• М. Тынышбаев қазақ тарихында қандай тұлға?
  •  М.Тынышбаев – ұлт-азаттық қозғалыстың аса көрнекті өкілінің бірі, кәсіби теміржол маманы. 1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. М.Тынышбаев гимназияда өте үздік оқыды. 1900 жылы гимназияны алтын медальмен бітіреді. Сол жылы Санкт-Петербург қаласындағы император І Александр атындағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студенті атанып, аталған оқу орнын 1906 жылы бітіреді. 1906 жылы Орынбор-Ташкент темір жолы салынып болғаннан кейін, Жетісу темір жолы құрылысын бастау туралы өтініштер күшейе түсті. Нәтижесінде, 1905 жылы үкіметтің жаңа жолдар туралы кеңесінде, бұл мәселе арнайы қаралған еді. Сөйтіп кеңес, жол салынатын өңірді, техникалық және экономикалық жағынан зерттеу үшін инженер О.Струве басқаруымен арнайы экспедиция құру туралы қаулы қабылдайды. М.Тынышбаев осы экспедицияның құрамында болған еді. Ол Пішпек пен Верный арасын 4 ай бойы зерттеді. Зерттеу жұмысы жүргізілгенімен, Жетісу жол құрылысы тағы да аяқсыз қалды. Үкіметтің жол салуға деген қаржысының аздығы және Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы экономикалық қажеттіліктің аса зәру еместігі бұған себеп болды. М.Тынышбаев бұдан кейін Орта Азия темір жолында істеді. 1908 жылы 1-тамыздан бастап Ашхабад қаласында Жол қызметі дистанциясы бастығының көмекшісі қызметінде болды. 1911 жылы Урсатьевск-Әндіжан станциясының темір жол құрылысы бастығы әрі бас инженері болды. Мұнда жүріп ол, Әндіжан темір жолын, Ходжент тас жолын және Амудариядан өтетін көпір салуға қатысады. 1914 жылдың басынан М.Тынышбаев Жетісу темір жолы құрылысына ауысады. Жетісу темір жолы қоғамының құрылтайшылары орыс капиталисі А.И.Путилов және темір жол кәсіпкері АА.Бунге болды. Үкімет өзінің 1913 жылғы 24 мамырдағы қаулысымен, Ташкент темір жолының Арыс станциясынан бастап Пішпекке, одан Верныйға дейін жеткізілуін жоспарлап бекітті. Құрылыс 1914 жылдың 15 шілдесінде басталды. Мұнда М.Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Арыс станциясынан басталатын, Әулиеата Жол бөлімшесі бойының бас инженері және бөлімшенің бастығы болып жүргенде байқалған еді. Әсіресе Арыс станциясын салу кезінде, оның бұл қабілеті ерекше көзге түсті. Алайда 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс бұл құрылысқа кедергі келтірді. Металлургия өнеркәсібіндегі тапшылық, 1917 жылдың күзінде Жетісу темір жолы құрылысын мүлдем тоқтатып тастады. Жол тек Бурное станциясына дейін ғана жеткізілді.

М.Тынышбаев тарихи еңбектер де жазды. Оның 1927 жылы жазған «Ақтабан шұбырынды», 1905 жылы жазған «Қазақтар және азаттық қозғалыс», 1923 жылы жазған «Түрік-Монғол тарихы», 1924 жылы жазған «Мырза Едіге батыр. Ертедегі Едіге мен тарихтағы Едіге», 1925 жылы жазған «Қазақ халқы тарихының материалдары» сынды еңбектері бар, Қазақстанды зерттеу қоғамының құрметті мүшесі болып сайланған Мұхамеджан Сырдария бөлімшесінің мәжілістерінде тарих, археология, этнография салаларында мазмұнды дәрістер оқыды. Ғалымның «Абылай», «Жошы ұлысы», «Түріктің ескі тарихы» (XIII ғасырға дейін), «Шыңғыс хан һәм оның патшалығы» атты дәрістері кезінде жоғары бағаланған еңбектер. 1926 жылы жазған «Қазақтар XVII-XVIII ғасырларда» және ежелгі қалалар туралы зерттеулері мен шежірелері зерттеушілер үшін құнды еңбектер болып табылады.

  •  М. Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметі жөнінде не білесіз?
  • М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа бастайды. Ол Автономшылар одағының І съезінде 1905 жылғы 19 қарашада оқылған «Қазақтар және азаттық қозғалысы» деген баяндамасында Патша тарапынан жүргізіліп отырған отарлау саясатының тонаушылық сипатын ашып, соның салдарынан қазақ халқының тозғындап бара жатқанын ашына айтады: «Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, жабайы және тағылық қуғын-сүргіндер және тілді, әдет-ғұрыпты, барлық өзіндік ерекшелікті қыспаққа алу арқылы қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралар, пәрмендер мен ережелер күшімен қазақтарды құқықсыз, қауқарсыз, заңсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, оларды қаны төгіліп, сүйегі шашылған ежелгі өз атақоныс жерлерінен айыру және құла дүз, қу далаға ажал аранына айдау деп жазды. 1907 жылы 28 жасында II Мемлекеттік Думаға Жетісу облысы атынан депутат болып сайланады. Сөйтіп, енді ол биік саясатқа көтеріледі. Онда тек өз ұлтының мүддесін қорғады. Әсіресе Мұхамеджанның 1916 жылғы көтеріліс туралы Түркістан генерал-губернаторына берген түсініктеме нұсқасында оны кеңінен толғап, отаршылдық зорлық-зомбылық қимыл-әрекеттеріне қысқаша шолу жасауы мен Қытай жеріне босқан қазақтар туралы жазбаларының маңызы зор. Алашорда таратылып, Кеңес үкіметі тарапынан кешірім жасалғаннан кейін М.Тынышбаев өз халқына, жаңа заманға адал ниет, шын пейілімен қызмет етті. Ол әуелі 1921-1922 жылдары Түркістан өлкелік жер-су министрлігінде су шаруашылығының бастығы болып істеді, ал 1923 жылы Шымкент қалалық су шаруашылығын басқарды, Түркістан каналының жобасын жасауға қатысты. 1925 жылы Қызылорда қаласының көркейту жүйесінің бастығы қызметін атқарды. Мұхамеджан Тынышбаевтың есімін шартарапқа кеңінен әйгілеп, атын аңызға айналдырған, халық жадына ұялатқан әйгілі Түркістан-Сібір теміржолын салуға қосқан сүбелі үлесі, сіңірген ерен еңбегі еді. Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған «қызылдарға» қызмет етуге мәжбүр болған Мұхамеджан бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жазды.
  • Қайраткер жөнінде жазылған қандай еңбектері бар?
  • Мұхамеджан Тынышбаевтың қызметін зерттеуге арналған жұмыстар, жалпы алғанда үш кезеңмен сипатталады. Алғашқы кезең – 20-жылдардың орта тұсына дейін, мәселені объективті талдауға және бағалауға тырысқан әртүрлі еңбектердің жарық көру кезеңі. Екінші кезең – 20-жылдардың соңынан басталып, 80-жылдардың екінші жартысына дейін созылатын М.Тынышбаевты біржақты қаралау, жөнсіз айыптау кезеңіндегі еңбектерден тұрады. Үшінші кезең – 80-жылдардың соңынан бастап, «жариялылық» пен «демократия» ұранының ықпалымен тарихи шындықты айтуға талпынған зерттеулердің, Қазақстанның егемен ел болуына байланысты жарық көрген еңбектерге ұласуымен ерекшеленеді.
    М.Тынышбаевтың өмірі мен қызметі туралы алғашқы зерттеулер қатарына, Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімді баспасөзде жарияланған бірлі-жарым мақалаларды жатқызуға болады. Мәселен, оның идеялас серіктері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов шығарған «Қазақ» газеті 1917 жылғы №247 санында: «Мұхамеджан Тынышбаев II Государственный Дума ағзасы, инженер. Саясат ісіне жетік, халыққа таза жолмен қашаннан қызмет етіп жүрген алдыңғы қатар зиялы азамат» деп көрсетіп, оның 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы қызметіне объективті жоғары пікір білдірген болатын. Сол сияқты «Семиреченские ведомости» газеті де Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат М.Тынышбаевты «1905 жылғы революциялық қозғалысқа араласқан, Жетісу қырғыздары (қазақтары) арасына бостандық пен революция идеяларын үгіттеп таратқан облыстан шыққан тұңғыш қазақ» деп сипаттап, одан әрі оның ақпан төңкерісіне дейінгі қоғамдық-саяси қызметіне тоқтала келе, бұл белсенді қызметтің нәтижесі, жандармдық полицияның қайраткерді үнемі бақылауға алуына әкелгенін жазады.
    Кеңес үкіметі тұсында барлық ұлттық қозғалыстар қайраткерлері тәрізді Мұхамеджан Тынышбаев туралы да, тарихи шындық тұрғысынан арнайы зерттеу жүргізуге тыйым салынды. Оның тек қоғамдық-саяси қызметі ғана зерттеушілер назарында болып, ал ғылыми және кәсіби қызметі мүлде ұмыт қалдырылды. Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі – Ахмет Байтұрсыновтың «Революция және қырғыздар» атты мақаласы. Мұнда ол М. Тынышбаев тәрізді патша заманынан бастап, отарлық билікке қарсы күресіп, қазақтың ұлттық саясатына жетекшілік жасаған Қазақ интеллигенттері өкілдерінің атынан, осы қозғалыстың пайда болу себебіне, қазақ халқының 1917 жылғы қос төңкеріске қатысына, елді большевиктік анархиядан құтқару үшін құрылған уақытша Алашорда үкіметіне, бұл үкіметтің азамат соғысы жылдарындағы қызметіне, бірін-бірі алмастырып, билікке таласқан орыс үкіметтерімен (Уақытша Сібір үкіметі, Құрылтай жиналысы мүшелері комитеті (Комуч), адмирал А.В.Колчак үкіметі және т.б.) байланысына және Кеңес үкіметі жағына өту себептеріне тоқталады. Жалпы кеңестік тарихнамада ұзақ жылдар бойы Мұхамеджан Тынышбаев есімі «буржуазиялық-ұлтшылдықтың», «пантюркизмнің» баламасы ретінде ғана жазылып келді.
    Еліміз егемендік алған жылдары М.Тынышбаевтың шығармалар жинағы алғаш рет 1993 жылы жарық көрді. Кітапты құрастырған профессор Ә.С.Тәкенов пен архивист Б.Байғалиев қайраткер-ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты деректер негізінде алғысөз жазып және оның табылған еңбектерін жинақтап, топтама етіп шығарды. М.Қ.Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» деп аталатын іргелі монографиясында Кеңес үкіметі тұсында барынша бұрмаланған М.Тынышбаевтың Уақытша Үкіметтің Түркістан Комитеті құрамындағы қызметін, алғаш рет бұрын ғылыми айналымға түспеген соңғы деректер негізінде арнайы және нақты зерттеп, шынайы да, лайықты баға берді.
    Ал зерттеуші-ғалым академик Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» еңбегінде М. Тынышбаевтың қоғамдық саяси қызметін жабық архив деректері негізінде оқырмандарға жеткізді. Академик М.Х.Асылбеков М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың Түрксіб темір жолын салудағы қызметтеріне тоқталды. М.Тынышбаевтың өмірі мен қызметінің тарихынан кандидаттық диссертация қорғаған зерттеуші Г.Жүгенбаева.

Дайындаған Сандуғаш ТҮСЕН

«Аңыз Адам» журналы 2019 жыл, №17

Пікір қосу