– Аға, біздің оқырмандарымыз сіздің өскен ортаңыз бен балалық шағыңыздың қалай өткенін білгісі келеді?
– Маңғыстаудың Мырзайыр ойындағы тау-тастақтың ортасында 1939 жылы 6 жел­тоқсанда дүниеге келгенмін. Мен өмірге келген жылдары Донбасстан келгендер біз тұратын шатқалдан жүз шақырым жердегі Таушық алабынан көмір кенін ашады. Әкем Кекілбай сонда жұмысқа орналасқанымен көп ұзамай соғыс басталады да, майданға алынады. Барлаушылар ротасына тап болыпты. Үш рет жараланады. Басынан тиген оқ есеңгіретіп, біраз ем алуға тура келеді. Сонымен, елге қайтарылғалы жүргенінде Сталинград шайқасы басталып, өз аяғынан жүріп-тұратындардың бәрі ұрысқа жіберіледі. Не керек, әкем сол ұрыста мерт болады. Мұны маған 1972 жылы сол кезде қасында болған құрдасы Құлбасов Қайыр деген кісі айтып берді. Оған дейін күдерімізді үздіргісі келмей, айтпай келіпті.
– Соған дейін тірі деп үміттеніп жүргенсіз ғой?..
– Әкемнің қара қағазы Таушықтағы үйге емес, атамекеніміз Оңдыдағы ауылдық кеңеске келіпті. Жер арасы алшақ болғасын, ешкім бізді әдейі іздеп бармаған ғой. Соғыс біткесін, туған ауылға көшіп келген соң да: «Бала-шағаны жылатып-сықтатып қайтеміз?» – деген болар, көпке дейін естірте қойған ешкім болған жоқ.
– Атыңыз неліктен Әбіш қойылды екен?
– Туған әжем Балбөпе қойыпты. Мен туған Мырзайырдың ойында таудың ақтасынан салынған мешіт болыпты. Онда Бұқарадан оқып келген Әбді ахун деген кісі бала оқытыпты. Көп ұзамай қожа-молдалардың соңына қуғын түседі. Әбді ахунның мешіті мектепке айналып, «Ақүшкіл» атаныпты. «Ақмешітті» ақ мектеп деуден гөрі «ақ школа» деуге бүйрегі бұратындар сол кезде-ақ үстем түсе бастаған ғой. Әбдінің құрметіне қойылған балалардың аты да өзгеріссіз қалмайды. Ахунмен ағайындығы бар Балбөпе әжем де немересін Әбіш деп атауға мәжбүр болады.
– Сіздің осындай тұлға болып қалып­тасуыңызға балалық бал күндердің әсері бар шығар?
– Оған енді пәлен себеп болды деп айту қиын. Бәлкім, сондай қиян өлкеде туып-өскенім де әсер еткен шығар. Бір жасқа шығар-шықпасымда құм етегіндегі ауылдан жаңа салынып жатқан көміршілер кентіне көшіп барыппыз. Қазақтан шыққан жұмысшылар белгілі ғой, қапелімде біразға дейін малдан қолын үзе қоймайды. Жаз шықса болды, азғантай ешкі-лақтың жайын күйттеп, қырға шығып кетеді. Қыста да мал ұстауға ыңғайлы шет жақ көшелерді жағалайды. Мен өскен Таушық кентін сегіз шахта қоршап тұрады. Әке-шешем жетінші шахтада жұмыс істепті. Теріскейімізде Қапы деген аңғар бар-тын. Соны бойлап тар табанды темір жол салынған. Сартас деген теңіз айлағына көмір тасиды. Жол-жөнекей бірер жер қазба қарауытқан шағын бекеттерден өтеді. Әкем майданға алынғасын сондайдың біреуінде тұратын ағайындарымыздың қасына көшіп бардық. Анам Айсәуле сол арадан көмір таситын отарбаға жармасып, жұмысына кетеді.
Екі апам, бір қарындасым бар. Көршілеріміз – кілең қыздар. Менен басқа еркек бала жоқ. Қуыршақ ойнайтын қыздар мені маңдарына жолатпайды. Жан-жағымыз – ақар-шақар шыңдар. Ортасында ащы ішектей шұбатылған тар аңғар. Табанында – ащы ағар өзен. Ешқайда аттап баса алмайсың. Ертеден қара кешке дейін біресе ана тастың, біресе мына тастың үстіне шығып, сенделумен боласың. Қай жағыңнан да жақпар-жақпар құздар қоршалап, көкжиекті көрсетпейді. Сонда темір жол бойына барып, екі жаққа құлақты кезек тігіп, қиялға батудан басқа ермек қалмайды. Бәлкім, жазушылыққа тап сондай қарадай пұшайман қылатын саяқ тіршілік бастаған шығар.
– Саяқ адам қыңыр келе ме, қалай?
– Үлкендердің айтуынша, өзімнен ересек қыздардың тілін алмайды екенмін. Бірде түн ортасына дейін жұмыстан оралмай жатқан шешемді күтіп, төпелеп жауып тұрған қардың астында тұрғаным есімде. Сонда апаларымның өзі қолымнан тартқылап, ішке кіргізе алмаған. Ақырында жұмыстан қайтып келе жатқан көршілер көріп қалып, үйге кіргізді. Содан бір жылдай төсек тартып жатып қалдым. Жасалмаған ем-дом жоқ. Түнемеген әулие қалмады. Аллалап жүріп аяққа енді тұра бастағанымда, ауылдан кіре тартқандар келді. Көршіміздің Бекібай деген ересек баласымен бірге түйе суаруға кеттім.
Суат басына барсақ, қасында – бақшалық. Теңкиіп-теңкиіп қауындар жатыр. Қызығып кетіп, біреуін жұлып ала бергенімде, әлдекім құлағыма жармасты. Қарасақ, көзі көкшиген бақшашы шал екен. Одан әзер құтылып, үйімізге зорға жеттік. Бекібай жерден жеті қоян тапқандай әлгі жайды әңгімелей жөнелді. Ұялғанымнан айтқызбаймын деп ту сыртынан тап бердім. Абайсыз отырған ол шалқалап үстіме құлады. Оң аяғым бұратылып, сынып кеткенге ұқсайды. Сол жылдары біздің ауылда кәнігі сынықшы тапшы болған болуы керек. Жұрт көзіне көрінбей, айдалада жалғыз үй оңаша отыратын Сейсен деген кісі бар еді. Сол кісіге қолқа салдық. Ол кісі: «Ендігәрі мына баланы ренжітпеңдер. Обалына қаласыңдар. Өздеріңе де оңай болмайды. Бір жылға дейін жаңа сойылған малдарыңның асық жілігін осы балаға сыбағаға әкеліп тұрыңдар. Сауабын аласыңдар!» – деді. Сосын маған бұрылып: «Айналайын, ешкімге назарыңды тіктеп ашуланба! Мал қума! Ештеңе кезенбе! Шалт қимыл жасама! Алысып-жұлысып ойнама! Жүгірме, секірме! Сүйегің күл болып уатылып қалған жерінен әзер қиюластырдым. Қашан бұғанаң бекіп, сүйегің қатқанша аттан да аулақ жүр!» – деді. Онысы балалық жасап, қайтадан мертігіп қалмасын дегені болар.
Балгердің айтқанын тыңдап, аяқ астынан мінезімді күрт өзгертуге тура келді. Әншейінде бұрынғы ерегіспе еркелігімді тастадым. Бұрын тас лақтырып, асық атқанда, маңына жоламай айдалаға лағып кетуші едім. Ал, ашулансам болды, атқаным дөп тиеді. Сол уақыттан бері Сейсеннің айтқанын естен шығармайтын болдым. Еш уақытта ешкімге ашуланбауға, жұдырық түймеуге, саусақ кеземеуге, жаман сөз айтпауға тырыстым. Әліге дейін пікір таластырғанда біреудің шамына тимеуді күйттеп бағамын. Соған қарағанда, қай адамның да кісілік келбеті мен тағдыр-талайының қалыптасуы балалық шағының қалай өткеніне байланысты болса керек.Похожее изображение
– Ал, шығармашылық жолыңыз қалай басталды? Қаламгерлікке қалай үйір болып жүрсіз?
– Біздің ауылда бес-алты бұлақ болатын. Соған азын-аулақ егін салынатын. Бір жылы сол жұмыс кешеуілдеп қалды. Сол екі ортада аудандық газетте «Екпінді» егін салмай ма?» деген мақала шықты. Жазған – мен. Ауылдағылар абыржып қалды. Арнайы жиналыс шақыртылып, мақала талқыланды. Айтылған сын дұрыс деп табылды. Бұл менің балалық максимализмімді оятса керек. Жұрт мен келе жатқанда ығып тұратынды шығарды.
Бірде аудандық кітапхананың директоры демалысқа аттанатын болды. Алдында жалғыз баласы өлген. Ол менің досым еді. Апайды шығарып салайын деп, ұшаққа бардым. Анда-санда бір келетін ұшаққа жолаушылар көп жиналыпты. Ұшқыштың мұрнынан құрт ыршиды. Жұртты кеудесінен итеріп, маңына жолатпайды. Кітапханашы апайды қатты-қатты тілдеді. Жәбірленген апай жерге кіріп кете жаздады. Үйге келдім де болған оқиғаны баяндап, «Комсомольская правдаға» хат жолдадым. Арада он күн өтпей, жауап келді. Әлгі сабаз бір жылға дейін ұшу құқынан айырылыпты. Апайымның төбесі көкке жетті. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, енді республикалық баспасөздерге жаза бастадым. Мектепте жүріп Орталық комсомол комитетінің мақтау қағазымен марапатталдым. ҚазМУ-дің журналшы бөліміне келіп, емтиханнан ойдағыдай өттім. Бірақ, сол жылы заң өзгеріп, екі жыл жұмыс істегендер мен әскерде болғандар «үштікпен-ақ» оқуға түсті. Бізге орын жетпей, тіл-әдебиет бөліміне жіберді. Сөйтіп, филолог болдық. Бірақ, баспасөзбен байланысым бәрібір үзілмеді. Ақырғы курста оқып жүргенімде «Қазақ әдебиетінің» сын бөліміне қызметке шақырылдым. Бір жылдан соң «Лениншіл жасқа» бөлім бастығы болып ауыстым. Университет бітіргенше Ги де Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын аударып, баспаға тапсырдым. Университетті бітірген жылы алғашқы өлең кітабым жарық көрді. Әдеби сынға белсене араластым. КСРО Жазушылар одағына қабылдандым.
– Тым жас кезіңізде қабылданыпсыз ғой?..
– Иә, солай болды. Оған марқұм Әнуар Әлімжановтың септігі тиді. «Литературная газетаның» тілшісі еді. «Іздер» деген өлеңімді оқып, орысшаға аудартып, өз газетінде басқызды. Ол редакцияларындағы лездеме мәжілісте жақсы бағаланыпты. Соған шабыттанған Әнуар менің не жазып, не қойып жүргеніме қатты көңіл бөлді. Онымен де қоймай, атақты аудармашы Ісләм Жарылғапов, үлкен ақын Әбу Сәрсенбаевтармен сөйлесіп, үшеуі Жазушылар одағына өтуге кепілдеме берді. Алдында ғана «Соғыс пен бейбітшіліктің» бір томы қайта аударылған. Біразын мен аударғанмын. Соған риза болып, басқа шығармаларымды оқып шыққан Ісләм ағай да майын тамыза мақтап бақты. Ол кездегі Жазушылар одағының төралқасында есімінен-ақ ат үркетін отыздан астам жақсы мен жайсаң бар еді. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Ғани Орманов, Әлжаппар Әбішев, Тайыр Жароков, Асқар Тоқмағамбетов, Мұхамеджан Қаратаев, тағысын тағылар. Ал Жұбан, Сырбай, Тахауи, Әбдіжәміл, Сафуан, Қалтай, Зейноллалар – жастар саналатын. Олардың сүзгісінен өту тірілей қылкөпірден өткендей қиынның қиыны еді. Оның үстіне, қабылданушылардың университетті жаңа бітіріп тұрған ең жасы болғандықтан бірінші хатшы Ғабиден Мұстафин бәрінің пікірін сұрады. Не айтса да, жеріне жеткізіп айтатын Ісләм Жарылғаповтың дуалы аузының мысы басты ма, бәрі мақұлдады. Бірақ, сырттай тарылғандар да табылды. Мәскеуге домалақ арыз жөнелтіліпті. Тексерушілер келді. Жарияланған, баспада жатқан шығармаларыммен танысып, әлгі байбаламды негізсіз деп тапты. 1963 жылдың күзінде КСРО Жазушылар одағының басшысынан мүшелікке қабылдануыммен арнайы құттықтау жеделхаты келді. Ол кезде мен әлі жиырма беске толған жоқ едім.
– Үйленіп пе едіңіз?
– Жоқ. Ол жылы анамды Алматыға көшіріп әкелгенмін. 1964 жылы үйлендім. 1965 жылы тұңғышымыз дүниеге келді.
Біресе геолог, біресе археолог, біресе мелиоратор болғым келіп алабұрттым
– Аға, сіз ертерек есейдіңіз, ертерек кітап оқыдыңыз, сана-қиялыңыз тез жетілді. Қыздарға да ертерек ғашық болған шығарсыз?
– Ашып айту қиын. Солай болса, солай да шығар. Сегізінші сыныпты аудан орталығында оқыдым. Мектеп оқушыларының олимпиадасы өтіп жатқан. Бір кішкентай қыз шығып ән салды. Үстіндегі үлбіреген көйлегі тым жұқа екен. Клуб өте салқын еді. Тоңып қалады-ау деп аяп отырдым. Күзге қарай көрші ауылда орта мектеп ашылды. Бізді соған оқытатын болды. Оқулық сатып алайық деп дүкенге келдік. Талдырмаштау келген қыз бала бірдеңе сатып алып жатыр екен. Бет-аузын көріп тұрған жоқпыз. Шашы тым ұзын екен. Бұрымы тобығына жетіп тұрды. Кенет ол бізге қарай жалт бұрылды. Тани кеттім – анадағы әнші қыз. Ағасы мен жеңгесі мұғалімдер екен. Мен комсомол ұйымын басқардым. Бюро мүшелігіне ол да сайланды. Сөйтіп танысып кеттік.
– Сонда, Клара апай сіздің ең алғашқы да, ең соңғы да махаббатыңыз деуге болады ғой?
– Тағдырдың жазуы солай сияқты.
– Балалар туралы да айта кетсеңіз…
– Тұңғышымыз – Әулет. Заңгер, экономист. Екінші ұлым – Дәулет. Театр институтының түлегі. Екі қызым бар. Үлкені – Зәузат, мұрағатшы, кішісі – Сәулет, экономист-социолог.
– Есімдері ұйқастырылып қойылған екен…
– Оған Клара екеуміздің ешқандай қатысымыз жоқ. Әулеттің атын Дүйсенбек Қанатбаев, Зәузаттың атын Хамит Ерғалиев, Сәулеттің атын Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңыл апай, Дәулеттің атын әкемнің жеңгесі Бибіжан әжесі қойды. Картинки по запросу әбіш кекілбаев
– Өз әжелері неге біреуінің атын қоймаған?
– Ол кісі де мен сияқты. Ешкімнің көңілін жықпайды. Жұрттың қойған атын құптай салды. Бірақ, үйімізде сол кісінің барлығының арқасында балаларымыз қазақша білді. Ал, немерелеріміздің өзімізбен бірге тұратындары ана тілінде сөйлейді. Өз алдарына дербес тұратындарының біреулері қазақшаға жетік, біреулері – мүкіс. «Ау, балаларыңды қазақша сөйлетпейсіңдер ме?!» – деп қақылдап жүргеніміз. Бірақ, әркім өз үйіне өзі мәтіби ғой.
– Айсәуле әжей туралы көп естігенмін. Жақсы кісі деседі. Сол кісі едәуір жас жасады ғой деймін?
– Тоқсан сегізге қараған шағында дүниеден өтті. Ащыны да, тұщыны да молынан татты. Төркіндері дәулетті, абыройлы кісілер болыпты. Қызылқоға ауданындағы Қоянды, Көкпекті деген жерлердегі зираттарына барып кеттім. Жас келін болып түскенде, топалаң заман басталды. Ел ауып, жер ауып кете жаздады. Отыз төрт жасында жесір қалды. Күйеуінің орнына шахтаға түсіп, төрт баласын асырады. Мен азамат болғанша еңбектен қол үзбеді.
– Ал, өзіңіз ше?.. Сізге өміріңіздің қай тұсы ерекше қымбат?
– Ешкімге еш уақытта оңай өмір берілген емес. Маңдай терің көп төгілген кезеңнің бәрі де қымбат. Ал, мен бейнетқор адамдардың бірі болған сияқтымын. Бес жасымнан әпкелерімнің оқулықтарына таласып, өз бетіммен әріп таныппын. Мектепке бармай тұрып, судыратып жазып та, оқып та біліппін. Содан бері талай кітапты оқып тауыстым. Кітап – адамды арманшыл қылса, арманшылдық елгезек еткендей. Жас кезімде біресе геолог, біресе археолог, біресе мелиоратор болғым келіп алабұрттым. Ақырында әдебиетке табан тіредім. Әлденеше жанрларда қалам тарттым. Әдебиет пен өнердің майлық-сулығынан бас тартпадым. Әлеуметтік өмірге енжарлық танытқам жоқ. Баспасөз, театр, кино, музей, ескерткіш қорғау, мәдени құрылыс, әскери-саяси тәрбие, ұлттық қатынастар, парламентаризм, ішкі-сыртқы мемлекеттік саясат… Мінекей, мен шағып көрген «жаңғақтардың» бір парасы. Қай-қайсысы да оңай еңсеріле қоймайтын күрделі салалар. Маған соның бәрімен де кәсіби деңгейде шұғылдануға тура келді. Бұл жолда төккен терімді қалай арзан дей аламын?! Оның үстіне, мектеп бітіргеннен бері әлденеше ауыспалы кезеңді бастан кешіппіз. Сондықтан босбелбеу жүрген кезім жоқ. Бірақ, қай адам да өз өмірін ойлағанда, алдымен жастық шағы еске түсетін шығар. Менің де жастық шағым, әсіресе, «Лениншіл жастағы» кезім жиі еске түседі. Әсіресе, ондаған жылдар бойы Жазушылар одағына мүшелікке алынбай, әдебиет табалдырығында топталып қалған жас таланттарға жұртшылық назарын аудару жолындағы табанды талпыныстарымыз еске түседі. Похожее изображение
– Жақсы бастама болған екен…
– Көбіміз – соғыста әкесін жоғалтқан жетімдер едік. Өзімізге өзіміз қараспасақ, бізге қарайласатын ешкім болған жоқ. Тіпті, Н.С.Хрущевтің Мәскеудегі жастарға едіреңдеген саясатын бізде де өрістетуге құштар күштер көп болды. Орталық партия комитетінің пленумы сайын шығармашыл жастар сыналды. Өз басым әлденеше рет идеология хатшысының баяндамасына іліктім. Кейбір ағаларымыз партиялық мінберде тұрып, жер-жебірімізге жетті. Сол кезде «Лениншіл жас»: «Баптай білсе, жүйрік көп», – деп, шығармашыл жастарға араша түсті. «Кейінгі толқын – інілер» деген айдар ашып, әдебиет пен өнердегі жастарды жеке-жеке насихаттады. Қадыр Мырзалиевтің лирикалық өлеңдеріне тұтас бір бет берілгенде, «үлкен үйдегі­лер»: «Бұларың не? Лотереяның ұтыс кестесі ме?» – деп кіжінді. Авторлық беттер одан әрі жалғасты. Бұған әдебиеттегі ақсақалдар апшыды. Кейбірі өзімізге телефон соқты, кейбіреулері емен есіктерді жағалады. Жағдайды ушықтырмау үшін «Алдыңғы толқын – ағалар» деген айдар аштық. Оларға да жастарға істегендей, жарияланатын шығармаларын қатал іріктедік.
– Онда сізге қысым көбейген шығар?
– Қоқан-лоқыдан көзіміз ашылмады. Әсіресе, редакторымыз Шерхан Мұртазаға қиын болды. Күн сайын үлкен үйден шақырту келеді. Тікелей басшыларымыз – Өзбекәлі Жәнібеков, Камал Смайылов, Ибрагим Аманғалиев бізді жақтайды. Олардың көмегімен шығармашылық жастар кеңесін құрдық. Әдебиет бірлестігін аштық. Оның жиындарынан екі Орталық Комитеттің өкілдері қалып көрген емес. Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров сынды ақсақалдар өздері келді. Мұндай дәстүрді бір кезде университет бірлестігінде Әуезовті сөйлетуден бастағанбыз. Енді сол дәстүр «Лениншіл жастың» арқасында республикалық деңгейге көтерілді. Әдебиет пен өнер саласындағы таңдаулы шығармалары үшін жастарға берілетін сыйлықтар тағайындалды. Жастар әдеби альманағы мен кітап баспасын ашу қолға алынды. Ол ұсыныстар аталмыш кеңесте әзірленді. Оның жұмысын жүргізу маған тапсырылды.
– Айтпақшы, аға, сізге ресми атақтар сол кезде келді ме? Әлгіндей бастамалардың қайырын көрдіңіз бе? Жастар сыйлығын алған боларсыз?
– Менде ондай мақсат болған емес. Бұл – сол кездегі шығармашыл жас қауымның ортақ мүддесі еді. Ал, маған келсеңіз, қайырын көрмек түгілі, қайта басымдағы қиқуды одан сайын көбейтіп алдым. Әдебиет пен өнердегі жас буынды қолдау, эстетикалық талғам мен көркемдік шеберлікті арттыру жайындағы пікірлердің өзі – идеялық шикілік, жікшілдік, топшылдық деп бағаланды. Партиялық баспасөзде «болашақ Синявский» деп қара тізімге ілініп те жаттық. Өндірістік редактор ретінде Мәдениет министрлігіне қызметке ауысуға тура келді. Оған Шерхан ағам әуелі келіспеді. Артынан қинала-қинала рұқсат берді.
– Сосын құлағыңыз тыншыған шығар…
– Қайдағы? Мәдениет министрлігінің репертуар алқасы да – нағыз қызыл от екен. Бұл тауға жайылатын да сол баяғы әдебиет арқарлары болып шықты. Қай-қайсысына да: «Мына бір тұсы әлі де болса олқы сияқты», – десеңіз болды, жел жағынан шығып қаласыз. Жүгіріп бастықтарға барады. Ол кездегі министрлер Ләйла Ғалымжанова, Ілияс Омаровтар өз пікір, өз көзқарастары бар адамдар еді. Оларды иліктіре алмағандар одан жоғарыға жүгіреді. Ақыр аяғында 1968 жылы әскери міндеттілік заңына өзгерістер енгізілгенін пайдаланып, менің иығыма «шинель жауып» тынды. Қытай-Кеңес қатынастарының шиеленісіп тұрған кезі. Жалаңашкөл окоптарынан бір-ақ шықтым. «Дружба народов» журналында жарияланған шығармамды оқып алған әскерилер менің бұл жүрісіме қатты қайран қалды. Қорғаныс министріне рапорт жазылды. Ол халықаралық жағдайға байланысты қанағататтандырылмады. Екі жылдық қызметімді аяқтап, Алматыға оралдым. Келсем – орнымда басқа адам. Театрдың орнына кино істерімен шұғылдануға тура келді. Бұл да – бір жағы, өнер, бір жағы, өндірістік шытырман дүние екен. Дау-далабасы да жеткілікті. Бірақ, мұндағылар ашық айтысады екен. Әуелі: «Бұл қайдан келді?» – деп көз алартып жүргендер болды. Алайда, тіл табысып кеттік. Табаны күректей бес жыл бойы «Қазақфильмнің» сценарий алқасын басқардым. Сол арадан Орталық Комитеттің мәдениет бөліміне шақырылдым. Он жылдай әдебиет секторын басқарып, Мәдениет министрінің құрылыс, мұражай, ескерткіштерді қалпына келтіру мәселелерімен шұғылданатын орынбасарлығына жұмсалдым. Ол тұста Алматыдағы Орталық мұражай, Отырардағы, Сырымбеттегі, Шанканайдағы ондаған мұражайлар мен мемориалдар салынды. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойғы мемлекеттік қызметшілігім басталды. Оның да ой-шұқыры мол екен. Қаузай берсеңіз, ұзақ әңгіме.
САЗҒА ЕЛТІМЕЙТІн КІСІ СӨЗГЕ ТҮСІНБЕЙДІ

– Сіз көркемсөз өкілісіз. Қылқалам өнеріне қалай қарайсыз?
– Дүниеде екі бақытты суреткерлік мамандық бар деп білемін: біреуі – саз, екіншісі – бейнелеу өнері. Олардың басындағы шығармашылық бостандық әдебиеттегіден әлдеқайда көп.
– Саз өнерінде кімді жКартинки по запросу әбіш кекілбаевақсы көресіз?
– Дүниеде ұлы шығармалар мен суреткерлер көп қой. Оларды түсінбеу – топастық, қадірлемеу – нәмарттық. Бетховен мен Моцарттың, Верди мен Чайковскийдің, Григ пен Штраустың, Вагнер мен Стравинскийдің қайсысын өгейсітуге болады?! Абыл мен Байжігіттің, Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Дәулеткерей мен Қазанғаптың, Нұрғиса мен Шәмшінің өнеріне тәнті болмайтын қазақ жоқ деп білемін?! Сазға елтімейтін кісі сөзге түсінбейді. Бұл – анық.
– Суретшілер туралы не айтар едіңіз?
– Жамандарды жағалап қандай абырой таппасаңыз, жақсыларды алалап та сондай абырой таппайсыз. Суретшілерге салсаңыз, дүниеде назар аударуға тұрмайтын ештеңе жоқ. Ең бастысы, көре білуге, көргенді көңілге түйе білуге байланысты. Онсыз мына дүниеде болып кеткеніңді қалай дәлелдей алмақшысыз? Тоқсан жыл жасап, тобықтай сыр түйе алмайтын топастық осындай ештеңеге назар тіге алмайтын енжарлықтан өрбиді. Күнде көріп жүргеніне көңіл тоқтата білмегендіктен көп нәрседен ұтылып жүрміз. Көп уақытқа дейін Әбілхан Қастеев ағамызға ауыл арасының тұлғасы ғой деп жеткілікті назар салмаппын. Кейін әлемдегі әйгілі көрмелерді аралап көрген соң Қастеев қаламынан өзіміз жүрген ортаның талай кереметін аңғардым. Ол басқалардың байқай бермейтінін байқапты.
– Домбыра тартатын өнеріңіз бар ма?
– Бұл жағынан мақтана алмаймын. Әкем Өскенбайға ерген дәулескер күйші болыпты. Соғысқа кеткенде жақсы домбырасы қалып еді, сақтай алмадық. Мен басқаларды тыңдағанды жақсы көремін. Құдайға шүкір, біздің төрімізде Мұрат Өскенбаев, Самиғолла Андарбаев, Әзидолла Есқалиев, Сержан Шакратов, Шәміл Әбілтай, Қаршыға Ахмедияров, Бақыт Қарабалина, Мырзағұл Панаевтар талай рет күй тартқан. Жазушылардан Жұмекен, Төлен, Жүсіптер – жақсы күйшілер. «Дарияның жағасынан құдық қазба», – деген ғой. Солардың мысы басып кеткен бе, күй өнеріне Құдайдай табынсам да соңына түсіп күйттей қоймаппын. Картинки по запросу әбіш кекілбаев
– Ғабит Мүсіреповтің этнографиялық әңгімесіне үндес қазақы мінез деген әңгіме жазбас па едіңіз?
– Жазып жүргендеріміз де сол қазақы мінез жайында ғой. Бірақ, өз халқыңды аяйсың, айыптауға қимайсың. Жөнді-жөнсіз мақтай беру өзгелерді тіксінтпесе, сүйсінтпейді. Сондықтан да, неміс жазушысы немісті, ағылшын жазушысы ағылшынды, қазақ жазушысы қазақты жазып отырғанымен, жалпы адамзатқа ортақ қасиеттер мен кемшіліктерді сипаттайды. Адамдарға адамзатты түсінікті түйсіндіруге тырысады. Мен де сол үрдісті ұстанамын. Біздің халықтың тағдыры масаттанудан гөрі тебіренуді, қазымырланудан гөрі қамырығуды көбірек қажетсінетіндей.
– Кітап жинауды ұнатасыз ба?
– Кітап оқуды ұнатамын. Оқыған кітаптардың басым көпшілігі кітапхана­ларда. Олардың саны жинаған кітапта­рымнан әлдеқайда көп. Дегенмен, университетке түскелі кітап дүкендеріне жиі барамын. Жинағандарымды әлденеше рет шашып алдым. Пәтерден пәтерге көшіп жүріп жоғалттым. Достарға, мектептерге, кітапханаларға сыйладым. Жалпы жарысып кітап жинауды да біздің буын шығарды. Шауып шыққаны – Қадыр Мырза-Әлі. Баяғы пәтер жалдап тұратын кезінің өзінде асханасынан әжетханасына дейінгі барлық қуысты кітапқа сықап қоятын. Содан кейінгі – Қалтай Мұхамеджанов. Мәскеуге барғанда ол кісі кітап дүкеніне кірсе, бақшаға түсіп кеткен бұқадай шықпай қоятын. Ал, Асқар Сүлейменов – барып тұрған барымташы. Қонаққа келгенде, қабырғасы ырсиған арықтығын пайдаланып, ышқырлығына қатарластыра кітап тығып, оны сыртынан желең жейдесімен көлегейлеп, түк болмағансып, қаймақ жалаған мысықтай сымпиып шығып бара жатқаны. Ұстап алсаң – бет-аузы бүлк етпейді. «Дәрі болса, езіп басыңа жақ», – деп, ызғарлана әжуалап тайып тұрады. Мен кітап жинауға олардай өле құмарпаз емеспін. Керек ететін кітаптарымды ғана жиямын. Көркем әдебиетпен қоса, тарих, философия, ғылым, саясатты да ренжітпеймін. Жалпы, бұл мәселеде де Ғабит Мүсіреповтің: «Әйелдің жақсысы өз үйіңнен гөрі көршіңнің үйінде болса дұрыс» деген қағидасын еске ұстаймын. Жақсы кітаптың біреудің төрінен гөрі кітапхананың төрінде тұрғаны дұрыс деп білемін. Көпке қызметі өтіңкірейді.
– Сіз жақсы көретін жазушы­лар кімдер?
– Жазушыларды неге жақсы көрмейін?! Олай етпесем, әдебиетке келемін бе?! Алайда, әдебиет пен өнердегі богемалық сайқылықтан шеттеу жүріппін. Оған уақытым да, құлқым да болмапты. Көріп отырсыз, күні-түні кітаптар арасында өмір өткіземін. Олардай ақылды мәжілістестерім болмаса, менің күнім не болар еді? Олар мені не болса, соған орынсыз бопсаламайды. Өсек айтпайды. «Менің айтып отырғаным дұрыс па?» – деп тергеп, тексермейді. Ондай ақылдастардан әзірге айналып кете алар емеспін. Соған қарағанда, жақсы көретін жазушыларым әлі де жеткілікті сияқты. Тіпті, тірі жүргендердің арасында да аз емес. Алайда, әдебиет салондарынан әлгіндей салихалық табыла бермейтіні тағы рас. Жазған-сызғандарына көз салсаң, күллі адамзат үшін өзек үзетін бауырлардың бір-бірімен амандасып, дұрыстап қоштасуға құлықтары соқпай, онсыз да ызы-қиқы қоғамды одан сайын бала-бажырға айналдырудан тартынбайтындары жанға батады. Біздің әлеумет кітабына қарап жазушыны тануға емес, авторына қарап кітап тануға баулыған қауым екендігін ескере бермейміз. Олар әдебиетшілеріміздің жүріс-тұрысына қарап, әдебиетімізді де қомсынып жүре ме деп қорқамын. Картинки по запросу әбіш кекілбаев
– Сіз мемлекеттік қызметті шығармашылықпен қатар алып жүрген адамсыз. Тәуелсіздіктен бері қарай Жоғары Кеңестің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы қызметтерін атқардыңыз. Көп жылдан бері депутат қызметін атқарып келесіз. Өз қалауыңызбен шығармашылықтан осындай саяси жұмыстарға кеттіңіз бе?
– Менің өз басымның бұрын да аштан өліп, көштен қалғаным шамалы еді. Жасы жиырмадан асар-аспаста одақтық жазушылар ұйымына, қырықтан асар-аспаста оның басқарушы алқасына мүше болу кез келген қаламгердің маңдайына бұйыра бермеген. Отыз жасымнан бермен қарай Одақта жүріп, шетел оқырмандарына да жол тарттым. Бірақ, соның бәрін мемлекеттік қызметте жүріп жаздым. Кейбіреулері мені әуелден көйлекшең туғандай көріп, сырттай тон пішіп жатады. Алайда, мен өткен жолдың да кедір-бұдырының аз болмағанының шет-шепірін жоғарыда айттым. Атқарған қызметтеріме қарағанда, әлденеше рет мамандық ауыстырған сияқтымын. Оның бәрі оқуға-тоқуға, өмірді зерттеуге мәжбүрлейді. Ауыспалы кезең жеке басымның шаруасын шайқамаса, нықтай түскен жоқ. Ел көргенді мен де көрдім. Көздің майын сарқа жүріп тапқан-таянғаным бір күнде желге ұшты. Бірақ, түбі қайыр болып, тәуелсіздікті иемденгенімізге шын жүрегіммен қуандым.
Онымен бірге келетін уақытша қиындықтарға бола сары уайымға салынған емеспін. Менің бұл ұстанымдарыммен келісетіндер де, келіспейтіндер де табылды. Бірақ, оған бола ешкімге апшып көрген емеспін. Тәуелсіздік жылдарындағы қызметтерімнің қай-қайсысына да өз қалауыммен бардым. Бірақ, бақ іздеп, байлық іздеп барған жоқпын. Тәуелсіздік идеясы енді-енді бүршік жарып келе жатқанда саяси қызметке шақырған – Мемлекет басшысы. Бірақ, тікелей сенім көрсеткен – жалпақ әлеумет. Үш дүркін баламалы жолмен Парламентке сайландым. Сонда ұстанған қағидаларымның арқасында мемлекеттік лауазымдар иелендім. Ол, әрине, шалжиып кітап жазып отыруға мүмкіндік бермейтіні рас. Қазіргідей заманда өз өнері мен жанрының бүге-шігесіне қанық қандай беллетрист білегін сыбанып, өз тұсы жа­йында эпопея жазып жатыр? Ондайлар әзір қай әдебиетте де көріне қойған жоқ. Демек, оның да кезі әлі алда шығар.
Өмірдегідей әдебиетте де қанша асыққаныңмен, аттап кете алмайтын заңдылықтар бар. Алайда, қаламым қолымнан бәрібір түскен жоқ. Уақыт талабына үндес жанрда әлеуметті толғандырып отырған дәуірлік мәселелер төңірегінде сөз қозғадым. Қазақ халқы ғасырлап күткен тәуелсіздікті қалай бекемдеу жөнінде қалам тербеп келемін. Қазіргі әлеумет те жайбарақат кітап оқып, эстетикалық ләззат іздеп отырған жоқ. Өзек өртеген өрелі сұрақтарға жауап іздеп, өз тағдырларының қандай болатынына байланысты жан-жақты талдаулар мен болжаулар жасау үстінде жанталасып жатыр. Мен өз елім мен өз жерімнің мұңын мұңдасып келе жатқан азамат ретінде мұндай үдерістерден қалай қалыс қала аламын?!
Ал, әдебиет көрген-білгенді жазбайды. Көз жеткен шындықты толғайды. Ендігі әдебиетке өзек бола алатын әлеуметтік шындықтың бет-бейнесі енді-енді айқындалып келеді деп білемін.
– Сонда қазіргі әдебиет дағдарысқа ұшырап отыр ма?
– Әрине, әдебиетті – суреткер, кейіпкер, оқырман – орайласып барып өрістетеді. Ондай кезең әзір келе қойған жоқ. Өйткені, көпшілік әлі де болса, өзгерістердің біріне түсінсе де, біріне түсінбей, әрі-сәрі хәл кешуде. Әлеумет дағдарыстан арылмай тұрып, әдебиет өз бетімен құлан таза сауығып кете алмайды. Өтпелі кезеңнен біреу хабардар, біреуге беймәлім, біреуге түсінікті, біреуге түсініксіз, өткінші жағдайға байланысты тыжырынулары мен қызынулары өрелі шығармаларға өзек болып жарытпайды. Одан үлкен әдебиет тумайды. Бұл – белгілі мөлшерде суреткерлердің қолын байлап отырған заңдылық. Қазіргі әлеумет қазіргі шығармалардан қазіргі түйткілдерге жауап іздейді. Ал оған өзі қанығып болмаған қаламгер қайдан жауап бере алады?! Ондай айтаққа ылыққыш ала қазбалық шыншылдықты емес, отызыншы-елуінші жылдардағыдай жаппай дәріпшілдік пен жаппай боямашылдықты өрістетеді. Ал, өз басымның ондай одағайлыққа мейілім шаппайды.
– Сонда бүгінгі әлеумет күнделікті күйбің тіршіліктің күйбеңінен әріге аса алмай отыр деймісіз?
– Күнкөріс қай кезде де оңай болмаған. Қазір де оңай емес. Әсіресе, жазушыға. Кітапты жазу, бастыру, тарату үшін де қыруар қаржы керек. Бәрін басқаға қол жайып жүріп қарық қыла алмайсың.
– Сонда күнкөріс мәселесі сізді де қинай ма?
– Әдебиеттің қабырғасы – жұттан шыққан арық сиырдай арса-арса. Ол аузымызды аққа жеткізгенше әлі көп уақыт керек. Сондықтан, бүгінгі таңда басқа бір тиянақты еңбекпен шұғылданбасақ, тек әдебиетпен қабырғаңды жауып қарық болмайсың.
Мен үшін ондай тіршілік айыратын еңбек – әзір әдебиет емес, мемлекеттік қызмет болып тұр. Картинки по запросу әбіш кекілбаев
– Сіз өмірдің мәні неде деп ойлайсыз?
– Өмірдің мәнін өмірдің өзі айқында­тады ғой деймін. Ол бізді белгілі бір тарихи оқиғалардың иіріміне әкеп тірейді. Өзі анадайдан: «Ал енді қайтер екенсіңдер?» – деп аңдып тұрады. Мықты болсаң, әуелі сол тығырықтан өзің шығып ал. Сол жолда түсінген, түйген сырыңа өзгелерді де ортақтастыр. Шығарма сол үшін жазылады. Оқитыны оқиды, ұғатыны ұғады. Оған құлқы соқпайтындарға ешқандай дауа жоқ. Меніңше, бүгінгі суреткерлік кәсіптің кешіп отырған күні осы тақылеттес. Бүгінгі суреткер – қап толы ұннан қалаған нанын илейтін қарқалазы наубайшы емес. Өз етін өзі жеп барып, өмірдің сырына қанығатын өзгеше бір жанықас «әлеуметтік хай­уан». Бүгінгі оқырманға сенің неше кітап шығарғаның емес, нені ұғып үлгергенің керегірек. Өз басым бүгінгі қазақ қауымының қабырғасын қайыстырып отырған қазіргі дүниеден өз орнын табу жолындағы әлеуметтік абыржулары мен алаңдауларына тұшымды жауап іздеуді ең басты мақсат санаймын. Мен үшін қазіргі өмірдің басты мақсаты да – сол. Әйтпесе, ермек іздегендерге ермек тауып бергенге қандай суреткер қанағаттана алмақшы?!
– Сонда қалай ойлайсыз: қазақ ұлт болуға қарай бет бұрды ма, жоқ, ұлтсыздануға кетті ме?
– Мәселенің осылай қойылып отырғанының өзі-ақ біздің ұлт болуға бет бұрғанымызды байқатады. Ол, бірақ, өз-өзінен бола салмайды. Оған керектің бәрі бізде жеткілікті. Жер көлеміне өкпелей алмайсыз. Оның үстінде не барын баяғыда Асан Қайғы айтқан. Астында не барын да баршамыз біліп болдық, өзіміз түгіл өзгелер жақсы біледі. Ел болып кете аламыз ба, жоқ па – өзімізге байланыс­ты. Әуелі халқымыздың ғасырлар бойы тартқан тауқыметінің неден өрбігеніне түсініп алуымыз керек. Сосын оның бо­йында бар және жоғалтқан қасиеттерін қайта түгендеп, қайтадан өзімізге өзіміз келіп алуымыз керек. Өзгелердің неден озып, неден қалып жатқандығын мұқият барлап, басқалардан кем қалмаудың жолын қарастыруымыз керек. Даңғойлық пен самарқаулыққа берілмей, өзімізге талапшыл, өзгелерге әділ болуға үйренгеніміз ләзім. Онсыз қабырғалы халық, жоралы жұрт, ұлтанды ұлт болып кету кім-кімге де қиын болған.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Жарылқап Қалыбай.
«Жұлдыздар отбасы» журналы,
№18 қыркүйек, 2008 жыл.

Пікір қосу