Ерлан Қариннің «Жас Алаштағы» саяси монологын оқып шықтым.
Оқып шықтым да, Ерланға мына сауалды қойғым келді: — Тәуелсіздіктің қалыптасу тарихында қазақ халқы өзіне жүктелген жауапкершілікті қалай атқарды? 30 жылда қазақ деген халық мемлекеттің қабырғасының қақырауына жол беріп көрді ме? КСРО-ның шекпенінен шыққан кейбір елдерде азаматтық соғыстар болып жатты. Тағы бір елдерде бірнеше дүркін төңкеріс болды. Ал бізде ең құрығанда бір рет мемлекеттік төңкеріс болып көрді ме? Жооқ! 30 жылда қазақ бәріне көндікті. Саяси элитаның есепсіз байлық жиюына, қазба-байлықтың қызығын өзгенің көруіне, сапалы өмірге беттей алмауына, «отбасының» төрелік етуіне, атылып кеткен арыстардың артын қазбаламай қоя тұруына, әділетсіз сайлаулар мен адам құқығының жаншылуы секілді адам төзбес оқиғалардың бәріне, бәріне көнді. Мемлекеттің іргесінің берік қалануын ертең ешкім өтпелі биліктен сұрамайды, халықтан сұрайды. Соны терең ұғынғандықтан және табиғи инстинкті күшті болғандықтан халық өзі кемдік көріп жүрсе де, елдікті бәрінен биік қойды. Айналып кетейін, «надан әрі геосаясатты білмейтін» халық осылай істей ме?
Дәл осы жүйе қазақ қоғамын бақытты ете алды ма? Қытайға қарызы бар, табиғи ресурстардың денін қытайдың қолына ұстатқан қазақ болашақта бақытты бола ма? Неге қазіргі жүйе күллі халықты ашындырып алды? Өміріне разы, әділдік салтанат құрған қоғамда аналар ашынып алаңға шыға ма? Қуатты мемлекет құру үшін қуатты халық болу керек. Құрғақ уәдемен қарны тойған елдің дені Оңтүстік Кореяда тәшкі тасып, Батыста кемпір мен шалды бағып, азаматтық белсенділік танытқан жастарың Шри-Ланканың плантацияларында қашып жүр. 9 айда 32 мыңнан астам қазақ шетел асыпты. Бақытты қоғам осылай жүре ме?
«Ұлтшылдық өзінің тарихи миссиясын орындады» депсің. Кешіріп қойғын, ұлттың алдында өтелмеген ұлы парызымыз бар. Ана тіліміз орыс тілін биліктің төріне отырғызып қойып, өзі есіктен сығалап әлі жүр. Туған тілін білмейтін әрі менсінбейтін ұрпақ әлі бар. Қазақ билігінің жиындары әлі күнге екі тілде өтіп, Жаңа Жыл мерекесінде Қазақ Президенті әлі күнге елді екі тілде құттықтайды. Әркім мансұқтаған тарихымызды түгендеп біткен жоқпыз. Шовинистік пиғылдағы қауым қасымызда мысықтілеуленіп жүр. Георгий лентасын 9 мамырда кеуделеріне тағып алып, көшелерде көліктер шеруін өткізгені кеше емес па? Діннің түрлі тармағына бөлініп алып, өзгенің дәстүрін қазақтың санасына тықпалаған қауым ше? Ендеше, қайдағы өтелген ұлттық миссияны айтып отырсың? Мемлекетшілдік деген сатыға өтуіміз үшін ең бірінші, ұлт мүддесін бәрінен биік қоюмыз керек. Ұлттық борышы өтелмеген ұлт ешқашан мемлекетшілдіктің деңгейіне көтеріле алмайды! Ұлтшылдық рухы жаншылған ұлтта мемлекетшілдік идеясы идеологияның түп қазығы бола алмайды! Замана вирустарына төтеп беру үшін ең алдымен ұлтшылдық иммунитетіміз әлсіреп қалмауы керек!!!
Және мемлекетшілдік дегеніміз билікті қолдау ғана емес, ел тағдырына алаңдау. Оппозициялық бағыттағы халықты мемлекетшіл емес деп айып тағуға болмайды! Олар да өз елін сүйгендіктен, мемлекетшіл болғандықтан ел тағдырына пофигизммен қарай алмайды. Мемлекетшілдіктің критерийі мансабы бар не жоқ деген өлшеммен өлшенбейді!

Пікір қосу