Өскен ортасы
Мұхтар Қабылұлы Әбіләзов 1963 жылы 16 мамырда, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (Қазіргі Түркістан облысы), Төле би ауданы Галкино ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбіләзов Қабыл 1936 жылы 25 желтоқсанда, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Қараспан ауылында туған. Алматының ауылшаруашылық институты ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін 1962 жылы бітірген. Ал анасы Рауза Кәрімқызы Төлепбергенова 1940 жылы 11 қаңтарда Талдықорған облысы Андреевка ауданы Екпінді ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Алматы Қыздар педагогикалық институтында оқыған. Сол кездегі тәртіп бойынша жаңадан оқу бітірген жас отбасы ОҚО Төлеби ауданының Галкино селосына жұмысқа жіберіледі. Кейіннен, 1965 жылы Қ.Әбіләзов Түлкібас ауданы Ванновка селосындағы (қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылы) Гидромелиоративтік техникумына мұғалім болып орналасты.
М.Әбіләзов бірінші сыныпқа 1970 жылы Ванновка ауылындағы М.Ломоносов атындағы орыс мектебіне барды. Бірақ әкесінің Түлкібас ауданы Высокое селосындағы «Путь Илича» колхозына жұмысын ауыстыруына байланысты 1974-1976 жылдары осы селодағы Бреусов атындағы мектепте үш жыл орыс сыныбында оқыды. Одан соң әкесінің қайтадан Ванновка селосындағы техникумға оралуына байланысты Әбіләзовтар отбасы Ванновка селосына көшіп келді. Сөйтіп, Мұхтар бұрынғы мектебінде оқуын жалғастырды. 1980 жылы мектепті бітіріп, Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (ҚазМУ) физика факультетіне оқуға түсті. Үш жылдан соң жоғары оқу орындарының өзара студенттер алмасу конкурсында жеңіп, 1983 жылы Мәскеудің Физика инженерлік институтына (МИФИ) ауысты. Осылайша атомдық физика саласының «физик-теоретик» мамандығы бойынша 1986 жылы осы институтты бітірді.

Қазақстанға оралған соң Мұхтар КазГУ-дің физика факультетінде инженер, сонан соң кіші ғылыми қызметші болып жұмыс істейді. Ол сол жылдары Алатау селосындағы университеттің жатақханасында тұрды. Кейбір дерек көздерінде 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасына» қатысқан студенттерге араша түскені үшін Мұхтар сол кездегі Кеңес үкіметінің арнайы қызмет органының назарына ілігеді. Мұхтарды олар бір жылдай тергеп-тексерді деп айтылады.
Мұхтар 1990 жылдың сәуірінде Мәскеудегі өзі білім алған Физика инженерлік институтына өз мамандығы бойынша аспирантураға түседі. Осыдан кейін КазГУ-дегі жұмысынан шығып қалады. Бұған байланысты «университеттің рұқсатынсыз аспирантураға түскені үшін КазГУ әдейі шығарып жіберді» деген де дерек бар.

Әпкесі Қарлығашпен

Алғашқы кәсібі
1991 жылдан бастап Мұхтар Әбіләзов кәсіпкерлікпен айналысады. Ол сол жылы алғаш «Мадина» компаниясын құрды. (Мадина – кәсіпкердің қызының есімі). 1991-1993 жылдары «Мадина» компаниясының табысы арта түсті. Сөйтіп, бизнесін кеңейтіп 1993 жылы «Астана Холдинг» компаниясының негізін қалады. Мұхтар 1993-1997 жылдары осы компанияның президенті болды. Интернетте «Астана Холдинг» компаниясының жұмысы туралы «негізінен пайдалануға қажетті тұрмыстық тұтыну бұйымдарын, азық-түліктерді Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізумен шұғылданды» деп жазылған. Әрі сол кездегі «Астана Шугар», «Астана Фуд», «Арал Тұз», «Шымкент макарон фабрикасы», «Сіріңке комбинаты», «Астана Медсервис», «Астана Интеротель», «Астана Банк», «Жанна» сауда үйі, «Астана Моторс» сынды коммерциялық кәсіпорындар «Астана Холдинг» компаниясының құрамында болды.
1997 жылы Мұхтар «Қазақстанның Электр желілерін басқару компаниясының» басшысы болды. Бір жылдан соң (1998) ол мемлекет мүлкін жекешелендіру аукционында «Тұран Әлем» банкін (кейін «БТА Банк» болып ауыстырылған) 72 миллион долларға мемлекеттен сатып алды.

отбасымен

Алғашқы сотталуы және ҚДТ-ның құрылуы
М.Әбіләзов 1998 жылдың сәуірінен 1999 жылдың қазан айына дейін Энергетика, индустрия және сауда министрі қызметін атқарды. Алайда 1999 жылдың қазан айында Мұхтар Қабылұлы отставкаға кетті. Осыдан соң М.Әбіләзов қудала бастады. Оның пікірінше, М.Әбіләзов ҚР президенті Н.Назарбаевтың басқару әдістеріне қарсы сөйлеп, оған ұсынылған бірқатар мемлекеттік қызметтерден бас тартқан екен, Президент сол уақыттағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Әлнұр Мұсаевқа «қандайда бір себеп тауып» оған қылмыстық іс қозғауын тапсырыпты. Содан бастап Әбіләзовтен жауап алу жиілейді.
Осыған байланысты 2000 жылы М.Әбіләзов пен Ғ.Жақиянов реформаларды демократиялық және құқықтық жолмен өзгертетін қозғалысты құруға шешім қабылдады.
2001 жылы 18 қарашада М.Әбіләзов Павлодар облысының әкімі Ғ.Жақияновпен бірге алғаш рет оппозициялық қозғалыс құрылғандығы туралы хабарлады. Бірақ ашып ештеңе айтпады. Өйткені ұйымдастырушылар «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының құрылғандығын халыққа 2002 жылдың көктемінде жариялауды жоспарлады. Сөйтіп, 2002 жылдың 19 қаңтарында Алматыда «Қазақстанның демократиялық таңдауының» (бұдан былай ҚДТ) құрылтайы болды. Бұған барлық өңірлерден шамамен 1000 делегат қатысты.
ҚДТ-ның бағдарламасында парламенттің қуатын арттыру, өңір басшыларын тікелей сайлау арқылы анықтау, сайлау және сот реформасын енгізу, БАҚ өкілдеріне сөз бостандығын беру мәселелері қамтылды. Алғашқы күннен-ақ ҚДТ-ның құрамына Мұхтар Әбіләзов, Ғалымжан Жақиянов, Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов, Жанат Ертілесова, Берік Имашев, Нұржан Сұбханбердин, Нұрлан Смағұлов, Төлен Тоқтасынов секілді танымал адамдар кірді. Сол кезде бұлардың бәрі министр, әкім, банкир, депутат, бизнесмендер еді.
2002 жылы Мұхтар Әбілязовты экономикалық қызметтерге заңсыз аралас­ты (ҚР ҚК 310 бап, 1-бөлім), қызметін асыра пайдаланды (ҚР ҚК 307 бап, 3-бөлім) деп айыптады. Сөйтіп, оны 2002 жылдың 27 наурызында тұтқынға алды. Кейбір ақпараттарда Мұхтарды бұл жолы «ҚДТ қозғалысын ұйымдастырғаны үшін қолға алды» делінеді. Сондайақ, Human Rights Watch, Amnesty International, Еуропалық Парламент және АҚШ Мемлекеттік департаменті сынды халықаралық байқаушылардың айтуынша, Мұхтар Әбіләзовтың сот процесінде базалық айғақтың жетіспеуі, куәлардың сөзі мен айғақтардың сәйкес келмеуі сынды бірнеше мәрте процестік қайшылықтар болған. Десе де 2002 жылдың 18 шілдесінде Жоғарғы сот Мұхтар Әбіләзовты «билікті асыра пайдаланды», «заңсыз кәсіппен айналысты» деп 6 жылға бас бостандығынан айырды.
2003 жылдың 8 сәуірінде Президент жанындағы рақымшылық комиссиясына «енді ресми саясатпен айналыспаймын» деп өтініш білдірді. Әрі президенттен «Ақымақтығымнан өзімді мағынасыз саяси шырғалаңдарға тартуыма ерік беріппін. Осы арқылы сіздің сеніміңізге селкеу, мемлекеттің беделіне дақ түсірдім. Мен өзімнің лас әрекеттеріме ұяламын. Қаласаңыз, жаза басқан шәкірттеріңіздің бірі ретінде кешіре көріңіз! Мені кешіру өте қиын екенін де түсінемін. Қалай дегенмен көп нәрсені бүлдірдім ғой. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, менің сөзіме сеніп, аяушылықпен қарағаныңызды сұраймын! Сөзіме сеніңізші, кешіріңізші. Сіздің маған қаншалықты көп жақсылық жасағаныңызды, аяғына дейін ұғына алмағаныма қатты өкінемін. Сол жылы қандай ауыр болса да, сізбен жұмыс істей отырып көп нәрсені үйрендім. Мен бұл жылдардың ең бақытты кезең екенін қазір сезініп отырмын. Сіз маған барынша сеніп тұрған кезде емес, басыма сынақ түскен соң ғана мұны түсінгенім өкінішті-ақ» деп кешірім сұрады. Осыдан соң 2003 жылдың 13 мамырында Н.Назарбаев кешірім жасау туралы жарлыққа қол қойып, сөйтіп М.Әбіләзов жазасын толық өтемей бостандыққа шықты.
Түрмеден босап шыққан соң М.Әбіләзов БТА банкін дамытумен айналысты, сонымен қатар «жасырын түрде Қазақстан оппозициялық ұйымдарын қаржыландырып отырды» деген де мәлімет бар.
Прокуратураның мәлімдемесі бойынша 2005 жылдың 6 қарашасында Алматы қаласы Мамандандырылған экономикалық соты «саяси экстремист», «әлеуметтік өшпенділік пен алауыздық тудырды» деп «ҚДТ»-ны жабу туралы шешім шығарды. 2005 жылдың 9 қарашасында Алматы қалалық апелляциялық соты бірінші соттың шешімін мақұлдап, өзгеріссіз қалдырды. Осы жылдың мамыр айында М.Әбіләзов бастаған ҚДТ-ның бұрынғы мүшелері «Алға» партиясын құрды. Алайда өкімет тіркеуге алмады. 2012 жылдың 21 желтоқсанында «Алға» партиясына да тыйым салынды.Картинки по запросу мұхтар әбіләзов

Шетелге қоныс аударуы
М.Әбіләзов 2005-2009 жылдар аралығында «БТА Банктің» Мажоритарлық акционері және директорлар кеңесінің төрағасы болып жұмыс атқарды. Кей деректерде 2009 жылы «БТА Банкінің» 75% акциясы Әбіләзовқа тиесілі болғаны айтылады.
2009 жылдың ақпан-наурыз айларында ҚР Бас прокуратурасы М.Әбіләзовты ҚР ҚК 176-баптың 3-бөлімі бойынша «басқа біреудің мүлкін ұрлады және жымқырды» деп айыптап, «БТА банкін» Қазақстан үкіметі қайтарып алды. Осыдан соң М.Әбіләзов Лондонға кетіп, бас прокуратура оған халықаралық іздеу жариялады.
2009 жылдың тамыз айында Ресейде «БТА Банкінің» мүлкіне алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. 2010 жылдың 2 шілдесінде РФ ҚК 159-бабы бойынша «Алаяқтық», 174-бабы бойынша «басқа тұлғаның қылмыстық жолмен алған ақшасын немесе өзге де мүліктерін заңдастырды» деп сырттай айып тағылды.
2011 жылы Ұлыбритания Әбіләзовке саяси баспана берді. Қазақстан билігі Әбіләзовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Ал Әбіләзов істің «саяси астары» бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді. 2012 жылы ақпанда Лондон соты Әбіләзовті «сотты құрметтемегені үшін» 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әбіләзов бой жасырды. Лондон соты Әбіләзовтен «БТА банк» пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.
2013 жылы шілдеде Әбіләзов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды. Украинаның Киев қаласындағы ІІМ Бас басқармасы мен Тергеу басқармасы Әбіләзовты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы француз билігіне құжаттар жіберді. Киев әкімшілігі Әбіләзовқа қатысты 190-бабы бойынша «үлкен мөлшердегі алаяқтық» және 191-бабы бойынша «мүлікті жоғалту немесе оны лауазымын пайдалану арқылы иелік ету» қылмыстық баптар бойынша сұрау салды.
2014 жылы қаңтарда Франция соты Әбіләзовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Бірақ Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. Сол жылы 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді. 2015 жылы қыркүйекте Әбіләзовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды. Осыдан соң 2016 жылы желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әбіләзовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы күні ол абақтыдан босады.

Дайындаған Жақсылық Ырысбай

(Материалдың толық нүсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жыл №19 санынан оқи аласыздар)

ЕСКЕРТУ: Көшіріп басуға тыйым салынады

 

Пікір қосу