– Тәуекел, жаз маусымы да бітті. Жазғы демалысыңыз қалай өтті?
– Жазғы демалысым Мәскеуде, түсірілім жұмыстарымен өтті. Ал арнайы демалып қайту үшін алыс шет елдерге арнайы барған жоқпын. Бірақ отбасыммен Ыстықкөлге барып, суға шомылып қайтуға уақыт таптым. Сондықтан жазғы демалысым ойдағыдай өтті деп айта аламын.
– Осыған дейін біраз шет елдерді араладыңыз. Сізге қай ел несімен ұнады?
– Иә, бірнеше шет елдерде болдым. Әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, жақында Жапония елінің астанасы Токио қаласында және Фудзида болып қайттым. Жапон халқы маған өте ұнады. Адамдары мәдениетті, мейірімді, ашық мінезді, жарқын. Кездескен сайын әрдайым күлімсіреп қарсы алып, шығарып салып тұрады. Сондай-ақ Америка Құрама Штатына да бардым. Ол ел өзіндік бір атмосферасымен ерекшеленеді. Ол жаққа барған адам ол атмосфераны сезіне алады. Жалпы екі ел де қай қырынан қарасаңыз да дамыған.
– Енді бір-екі жыл білім жағына ден қоятыныңызды айтып едіңіз. Нақты өзіңізді қай жағынан дамытып жатырсыз?
– Иә, қазір актерлік шеберлік курсына қатысып жүрмін. Арнайы тіл маманымен жұмыс істеймін. Одан бөлек спортқа да көңіл бөлуге тырысамын. Ағылшын тілін оқимын. Сондай-ақ биыл Мәскеу қаласындағы университетке «психоанализ» мамандығы бойынша магистрлік оқуға түстім. Бұйырса, екі жарым жылда психоанализ мамандығын оқып шығамын. Картинки по запросу тәуекел муслим
– Ағылшын тіліне қалай дайындаласыз? Оқырманда­рымызға ағылшын тілін тез меңгерудің бір тәсілімен бөліссеңіз.
– Мен көбінесе ағылшын тілінде әндер тыңдаймын. Сөздерін жазып алып, аударамын. Сонымен қатар ағылшынша фильм, сериалдар көремін. Ағылшын тілін үйренуге арналған арнайы кітаптарды оқимын. Басында тілі жеңіл ертегілерден бастадым. Сөйтіп-сөйтіп ақырындап күрделі кітаптарға көше бастадым. Қазір енді күніне бір- бір жарым сағатымды ағылшын тіліне арнауға тырысып жүрмін.
– Ағылшын тілін меңгеріп, әлемдік киноиндустрияға қадам басу ойыңызда бар ма?
– Иә, ағылшын тілі мен қоса түрік тілін де үйренгім келіп жүр. Мұхит асып әлемдік киноиндустрияға араласқым келеді. Алайда бұл ойымның қашан іске асатыны әлі белгісіз.
– Енді шығармашылығыңызға тоқталсақ, жақында Өзбекстан елінде «Барон-2» атты фильмге түстіңіз. Бұл фильмге қалай келдіңіз?
– Осыдан екі жыл бұрын аталмыш фильмнің режиссері Рүстам Сағадиевпен танысқанмын. Ол – Өзбекстан еліндегі өте танымал режиссерлердің бірі. Қазақстанмен бірлесіп ауқымды жоба жасап, жұмыс істегісі келетіндігін айтты. Сөйтіп маған фильмге түсуге ұсыныс тастады. Содан кейін мен келісіп, биыл ол фильмді түсірдік. Бұйырса, жоғары деңгейдегі жоба болады деген ойдамыз. Себебі, бұл – халықаралық жоба. Жобаға Өзбекстан, Ресей, Түркия елінің актерлері қатысты.Похожее изображение
– Осы фильмдегі образыңыз туралы айтып берсеңіз…
– Қазіргі таңда ислам дінін дұрыс түсінбей, басқа ағымдарға кетіп жатқан жастар көп. Бұл фильм сол тақырып аясында түсірілген. Менің кейіпкерім де солай адасқан жігіт. Дінге, мұсылман бауырларына көмектесемін деп барған қазақ жігітінің қалай басқа ағымға, экстремистік топқа кіріп кеткені, одан қалай шыққаны, не істегендігі көрсетіледі. Яғни бұл фильм арқылы қазіргі проблеманы ашық көрсеттік. Кейіпкеріміздің тағдыры көрермендерімізге сабақ болғанын қалаймыз.
– Түсірілім барысында болған бір қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз…
– Түсірілім кезінде қызықты сәттер көп болды. Фильм Өзбекстанның Ташкент қаласында, Мысырдың Каир қаласында түсірілді. Ташкенттегі түсірілім кезінде бізге күнде палау жасап беретін. Түсте де, кешке де палау ғана жедік. Және ең қызығы, ол жақта палау­ды әйелдер емес, ер азаматтар жасайды екен. Бірақ палаулары өте дәмді.
Одан бөлек діни, экстремистік тақырыптағы фильм болғандықтан, жарылыс кезін түсірген сәттер қызық болды. Бірде атыс болатын сахнаны түсіріп жаттық. Қолымызға Калашников автоматын берді. Бірақ ішінде оқ жоқ, тек шын оқ атылғандай дыбыс шығады. Бір кезде көліктің артынан тығылып атуым керек болатын. Ал оператор дәл менің жанымда жақыннан түсіріп тұрған. Содан мен атуға кірістім. Ана көліктің қасынан оқтың дыбысы жаңғырып қатты шықты. Құлағыма қатты естілді. Жан-жағыма қарасам, бәрі атысып жатыр. Мен де қатты дыбысқа мән бермей шайқасып атып жатырмын. Содан бір уақытта қарасам, бәрі тоқтап, тып-тыныш маған қарап тұр. Сөйтсек, режиссер «стоп» деп белгі берген екен. Ал оқтың қатты дыбысынан оператор екеуміз естімей, мен атысып-шайқасып, оператор түсіріп тұра берген ғой. Сол кезде бір күліп алған едік.Картинки по запросу тәуекел муслим
– Тағы қандай жобаларды жоспарлап жүрсіз? Немен айналысып жүрсіз?
– Әзірге бір-екі жобаммен келіссөз жүріп жатыр. Бірақ әлі белгісіз. Ал оған дейін осылай тіл үйреніп, кітап оқып өзімді дамыта бермекшімін.
– Уақыт ешкімнің ырқына көнбей, зымырап өтіп бара жатыр. Күн өткен сайын қандай ойлар сізді мазалайды?
– Иә, уақыт өте келе ой да, өмірге деген көзқарас та өзгереді екен. Кез келген адам бұл өмірге келген соң, «не үшін келдім?» деген сұраққа жауап бергісі келеді ғой. Мен де бұл қысқа ғұмырда ешкімді ренжітпей, жаман атқа қалмай, ата-анамыз берген тәрбиемен адамдарға жақсылық жасап өткізгім келеді.
– Қандай қоғамдық мәселелер сізді алаңдатады?
– Қоғамдағы көптеген жағдайлар, әсіресе, тіл мәселесі мені қатты алаңдады. Қазір бір өкініштісі, тілге деген құрмет азайды. Дәстүр, тәрбие жағынан әлсіреп барамыз. Сондықтан ағаларымыз, аналарымыз осы жайтты ескеріп, өсіп келе жатқан ұрпаққа дұрыс жол көрсете білсе екен деймін. Тілге деген сүйіспеншілікті, білімге деген құштарлықты оятса екен деймін.
– Айып етпеңіз, ел аузында жүрген сөз болған соң сұрайын. Сізді қазір көбісі «сұлуларға көз салғыш» деп айтады. Бұл пікірге не деп жауап бересіз?
– Енді қай еркек сұлуларға көз салмайды (күлді)? Көз салады, бастысы сөз салмаса болды ғой. Сондықтан «жоқ, ондай емеспін» деп айта алмаймын. Иә, танысып көремін. Бірақ сүйіктіме жолықсам, сол бір ғана адаммен бақытты ғұмыр кешуге тырысамыз.
– Әлеуметтік желіде кішкентай ініңізбен суреттеріңізді көріп, бауырмал екеніңізді байқадық. Әке болуды аңсап жүрсіз бе?
– Әрине, әке болуды қатты армандап жүрмін.
– Бала тәрбиесі дегенді қалай түсінесіз?
– Бала тәрбиесі мен үшін өте маңызды. Себебі, әр отбасы – жеке бір мемлекет. Ол отбасыдан шығатын азамат ертең елді басқарады, қоғамға араласады. Сондықтан ол баланың білімі, өзіне тән пікірі, көзқарасы болуы керек. «Баланы жастан, әйелді бастан» деп қазақ бекер айтпаған. Балаға жастайынан дұрыс тәлім-тәрбие беру керек. Өйткені ертең ол саған қарап өседі. Әкесі істеген істі ол да істейді.Картинки по запросу тәуекел муслим
– Болашақта қандай әке боламын деп ойлайсыз?
– Алла жазса, жақсы әке болуға тырысамын.
– Осал тұсыңыз?
– Осал тұстарым көп. Айта берсең адам шошиды (күлді). Кешігетін жаман әдетім бар. Одан бөлек компьютерлік ойындарды жақсы көремін. Бірақ енді азартты ойындарға қатты құмар емеспін. Тағы не айтса болады?! Тамақ дайындай алмаймын, ол да осал тұсқа жатады ғой. Әлі күнге дейін ұялшақтық, жасқаншақтық мінезім бар.
– Әріптестеріңізге немесе жақындарыңызға жасаған ең құнды сыйлығыңыз?
– Шыны керек, есімде жоқ. Қымбат сыйлық берсем де, оған өзім мән бермеуге тырысамын.
– Өзіңіз алған ең бағалы сыйлық?
– Мен үшін ең бағалы сыйлық – Құран Кәрім кітабы.
– Қай мерекені асыға күтесіз?
– Жалпы әр күнді асыға күтемін. Алланың берген әрбір күніне шүкір етіп, қуанамын.
– Тәуліктің 25-ші сағаты болса, не нәрсеге жаратар едіңіз?
– Бір сағат артық уақытым болса, достарым және үйдегілерімен қызықты етіп өткізер едім.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Наргиза АРШИДИН

Пікір қосу