– Қамшыбек, жақында Азия чемпионатынан күміс медаль иелендің. Жүлде құтты болсын! Ең әуелі әңгімені туған жер, өскен ортаңнан бастасақ деймін…
– Мен 1991 жылы 18-қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Әкем Бейсенбай Қоңқабаев ішкі істер саласында қызмет атқарды. Ал анам Ұлболсын Алыпқашова үй шаруасында, бала тәрбиесімен айналыс­ты. Отбасында 4 баламыз, екі ағам және қарындасым бар. Олардың барлығы отбасын құрған.
– Бала кезде кім болуды ­армандадың?
– Әр бала кішкентай кезінде әкесін үлгі тұтады. Мен бала кезімде әкем сияқты полиция қызметкері болсам деп армандадым. Ол кезде болашақта боксшы болу үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді.Картинки по запросу қамшыбек қоңқабаев
– Бокс қолғабын қай кезден бастап қолыңа кидің?
– Туған ағам Асқар боксшы болды. Ол үйде үнемі жаттығумен айналысатын. Кейде мені бірге жұдырықтасуға шақыратын. Мен ағаммен бірге жаттығу жасап қара терге малшынатынмын. Қолға қалай бокс қолғабын киюді де Асқар үйретті. Міне, солай бокс менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды.
– Шаршы алаңда жұдырықтасу оңай шаруа емес. Бокспен толыққанды айналысуға ата-анаң не жақындарың қарсы болған жоқ па?
– Шынын айтқанда, алғаш жаттығу залына бара бастағанымда анам: «Балам, боксты қайтесің, сабағыңды оқы. Онсыз да ағаң боксшы ғой», – дегені есімде. Ал 2006 жылы ағам әскерге кетуден бұрын мені боксқа берді. Содан бері осы спортпен шұғылданып келемін.
– «Спортшының бағын бапкер ашады» деп жатады. Алғашқы бапкерің кім?
– Ең алғашқы бапкерім – Төкен Сейітжанов. Мен 2006-2010 жылдар аралығында Төкен ағаның қол астында жаттықтым. Ол кісі маған бокс әліппесін оқытты. Үлкен спорттың қыр-сырын да осы кісіден үйрендім. Төкен аға тек мені баптап қана қойған жоқ, тіпті сол кісінің арқасында алғаш чемпион атандым.
– Ең алғаш чемпион атанғанда қандай көңіл күйде болдың?
– Ең алғаш чемпион болған сәтім әлі есімде, ол облыстық чемпионат болатын. Жарыстың жартылай финалында қолымды сындырып алдым. Десе де жолым болып, финалға өттім. Чемпион атануға бір қадам қалды. Енді не істеу керек? Тәуекел, неде болса финалда жұдырықтасам деп шештім. Сол күні қолымды сынықшыға таңдырдым. Ал ертесі финалда өнер көрсеттім. Жолым болып чемпион атандым. Сол финалды көруге әкем мен ағам арнайы келген еді. Мен олардың алдында жеңіс тұғырына көтерілгенімде қуанышымда шек болмады. Онан кейін де қаншама додаларда топ жардым, бірақ алғаш чемпион атанған кезімдей шаттанып көрмеппін.
– Шаршы алаңдағы шайқастың тек жеңістен тұрмайтыны белгілі. Жеңілістің кермек дәмін татқанда не жарақат алғанда боксты тастап кетуді ойлаған жоқсың ба?
– Жоқ, боксты тастап кетсем деп ешқашан ойламадым. Әрине, бокс болған соң жарақат та, жеңіс те, жеңіліс те болады. Мүмкін, мен кей жеңілістен кейін қатты өкінген де шығармын. Бірақ алда мені жеңіс күтіп тұрғанына сеніп, өзімді қайрай бастайтынмын.Картинки по запросу қамшыбек қоңқабаев
– Ең алғашқы халықаралық деңгейдегі ірі додаға қашан қатыстың?
– 2014 жылы Алматы қаласында Қарулы күштер арасындағы Әлем чемпионаты болды. Мен сол жарыста алтын алдым. Бұл мен қатысқан халықаралық деңгейдегі ең ірі дода еді.
– Бүгінде аса ауыр салмақта бокстасып жүрсің. Елімізде осы салмақта ішкі бәсекелестік қандай? Өзіңе қай боксшыны лайықты қарсылас деп санайсың?
– Қазір елімізде ішкі бәсекелестік барлық салмақта өте жоғары. Меніңше, біздің боксшылардың кез келгені халықаралық додаларда жұдырықтасуға дайын. Өйткені, Қазақстанда барлық салмақта талантты боксшылар көп. Сондықтан өзіңнің мықты екеніңді қашанда дәлелдеп отыруың керек. Ал менің салмағымда павлодарлық Олжас Бұқаев, маңғыстаулық жас боксшы Айболды Дәуренұлы және Нұрболды Сермаханов бар. Бұлардың біреуі жас, екіншісін «қалпақпен ұрып алам» деуге болмайды. Оның үстіне ұлттық құрамаға деңгейі төмен боксшылар қабылданбайды.
– Қазақта «тура биде туған жоқ» деген сөз бар. Жарыста жеңе тұрып, жүлдеден қағылған кездерің болды ма?
– Әрине, сан мәрте жүлдеден қағылған сәттерім болды. Бірақ ондай сәтсіздіктерді төрешіден не өзгеден көру ердің ісі емес. Төреші рейтингіде кімнің қолын көтерсе сол жеңіске жетті деп есептеймін. Ондай сәтте іштей «жеңіс менікі еді ғой» деп өкінесің, бірақ қателікті өзіңнен іздегенің жөн. Сондықтан қарсыласты айқын басымдылықпен жеңуің не нокаутқа түсіруің керек.
– Бос уақытта немен айналысасың?
– Бізде көбінесе бос уақыт бола бермейді. Өйткені оқу-жаттығу жұмыстары мұрша бермейді. Ал бос уақыт болғанда кітап оқимыз. Жігіттермен қызықты ойын ойнаймыз. Үйде бос уақытымда бала-шағамды қыдыртып, соларға көңіл бөлуге тырысам.
– Қандай кітаптар оқисың?
– Көбінде тарихи тақырыпта жазылған көркем шығармаларды оқығанды ұнатамын. Қазақтың батырлық эпостарын да жата-жастана оқимын.
– Отбасың жайында да айта отырсаң…
– Екі ұлым бар. Үлкенінің жасы төртте, ал кішісі енді екі жасқа толады.Картинки по запросу қамшыбек қоңқабаев
– Болашақта кәсіпқой бокста бақ сынағың келе ме?
– Алда сындарлы сәт күтіп тұр. Ол – 2020 жылғы Токио олимпиадасы. Бұйыртса, сол олимпиадада чемпион болсам деймін. Ал олимпиададан кейін кәсіпқой бокспен айналыссам деген ойым бар. Десе де мұның бәрі сол олимпиададан кейін белгілі болады.
– Қандай боксшыны пір тұтасың?
– Мұхаммед Әлиден бастап Флойд Мейвезерге дейінгі талантты боксшылардың барлығын үлгі тұтамын. Сондай-ақ өзіміздің жігіттерден де Әділбек Ниязымбетов сынды боксшыларды аса жоғары бағалаймын. Менің де бокс әлемінде өз есімім жазылса деген үлкен арманым бар. Ол үшін әлі де тынбай еңбек ету қажет.
– Қазіргі қазақ боксының аяқ алысы қалай деп ойлайсың?
– Кейбіреулер: «қазіргі қазақ боксы бұрынғы жетістіктерді қайталауға қауқарсыз» деуі мүмкін. Меніңше, біздің боксшылардың шеберлігі мен техникалық мүмкіндіктері кубалықтардан еш кем емес. Мысалы, 2000 жылғы ұлттық құрамамыз өте мықты болды. Сондықтан Сидней олимпиадасында боксшылар екі алтын және екі күміс медаль иеленді. Бұл қазақ бокс тарихындағы ең елеулі оқиға. Ал медаль саны аз болды демесеңіз, 2016 жылы Рио олимпиадасына барған құраманы алдыңғылардың сапына қосар едім. Себебі, төрешілер бұрмаламай, әділ төрелік еткенде Қазақстан құрамасы елге бір емес, үш алтын жүлдемен оралатыны анық-тұғын. Бұйырса, алдағы жарыстар да ұлттық құрамамыз өзінің әлемдік деңгейдегі мықты команда екендігін дәлелдейтіндігіне кәміл сенемін.
– Бұған дейін бағындырған белестерің жайлы да айтып өтсең?
– Бұған дейін үш мәрте ел чемпионы атандым. Сонымен қоса Қарулы күштер арасында Әлем чемпионы, ҚР IV жазғы ­спартакиадасының жеңімпазымын. 2017 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатының және сол жылы Германияда өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңдім. Ал жақында Тайландта өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атандым. Әрине, бұл жеңістердің барлығы оңайлықпен қолға келген жоқ. Алда әлі талай жеңіс тұғырынан көрінемін деген сенімдемін.
– Өзіңнің кәсіби шеберлігіңді қай жағынан жетілдіре түсу керек деп ойлайсың?
– Менің салмағымдағы басқа бокс­шылармен салыстырғанда, физикалық мүмкіндігім төмен екенін білемін. Өйткені аса ауыр салмақта жұдырықтасатын өзге қарсыластарыма қарағанда мен тым жеңілмін. Сол үшін тағы да 10 келі салмақ қосуым керек. Айталық, Әлем чемпионатында салмағым 96 болса, қарсыластарымның арасында ең төменгі салмақ 110 болды. Ең ауыры – 130 келі. Ал мен 106 келіге көтерілсем, нағыз өз бабымда болар едім. Сонымен қоса сол салмағыма сай физикалық мүмкіндігімді де арттыру керек. Қазір салмақпен физикалық мүмкіндігімді арттыру үшін жаттығу жасап жатырмын.
– Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан Ерзат АСЫЛ

«Жұлдыздар отбасы» журналы, 2019 жыл №16

ЕСКЕРТУ: Көшіріп басуға болмайды

Пікір қосу