісінің фабрика ашқалы жатқанын естіп, Рудольф та туған жеріне келеді.
Адольф керемет дизайнер әрі өте еңбекқор адам болған, ол күнімен-түнімен тынбай аяқ-киімдердің неше түрін жасайтын. Рудольфтің қолынан аяқ киім тігу келмесе де, оны сата алатын, өзі шешен сөйлейтін әрі бойында тумысынан кәсіпкерлік қабілет бар еді. Осылайша ағайынды Дасслерлердің бірі өнімнің дизайнын ойлап тауып, оны тіксе, екіншісі тұтынушылар тауып, оны сата білді. Олардың жетістіктерінің бас­ты құпиясы – осы.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдары кәсіп жасау адам бойынан үлкен батылдылықты қажет ететін. Өйткені, соғыстан кейін жұрт есін жия алмай, ел ішін дағдарыс белең алған шақ болатын. Мемлекеттің спортқа көңіл бөлетін жағдайы болмады. Осы қиындықтарға қарамастан, тәуекелге бел буған қос бауыр жұмыстарын сәтті түрде бастап кетті. Екеуінің мақсаттары айқын, армандары ортақ еді. 1924 жылы олар «Ағайынды Дасслерлер» деген атпен өздерінің алғашқы фирмасын ашады. Олар өнімдерінің сапасына айрықша мән беретін. Сондықтан тұтынушылар да риза болды. Осылайшы өнімнің саны мен сатып алушылардың саны да артып, компания дами түсті, фабриканың қызметкерлерінің де қатары көбейді.Картинки по запросу адидас и пума история
1928 жылы Рудольф 18 жасар Фридльға үйленеді. Ал алты жылдан соң Адольф 17 жасар Кэтемен отбасын құрады. Екеуінің әйелі де фабрикада жұмыс істейді. Фридль көнбіс, тұйық адам еді, ол фабриканың есеп-қисабын жүргізетін. Ал Кэте ойындағысын бетке айтатын, тікмінезді әрі билікқұмар әйел болған. Оны көбісі «Адольфке есеппен тұрмысқа шықты. Кэте болмаса, Адольф жалғыз өзі компания құра алмас еді. Кэте ол үшін кәсіпте ғана емес, жалпы өмірде қозғаушы күш болды» деп санайтын. Алғашында екі келіншек тату болғанмен, кейіннен араларында дау шыға бастады. Әйелдерінің арасындағы араздыққа қарамастан, олар өздеріне үш қабатты зәулім үй сатып алады. Оның бірінші қабатында Адольфтің отбасы, екінші қабатында Рудольфтің отбасы, ал үшінші қабатында ата-аналары тұратын. Бәрі бір шаңырақ астында тұрғаннан кейін әйелдер арасында жанжал одан ары өрши түсті. Әркім өз әйелін қорғап, бауырлар арасындағы түсініспеушілік басталады. Бірақ бұған қарамастан, олар отбасылық кәсіптерін ары қарай сәтті түрде дөңгелете берді.

Ағайындылардың бітіспес жауға айналуына не себеп болды?

1933 жылы билік басына Адольф Гитлер келген кезде, ағайынды Дасслерлер өздерінің кәсіптерін дамытуға зор мүмкіндік туғанын ұғынып, ерекше қуанады. Өйткені, ұлтшылдар спортқа қатты көңіл бөлетін еді. Билік мұны жастарды өзіне тартудың бір жолы деп санайтын. Сондықтан олардың аяқ киіміне деген сұраныс көбейіп, компания қарқынды түрде одан ары дами түсті. 1932 жылы Рудольф пен Адольф Ұлттық-социалистік неміс жұмысшы партиясына дауыс беріп, 1933 жылдың мамыр айында осы партияға мүшелікке өтеді (Бірақ партия құрамына кіргендеріне кейіннен қатты өкінген).
1936 жылдың жаз айында бүкіл әлемнің ең мықты спортшылары Берлиндегі олимпиадалық ойынға келеді. Қатысушылардың арасында африкалық әйгілі жеңіл атлет Джесси Оуэнстің де бар екенін естіген Адольф Дасслер өз қолымен жасаған бутсыны оған сыйға тартуға барады. Негізі, олимпиада алаңы олар үшін тауарларын жарнамалайтын тамаша орын екенін жақсы білді. Джесси Оуэнс Адольфтің өзіне сыйлаған табаны бұдырлы бутсыны қатты ұнатты. Олар бірден ортақ тіл табысып кетті. Осы олимпиадада Джесси Оуэнс төрт бірдей алтын медаль алады. Осының арқасында «Ағайынды Дасслерлердің» аяқ киімдері де жарнамаланып қалады. Бұл кезде фабрика күніне мың жұп аяқ киім шығаратын жағдайға жеткен еді. Осыдан кейін олардың өнімдеріне деген сұраныс күрт көбейіп, табыстары одан ары артып кетеді. Қос бауыр бір-бірімен ұғысып, тату-тәтті жұмыс істейді. Көп ұзамай олар Херцогенаурахтағы ең бай отбасыға айналады. Өндіріс үшін жаңа ғимарат та сатып алады. Олардың мақсаттары әлі де көп еді.Картинки по запросу адидас и пума история
Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс жоспарларының күл-талқанын шығарды. 1939 жылы екеуі де майданға шақырылады. Ал билік фабриканың ғимаратын қару-жарақ жасауға қажет деп тартып алады. Алайда көп ұзамай фабрикаға жетекшілік ету үшін Адольф майдан шебінен босатылады. Оны жауынгерлерге арнап әскери аяқ киім тігуге міндеттейді. Кейін Рудольф та майданнан аман-есен оралады. Бірақ бұл уақытта да олардың әйелдерінің арасындағы араздық әлі де бітпей, керісінше, ұлғая түскен болатын. Ағайындылар кәсіптерін қайта қолға алып, дамыта түсті. Бірақ «фабриканы кім басқарады?» деген мәселеге келгенде қиындық туды. Бұл орынға екеуі де талас­ты.
Соғыстан кейін Бавария жерінде орналасқан Херцогенаурах қаласы АҚШ-қа тиеселі болды. Американдықтар ағайынды Дасслерлерді біраз тергеуге алды. Ең алдымен, түсініктеме беруге Адольфті шақырды. Олимпиадалық ойындар кезінде оның АҚШ спортшыларына арнап аяқ киім тіккенін естігеннен кейін, оны босатады. Рудольфті де тергеуге шақырады. Әңгіме арасында ол өзінің бұрын гестапода (гитлерлік Германиядағы фашистік құпиялы мемлекеттік полиция) жұмыс істегенін айтып қалады, бірақ кейіннен өз сөзінен бас тартады. Қысқасы, оған американдықтар сенім білдірмей, концлагеріне жібереді. Сонда жүргенде ол өзін бөтен емес, өз адамының ұстап бергенін естиді де, бірден Адольфтен сезіктенеді. Оны «фабриканы бөліске салмау үшін, толықтай өзі басқару үшін істеп отыр» деп жазғырады. Бұл кезде Адольф басқарып отырған фирма американдықтардың тапсырысын орындап, баскетбол мен бейсбол ойнауға арналған аяқ киім тігіп жатқан.Картинки по запросу адидас и пумаБір жылдан кейін Рудольф лагерьден босатылады. Бұл кезде олардың үйін амеркандықтар алып алған еді. Олардың отбасы фабрикада тұрып жатқан болатын. Рудольф келген соң екі отбасының арасындағы жанжал өрши түседі. Көбінесе ақшаға байланысты мәселеде түсініспеушілік туатын.
Рудольф американдықтарға інісін қаралау үшін біраз әңгімелер айтады. Үшінші Рейх жауынгерлері үшін аяқ киім өндіру туралы бастама толықтай Адольфтің идеясы екендігін, тіпті, оның әйелімен ұрсысқандарына дейін жеткізеді. Осыдан кейін Адольфті американдықтар біраз тергейді. Қысқасы, қос бауыр осылай бітіспес жауға айналады. Әлбетте, бұдан кейін фабриканы екеуі бірігіп басқару мүмкін емес еді. Олардың алдында жалғыз ғана жол тұрды. Ол – компанияны екіге бөлу. Бұл 1949 жыл болатын. Сөйтіп, олар фабриканың бүкіл қызметкерлерін жинап алып, компанияның екіге бөлінетінін және кімде жұмыс істеу керектігін қызметкерлердің өз еріктерінде екенін хабарлады. Тігіншілердің басым бөлігі Адольфпен бірге қалды, ал, сату бөлімінде істейтіндердің көпшілігі Рудольфті таңдады.

Әлемдік нарықта зор танымалдыққа қалай ие болды?
Адольф өзінің компаниясын «Addas» деп атаса, Рудольфтікі «Ruda» болды. Кейіннен Рудольф фирмасының атауын айтылғанда әдемі естілетін басқаша атқа өзгерткісі келіп, ақыры Puma деп атауға тоқталады. Ал Адольф фирманың логотипіне үшінші жолақты қосады. Өйткені ағасымен бірігіп жұмыс істеген кезде олардың логотипінде екі жолақ болған еді. Және «Addas»-қа «i» әрпін қосып, «Adіdas» деп атайды. Өйткені, қалада балалар аяқ киімін сататын «Addas» деген дүкен бар еді. Негізі екі фабриканың ғимараты бір-біріне өте жақын орналасқан, олардың арасы 500 метр ғана болған.
Екі бауыр арасындағы қақтығыс екі компания арасындағы қатаң бақталастыққа ұласты. Тіпті, Херцогенаурах қаласының тұрғындары да өзара екі лагерьге бөлініп, бір-бірімен жауласа бастады. Өйткені олардың жартысы Адольфтің, екіншісі Рудольфтің фабрикасында жұмыс істейтін. Қысқасы, екеуінің арасында бақталастық өте қатты жүрді. Тіпті, екі фабриканың қызметкерлеріне бір-бірімен үйленуге немесе жай ғана кездесіп сөйлесуге, араласуға, бір үстел басында отыруға тыйым салынды.
Фабрикалар арасындағы текетірестің өте зор болғаны соншалық, олар бір-бірін үнемі «тыңшылық жасады» деп кінәлайтын. Адольф жан-жағындағылардың бәрінен, тіпті, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлердің өзінен күдіктеніп күйіп-піскен. «Бірде ол өнімді дамыту бөліміне кіріп, ол жерден желім өндірушіні көріп қалады. Адольфке ол бір түрлі көрінсе керек. «Егер мен сені бұрыннан жақсы білмесем, осы тұрған жеріңде атып тастаушы едім» деген еді» дейді adidas-тың бұрынғы қызметкері Майкл Бауэр. Puma-да да осыған ұқсас жағдай болған екен. «Бірде мен Рудольфтің кабинетіне кірсем, оның үстелінде екіге айырылған adidas-тың бутсы жатыр екен. Ол «бұлар менің технологиямды ұрлаған жоқ па?» деп зерттеп отырды» дейді Puma-ның қызметкері Хетцлер.
Екеуі бірін-бірі басып озу үшін қарқынды түрде жұмыс істейді. Өнімдерінің сапасына, дизайнына аса мән береді. Қысқасы, осындай бақталасының арқасында әлемде Adidas пен Puma-ның өнімдерінен асқан спорттық аяқ киім болмады. Екеуі де әлемдік нарықта зор танымалдыққа ие болды. Картинки по запросу адидас и пума
Дегенмен, ең алғашқы зор жеңіске Adidas жетті. Өйткені Федеративті Германия Республикасының құрама бапкері ылғалды көгалда жүгіруге табаны бұдырлы бутсыларды ыңғайлы деп тауып, Adidas-пен құпия келісім шарт жасасты. Сөйтіп бүкіл команда Adidas-тың аяқ киімдерін киді. Бұған Рудольф қатты ашуланды. Өйткені, құрама бапкері ең бірінші соған келген екен, бірақ фабриканың олармен жұмыс істеуге қаржылық жағдайы мүмкіндік бермеген. Ол бапкердің ұсынысынан бас тартқанына қатты өкінген көрінеді. Осыдан кейін Рудольф бауырын басып озудың түрлі жолдарын ойластыра бастады.
Бұл уақытта бразилиялық футболшы Пеленің атағы аспандап тұрған шақ еді. Ол әлемнің ең үздік футболшысы болып табылатын. Бірақ ол арқылы жарнама жасау өте қомақты қаржыны талап етті. Оған екінің бірінің шамасы келе бермейтін. Егер екі фабрика өз тауарларын Пеле арқылы жарнамалауға таласса, орасан зор шығынға душар болатыны сөзсіз еді. Сондықтан Adidas пен Puma өзара «Пеле пактіне» қол қойған болатын. Бұл пактіде екеуіне де Пелемен келісімшарт жасап, жұмыс жасауға тыйым салынған еді. Бірақ 1970 жылы Рудольф өзінің ұлы Арминнің қолына іші бірнеше он мың доллорға толы шабаданды ұстатып, Мексикадағы әлем чемпионатына жасырын түрде жібереді. Осылайша, Армин «Пеле пактін» бұзады. Мұны естіген Адольф өзінің ұлы Хорстты Арминмен кездесуге жібереді. Ол Арминді мұндай келісімнен бас тартуға көндірмек болады. Бірақ тым кеш еді. Өйткені, Пеле бұл кезде Puma-ның бутсыларын жарнамалап үлгерген болатын.
70-ші жылдардың басында неміс футболшылары әлемдегі ең үздік ойыншылар саналды. Осы кезде Adidas пен Puma жергілікті футболдың жұлдыздарын торуылдай бастады. Германия футбол ассоциациясы Аdidas-пен жұмыс істейтін. Бірақ бұл Puma-ға тоқтау бола алмады. Ол ойыншылардың ойын өзгертіп, оларды сатып алу үшін өзінің өкілдерін жіберді. 1974 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының алдына екі фабриканың өкілдері құрама ойыншылары арқылы өздерін жарнамалауға қатты ұмтылды. Нәтижесінде ойыншылар футбол ассоциациясының өздері арқылы брендтерге жарнама жасатып, қомақты қаржы алып отырғанын білді. Ал өздеріне сол қаржыдан түк түспейтінін айтып, шу шығарады. Тіпті, чемпионатқа қатыспайтындықтарын да айтты. Ақырында, ассоциация арқылы Аdidas оларға қомақты ақша төлеп, осы құрама арқылы өздерін тағы жарнамалайды. Сол жылы Батыс Германия құрамасы әлем чемпионы атанады. Аdidas тағы Puma-дан басым түседі.
Қос бауырдың арасындағы қақтығыс балаларының арасында да жалғасын табады
1974 жылдың күзінде Рудольф Дасслер ауыр дертке (өкпе қатерлі ісігі) шалдығып, төсек тартып қалады. Сол кезде ол інісімен татуласып, арақатынасын түзеуді ойлайды. Ол өмірінің соңында бауырын көргісі келеді. Ұлы Арминді Адольфке жіберіп, өзінің соңғы өтінішін орындауды сұрайды. Қанша татуласқысы келсе де, Адольф бауырына бармайды. Екінші рет бітімші ретінде шіркеу қызметкерін шақырады. Адольф ағасына ешқандай өкпе артпайтынын айтқанмен, онымен жүздесуге бармайды. Тіпті, жерлеуіне де келмейді. Арада төрт жыл өткеннен кейін Адольф те инсульттан қайтыс болады.
Adidas компаниясын Адольфтің әйелі Кэте мен ұлы Хорст басқарады. Хорст – жаңа бағыттағы мықты кәсіпкер еді. Ол Еуропа чемпионаты мен олимпиада ойындарында өз құқын қорғау үшін компаниялар желісін құрады.
Puma-ға Рудольфтің Армин және Герд атты ұлдары жетекшілік етеді. Қос бауырдың арасындағы қақтығыс олардың ұлдарының арасында да жалғасын табады.
Тек 2009 жылы, яғни, фабриканың екіге бөлінгенінен тура 60 жыл өткен соң, компаниялар өзара татуласу матчын жасайды. Сөйтіп, олар 21 қыркүйекті Халықаралық бейбітшілік күні деп бекітеді. «Біз спорттың адамдарды жақындастыратынына сенеміз» дейді Adidas-тың сол кездегі басшысы Герберт Гайнер. Оны Puma-ға жетекшілік еткен Йохен Цайтц: «Бұл біздің компаниялар үшін маңызды күн» деп қолдайды.
Дайындаған Тұмар МЫРЗАБАЙ

Пікір қосу