16 қыркүйек күні суық хабар келді. Белгілі әнші Жанар Хамитова мезгілінен ерте қайтыс болды. Бұл туралы оның жақындары әлеуметтік желіде қайғырып бөлісті. «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» редакциясы марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Жанар Хамитова қайта жарқ етіп сахнаға шыға бастағанында біздің редакцияның журналистері Жанармен сыр шертіп сұхбаттасқан еді. Сол сұхбатын сіздерге ұсынамыз.

– Жанар, осыдан 14 жыл бұрын SuperStar.kz байқауына қатысып ел назарына іліндіңіз. Кейін «Арнау» дуэтінің әншісі ретінде халыққа кеңінен танылдыңыз. Бірақ кенеттен топтан кетіп, отбасы құрғаныңызды естідік. Алайда нақты сіздің өміріңізде не болып жатқанынан хабарсыз жүрдік. Ал жақында «Астарлы ақиқат» бағдарламасында өміріңіз, ажырасуыңыз, көрген қиыншылықтарыңыз туралы айттыңыз. Он жылдан кейін жеке өміріңіз жайлы айтуға не түрткі болды?
– Сәлеметсіздер ме! Иә, «Астарлы ақиқат» бағдарламасына шыққаннан кейін де өмірімде бірталай өзгерістер болып жатыр. Осы күнге дейін еш хабарласпаған кейбір адамдардың қайта іздеп жатқанына таңғалдым. Көбісі мені қайта сахнаға шығып, танымал болу үшін осы бағдарламаға шықты деп ойлайды. Бірақ менің бұл бағдарламаға да, тіпті сахнаға, өнерге қайта оралу туралы еш ойым болған жоқ. Мені «Астарлы ақиқат» бағдарламасының қызметкерлері кездейсоқ кездестіріп, кейін жиі хабарласып бағдарламаға шақырды. Алғашында бас тарттым. Кейіннен қайта-қайта шақырған соң келісімімді бердім. Бағдарламаны көрген соң мені қолдап демеу көрсеткендер де, мен туралы жағымсыз пікірлер айтқандар да болды. Тіпті «бұл әйел балаларын күйеуіне тастап, өзі ән айтып танымал болғысы келеді» деген пікірлер айтылып жатыр. Яғни көп адамдар істің мән-жайын білмеген соң мені кінәлап жатыр.
– Иә, сіз туралы түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Мүмкін, осындай жеке өміріңізге байланысты қауесеттердің нүктесін өзіңіздің қойғаныңыз дұрыс шығар. Басынан бастайықшы. Күйеуіңіз кім еді? Қалай таныстыңыз?
– Көбісі мен шетелде тұрғандықтан, күйеуімді шетелдік, оның ішінде түрік деп ойлайды. Жоқ, күйеуім – қазақ. Қостанайдан. Күйеуімнің атасы Әубәкір Қасымханов – Дінмұхаммед Қонаевтың ел басқарған жылдары еңбек министрі болған. Жұбайым өте текті, дәулетті отбасынан шыққан. 1977 жылы Ұзынағашта туған, Әубәкіров Батырхан деген азамат. Үйінде жалғыз бала. Әкесі әскери қызметпен жүргендіктен, отбасымен бес жыл Польшада тұрған. Үш жоғары оқу орнын тәмамдаған. Шыны керек, мұндай ақылды жігітті өмірімде кездестірмегенмін. 2008 жылы гастрольден кейін жұма күні мешітке бардым. Сол кез жүрегіме ауыр тиген қиын кезең еді. Мешітке кіріп, құдайдан: «Иә, Құдай! Маған жақсы жар берші» деп тіледім. Содан мешіттен кейін үйге келгенімде маған бір танысым қоңырау шалды. Ол маған: «Америкадан бір жігіт келді. Сені бейнебаяннан көріп ғашық болып қалыпты», – деді. Сонымен ол адам мені кешкі асқа шақырды. Келісімімді беріп, кездесуге бардым. Таныстық, әңгімелестік, биледік, өлең айттық. Сол танысқанымызға екі сағат болар-болмастан ол: «Маған күйеуге шығасың ба?» – деді. Мен: «Иә», – дедім. Бойы 1,90 см, текті жердің жігіті, білімді адам. Неге бас тартамын деп ойладым. Болашақ балаларымның жақсы өмір сүргенін қаладым. Сөйтіп Батырханмен қосылдық. Мүмкін, бұл Алланың берген бағы шығар. Қазір бірге болмасақ та, ол кісіге тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін.Похожее изображение
– Содан кейін бірден шетелге көшіп кеттіңіздер ме?
– 2008 жылы отбасы құрғаннан соң алғашқы жарты жыл Алматыда тұрдық. Кейін Амстердамға күйеуімнің жұмыс бабымен көшіп кеттік.
– Ал неге сахнадан кеттіңіз? Әлде күйеуіңіз қарсы болды ма?
– Бала сүйіп, аналық махаббатқа бөленейін деп шығармашылығыма аздап үзіліс жасағым келді. Бірақ төрт жылдай бала көтере алмай қиналдым. Емделдім, хиджаб киіп намазға жығылдым. Құдайдан бала тіледім. Кейін Алла бұйырып екі баланы дүниеге алып келдім. Үлкен ұлым Амстердамда туылды. Есімін Дани деп қойдық. Бір жағынан шетелдіктерге оның есімін айту жеңіл болсын деген мақсатта. Екіншіден, Дани деген «діни», яғни иманды деген секілді мағынаны білдіреді. Дани қазір 7 жаста. Ал екінші ұлымның есімін Даниге ұқсатып Сағи немесе Нәби деп қойғым келген. Бірақ жолдасым Джамал деп қойғысы келіп, солай атадық. Мұны естіген кейбіреулер «қыздың есімі ғой» дейтін, ондайда қатты ренжитінмін. Күйеуіме: «Тым болмаса Джамал деп емес, Джамаль деп атайықшы», – дейтінмін. Енді Құдайдан сұрап алған балам ғой, олар туралы айтылған әрбір сөз жүрегіме ауыр тиеді. Джамал, бұйырса, жақында алты жасқа толады.
Мен босанған соң 24 сағатымды екі ұлыма арнауға тырыстым. Шыны керек, қалай 11 жыл өтіп кеткендігін байқамадым.
Оның үстіне, күйеуім өте қызғаншақ кісі еді. Тіпті отбасымызбен мейрамханада отырсақ, әлде біреулер мені көріп: «Бұл Кап-карашканың (Нұржан Керменбаевтың) бұрынғы қызы ғой», – деп айтатын. Бұл сөздер күйеуіме де ауыр тиетін және одан бетер қызғанатын.
– Бұрынғы күйеуіңіздің өте жақсы адам екенін айтып отырсыз. Онда ажырасуға не себеп болды?
– Не себепті ажырасқанымызды жария еткім келмейді. Себебі, мен ол кісіні де, ол кісінің отбасын да сыйлаймын. Текті отбасының абыройына кір келтіргім келмейді. Кез келген отбасындағыдай, бізде де ұрыс-керіс болды. Қазір ол кісіні жамандағаннан мен не пайда табамын? Ертең балаларымның бетіне қалай қараймын? Балаларымнан «әкемізді қаралапты» деген сөзін естігім келмейді. Шындық – ащы. Білесіз бе? Жолдасым алты рет неке жүзігін алып берді. Алтауы да сынып қалды. Мүмкін, бұл тағдыр шығар.Похожее изображение
– Жасы үлкен екен. Бұрын отбасы құрған ба?
– Иә, менен 12 жас үлкен. Бұрын отбасылы болған. 18 жасар Алан есімді ұлы бар. Ол Америкада тұрады. Сол жақтың азаматы.
– Естуімше, балаларыңыз әкесімен бірге тұрады екен. Көптеген аналар сотқа жүгініп болсын, балаларын өз қамқорлығына алып кетіп жатады ғой. Сіз неге әкесіне бердіңіз?
– Бұл сұрағыңызға қалай жауап берсем екен?! Балаларымның болашағы үшін әкесінің қолында қалғаны дұрыс деп есептедім. Себебі, әкесі балаларымды барлық жағынан қамтамасыз етіп отыр. Ұлдарым элиталы мектептерде оқиды. Көптеген курстарға, үйірмелерге қатысады. Ең сапалы деген білімді алып, киімді киіп, асын ішеді. Әкесі білікті жеке оқытушыларды жалдап оқытады. Ол кісі бір айда балаларымызға кем дегенде 1,5-2 мың доллардай қаражат жұмсайды. Енді ойлаңызшы, неге мен оларды осыншама мүмкіндіктен айыруым керек? Ал дәл қазір менің жағдайым оған жетпейді. Негізі, бес жыл бұрын күйеуімнен ұлдарымды алып кетіп қалғанмын. Өз үйіме келіп едім, анам мені қуып жіберді, қабылдамады. Сол кезде емшектегі баламмен жатақханада тұрдым. Сақтандыру компаниясында 50 000 теңгеге жұмыс істедім. Өте қиын болды. Жұмыс ортасында жатақханаға жүгіріп келіп, балаларымды емізіп, танымайтын адамдарға тастап жұмысқа кететінмін. Кейін жолдасыммен қайта қосылдым. Бірақ ақыры шыдай алмай, 2018 жылы, осыдан бес ай бұрын ажырасып тындық. Мен ажырасқанда күйеуімнен ештеңе алмадым. Бір тиын да сұрамадым. Мұның бәрін балаларым үшін істедім. Мен өлсем де, балаларым аман болса болды. Олар – менің қос қанатым. Жағдайымды реттеген соң ұлдарымды қолыма алғым келеді. Күйеуім екеуміз екі жаққа кетсек те, ол өте жақсы әке. Ал мен балаларыммен жиі кездесіп тұрамын. Әкесі де оған қарсы емес.Картинки по запросу жанар хамитова
– Балаларыңыздың әкесімен қазір қарым-қатынасыңыз қалай?
– Шыны керек, біз ол кісімен ағалы-қарындас секілдіміз. Ол кісі менен 12 жас үлкен. Мені әлі бала сияқты көреді. Тіпті маған: «Жанар, сен қашан бойжетесің?» – дейді.
– Сонда арадағы сезімнің ағалы-қарындастың арасындағы махаббат екенін түсіндіңіздер ме?
– Иә.
– Балаларыңыз қазір қай қалада тұрады?
– Қазір Алматыда. Күн жылығанда Түркияға кетеді. Себебі, Түркияның ауасы, теңіз жағалауы балаларыма пайдалы.
– Ажырасқаннан соң қаражаттан қиналып, ыдыс жуып күн көргеніңізді білдік. Көбісі сенбей, неге қайта ән айтпады деді. Шынымен, неге?
– Себебі 11 жыл үзілістен кейін, дәл мынадай отбасылық қиыншылықтан соң сахнаға шығу өте қиынға соқты. Оның үстіне мен ешқандай қолдау көрген жоқпын. Барлығы жан-жағымнан: «сен әнші емессің, қолыңнан келмейді, дипломың жоқ» деп айтатын. Тіпті, ата-анам да, туыстарым да қолдау көрсетпек тұрмақ, табалайтын. Бетіме басатын. Сол туыстарым бағдарламаға шығып едім, қайтадан хабарласып, «ақша жіберші» деп өтіне бастады.
– «Астарлы ақиқат» бағдарлама­сында анаңыз да отырды. Араларыңыздан бір суықтық байқалды.
– Иә, анаммен қарым-қатынасым жақсы емес. Бала кезімнен анамнан мейірім көр­медім. Ол кісі жас кезінде әнші болғысы келген. Алайда арманы орындалмаған. Кейін мен әнші болғанымда мені жек көрген секілді. Мұны қалай айтсам екен? Мен кейде «адам қалай өзінен туған баласына осыншама тасжүрек бола алады» деп ойланамын. Мен анамнан қорқамын. Неге ол кісі махаббатын сыйлай алмайды? Мен түсінбеймін. Анам кейде маған: «Сені бекер туыппын», – деп айтады. Білмеймін, ол кісінің де іші ызаға толы. Құдды бір басқа әлемнің адамы секілді. Ал менің не кінәм бар? Бар кінәм ауылдағы көршілеріме су орнатып, жетім балаларға жәрдемдесіп, туыстарымның қарыздарын жауып бергенім бе? Тұрмысқа шыққан соң да анама барынша көмектестім. Демалысқа жіберемін, ақша да беретінмін. Сонда да титтей сүйіспеншілік сезе алмадым. Тіпті бірде күйеуім: «Жанар, сен менен басқа ешкімге керек емессің. Саған жаным ашиды», – деп еді. Білесіз бе, осы сөзді есту маған қалай ауыр тиді.
– Бағдарламадан кейін анаңызбен қарым-қатынастарыңыз жақсармады ма?
– Жоқ. Бағдарлама біте сала, екеуміз екі жаққа кеттік. Ертесі қалай жеткенін білейін деп хабарластым. Бірақ әңгімеміз жараспады.Картинки по запросу жанар хамитова– Ал әкеңіз ше?
– Ол кісімен хабарласып тұрамыз. Өте жақсы адам. Ол кісі өте өнерлі, қолынан келмейтіні жоқ. Анамның менімен де, әкеммен де, бауырларыммен де қарым-қатынасы дұрыс емес. Сіңілім Әйгерім алты жылдан бері Лос-Анджелесте. Оның да анамнан әбден көңілі қалған.
– Өткен өміріңізге байланысты соңғы сұрақ. Отбасылық өмір деп сахнадан, «Арнау» дуэтінен кеткеніңізге өкінбейсіз бе? Бұрынғы әріптесіңіз Нұржан Керменбаевпен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Топтан кеткеніме мүлдем өкінбеймін. Бірақ сол кездегі продюсермен жұмысымды тоқтатқаныма өкінемін. Ал Нұржанмен аралас­паймыз. Оның өз отбасы бар. Адамгершілік жағынан ойлап қарасақ, араласудың да не қажеті бар?
– Қазір сізге әнші Сиви Махмуди қолдау көрсетіп жатыр екен. Жұмысты бастап кеттіңіздер ме?
– «Астарлы ақиқат» бағдарламасынан кейін Сиви Махмуди маған қолұшын беріп, продюсерім болуға ұсыныс тастады. Ол кісіге үлкен алғысымды білдіремін. Өте қатты ризамын. Мұндай жандар бұл дүниеде аз. Жұмысқа кірісіп кеттік. Міне, 10 күннің ішінде төрт ән жаздырдық. Бұйырса, концерттерге шығамыз. Күнде дайындықта жүремін. Тіпті, екі күн бойы ұйықтамадым. Себебі, кеткен уақыттың орнын толтырғым келеді. Әр минутты, әр секундты бағаласам деймін.
– Продюсер тарапынан талаптар қойылды ма?
– Ешқандай талап қойылған жоқ. Тіпті келісімшартқа да отырмадық. Мен барлығы сенімді болсын деген ниетпен «келісімшартқа отырайық» дедім. Алайда ол кісі маған қағазсыз-ақ сенетіндігін жеткізді. Сиви маған туғаным көрсетпеген жақсылықты істеп жатыр.
– Қазір қайда тұрып жатырсыз?
– Сиви ханымның үйінде тұрамын.
Сұхбаттасқан Наргиза АРШИДИН

«Жұлдыздар отбасы», 2019 жыл №10

Ескерту: Көшіріп басуға тыйым салынады

Пікір қосу