– Рысбек аға, Райымбек есімі сізге қай кезден мәлім болды? Өздеріңіздің туыстық жақындықтарыңыз жайында не айтар едіңіз?
– Біз бала кезімізден батыр бабаның атын естіп өстік. «Райымбек аталарыңның аруағы жар болсын! Қолдап, қорғап жүрсін!» деген бата, тілектерді үлкендерден жиі еститінбіз. Бұл әлдеқандай бір сенім туғызатын, күш-қуат беретіндей әсер ететін. Дінге, аруақтарға тіксініп қарайтын кеңестік кезеңде, коммунистік идеология сананы тұншықтырған заманда да бұл қазақы тәрбие қатардан қалған жоқ. Менің анам Күліхан, жаны жанатта болсын, мектептегі емтихандарды тапсырар алдында «Батыр атаңның, әулие атаңның аруағы қолдасын!» деп, үйден шығарып салатын. Кейін жоғары оқу орнына түсердегі сынақ кезінде ол тілеуді өзім іштей қайталап айтып жүрдім. Сенім – ол үлкен күш. Рухтанасың. Қайраттанасың. Батыр атаң артыңда қорған болып тұрса, солай сезінсең, неден тайсаласың?! Аруақ шақырып атқа қонған қазақ үшін ешбір жау қорқынышты емес. Бұл біздің ұлттық болмысымыздағы өзіндік ерекшелік. Ал оның құпиясын кім ашып берер екен. Белдескен балуан, жұдырықтасқан боксер, басқа да спортшылар ата-баба аруағын тегіннен еске алмайды сайыс алдында.
Әкем Сәрсенбай ұжымдық шаруашылықты басқарды. Үйге келетін адамдар көп. Ұлдың үлкені болғандықтан ба, қонаққа барғанда мені қалдырмайды. Міне сондай кезде небір әңгімелердің тиегі ағытылады. Қалмақтармен соғыс туралы аңыз әңгімелер Райымбексіз, Ұлы Отан соғысы аталған шайқастар Бауыржансыз айтылмайтын. Бала болсақ та, қызығып тыңдаймыз. «Райымбекке қара су қақ айырылып жол берген» дегенді түсінбей, таңданатынбыз. Жыр-дастандардағы Райымбек есімі аталатын тұстарын қайталап оқып, мақтан тұтатынбыз. Жазушы Жолдасбай Тұрлыбаевтың кітабынан батырдың ерлік істеріне қанықтық. Сарыжаз ауылында тұрған Қабылбек Сауранбаев ақсақалдың еңбегі орасан. Ол кісі 1920 жылдардан бастап ел арасындағы Райымбек батырға қатысты әңгіме-әпсаналарды, аңыздарды, естеліктерді жинастырып, мұрағатқа тапсырды, жариялатты. Көп деректер солайша бүгінгі күнге жетті.
Райымбектің әкесі – Түке, атасы – Қангелді. Арғы аталары – Сырымбет. Біздің аталарымыз да сол Сырымбеттен тарайды. Бәрі де Алжан атаның балалары. Мұқағали Мақатаев та Райымбектің ұрпағы саналады. Алжаннан шыққан батырлар мен ақындар көп, өсіп-өнген ел.
– Ұрпағы әрі қолына қалам ұстаған адам ретінде Райымбектану ісіне үлес қоса алдыңыз ба? Бұл салада әлі де қандай шаруаларды атқару керек деп ойлайсыз?
– Барлық батырлардың ерлігін, арман-мұраттарын, адами болмысын, қарекеттерін шынайы көрсетудің мәні зор. Сол арқылы кейінгі толқын – жас буынды отаншылдық, дәстүрге адалдық рухында тәрбиелеу қажет. Тарихи тұлғалардың зерттелмеген, зерделенбеген тұстары жетерлік. Мәселен, Райымбек батырдың да толық ашылмаған, айқындалмаған қырлары болса керек. Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі, көршілес қырғыз ағайындармен қарым-қатынастағы жекелеген жайттар туралы не білеміз? Оның әулиелік қасиеттерінің сыры неде? Ғасырлар бойы адамдардың наным-сеніміне селкеу түсірмей, шапағатын тигізуін қалай түсіндіреміз? Ол туралы аңыздардың ақиқатына жетіп болдық па? Адам айтса иланғысыз жайттардың нақтылы өмірде көрініс беретіні нені дәлелдейді? Жауына арыстандай атылған айбарлы адамның, қантөгісте қабағына мұз қатқан қатыгез адамның жайшылықта асқан мейірімді, кешірімді де қайырымды қалыпта жүруі қалай? Біз, Райымбек секілді, ағынды өзен Іледен атқа қамыс байлап өте аламыз ба? Батырдың кейінгі замандарда шекара шебін белгілеуге септігін тигізген, өзі үйгізген, бүгінде арғы бетте қалған тастарының нақтылы орындарын қалай табамыз? Осындай көптеген мәселелердің мәнін білсек, сұрақтардың жауабын тапсақ, «Райымбектану ісіне үлес қоса алдық» деп көңілімізді тоқтай алармыз.
Біз, Батық Мәжитұлы, Жақыпжан Нұрғожаев, Сағатбек Медеубекұлы сынды бірқатар азаматтар бірігіп ғылыми конференциялар өткіздік. Батыр болған жерлерге зерттеу сапарларын ұйымдастырдық. Солардың нәтижесінде бес жерге «тарихи орын» деген жазуы бар белгітастар қойылды. Арнайы екі кітап жарық көрді. 300 жылдық мерейтой қарсаңында «Мұқағали» журналының алғашқы саны оқырмандар қолына тиді. Әртүрлі басылымдарда мақалалардың жариялануына ұйытқы болдық. Райымбек атамыздың туған жылына байланысты деректер төңірегінде талас туғанда зерттеу мақала жаздық. Ақиқат үстемдік құрды.
Райымбек батыр он жеті рет жекпе-жекке шығып, бәрінде жеңіске жеткен, алапат айқас болған Көкпекті жазығындағы Ойрантөбеде қазақ сарбаздарының ұлы ерлігінің өшпес ескерткішін тұрғызсақ деген арманымыз бар!
– Бағзы заманның ерлері өз міндеттерін адал атқарды. Бүгінгілер не дейді?
– «Парызыңыз бен қарызыңызды қаншалықты өтедіңіз, не бітіріп жүрсіз?» дегеннің дәл өзі ғой, мына сұрағыңыз! Салмағы ауыр сауал. Осынау ұлан байтақ жерді – құнарлы да, қазынасы мол жерді қан төгіп, жан беріп қорғаған, ұрпақтарына мұраға қалдырған бабалар рухы алдындағы борышты қаншалықты өтеп жүрміз деп әркім ойлануы тиіс. Жерімізге көзін сал­ған көршінің пиғылы бұзық. Мемлекет тұтқасын ұстағандардың опындырмасына ел сенуден қалды. Биліктегі жемсауы салбыраған тойымсыздардан арылмайынша, жағдайды түзеу мүмкін емес. Сондықтан билік жүйесін өзгерту арқылы ғана ел қауіпсіздігін сақтауға болатынын халық түсінді. Ұлттық бірлік, саналы күрес бұдан үш ғасыр бұрын қандай қажет болса, қазір де солай. Райымбектей алғыр, жанкешті, ел ертеңін ойлаған азаматтар бүгін де топ ортасына шығуы керек-ақ. Қолына найза ұстап, садақ асынып, қылышын беліне тағуы шарт емес. Бүгінгі күрес қаруы – ақыл, жүрек, адалдық және табандылық таныту!
Жерді шетелдіктерге бергізбеу мәселесіне тікелей араласып жүрміз. Ақпарат құралдары арқылы кесімді сөзімізді айтсақ, жиындар, халықтық талқылаулар, митингілер ұйымдастырып, қарсылығымызды көппен бірге танытып келеміз. Биліктің халықтық мүддеге жат саясатын, Жер туралы заңды өзгертпейінше қауіп-қатерден құтылмаймыз. Иә, бұл – бүгінгі ерлердің тындыратын ісі.
– Қазақ батырларына, оның ішінде Райымбек батырға орнатылған ескерткіштер туралы не айтасыз?
– Жоңғар басқыншыларынан еліміз бен жерімізді азат еткен күрескерлерге – хандар мен билерге, сарбаздар мен қолбасыларға орнатылған ескерткіштер қатары көбейіп келеді. Бұл жақсы үрдіс. Ерлікті бағалау, үлгі тұту – отаншылдыққа баулиды. Дегенмен, олардың сапалық, мазмұндық, көркемдік жағының кем соғып жататындығы қынжылтады. Батырлар ескерткіштері бір-біріне ұқсас, айырмашылықтары шамалы. Әр батырдың өзіне тән ерекшелігі бар емес пе? Міне, мүсіншілер соны сезіне бермейтін сияқты.
Алматыдағы Райымбек даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы бабамызға орнатылған ескерткішті сәтті жасалған деп айта алмаймыз. Мүсінші Едіге Рахмадиевтің қандай да бір жолдармен комиссиядан өткізіп алған ескерткіш жобасына көңіліміз толмаған еді. Жаңадан ашық бәйге жариялауды қала әкімдігінен, мәдениет министрлігінен сұрадық. Бірақ Н.Оразалин, Т.Естенов және басқалары ескерткіш тұрғызылатын жерді алып қояды деген желеумен асықтырып, халықтан жиналған қаражатқа осы ескерткішті жасатқызды. Автордан өзі мүсіндейтін кейіпкерінің кім екенін сұрағанымызда «он – казахский батыр, я по интернету посмотрел» деген жауап алып, білместігінен түңілген едік. Егер ол өткен ғасырдың бас кезінде жазып алынған көнекөз қариялардың естелігіне үңілгенде, Бұхар жыраудың, Қабай жыраудың, Көдек Байшығанұлының, Жамбыл Жабаевтың, Кенен Әзірбаевтың, Тілеміс Досболұлының өлең-жырларына, Сабдалы жыраудың, Мөкен Болысұлының дастандарына, Мұқағали Мақатаевтың поэмасына зер салса, Райымбектің бейнесін көрер еді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар, тәуекелшіл, шалт қимылдайтын самдағай, әрі жүрек жұтқан батырды, соғыстың айла-тәсілдерін шебер меңгерген, алдағыны болжап білетін қолбасшыны таныр еді. Райымбек – есімі ұранға айналған батыр. Қара суды да, қалың жауды да қақ жарып өткен ерекше қасиет иесі. Астындағы Көкойнағы болса, өзеннен жүзіп өтетін, құстай ұшып самғайтын, биік жерге секіріп шығатын, иесінің дегенін орындайтын нағыз ер қанаты. Райымбек бейнесін осындай айшықты белгілеріне қарап сомдағанда, мынандай жаттанды, әрі батырға ұқсамайтын «туынды» қаланың қақ ортасына қойылмас еді. Талғам таразысына толмайтын тағы бір себебі – оның техникалық орындалуы. Тізгінге қараңыз, жалпиып тұр. Құйысқаны құйрыққа қыстырылмаған, сауырына сырғыған, ерттелетін аттың емес, арбаға жегілетін аттың әбзелдері іспеттес. Ат үстіндегі адамның қалжыраған келбетінен, найза ұстасынан, жұпыны қалқанынан айбарлы батырды да, кемеңгер қолбасшыны да көре алмайсыз. Дулығалы, сауыт киген, найза көтерген, атқа мінген, қазаққа ұқсаған жай адам. Райымбек батыр ретінде қабылдай алмайсыз. Өте өкінішті! Басқаша, лайықты ескерткіш тұрғызу керек. Оған арланбайық.
Осы ескерткіштің жанынан өткенде көңілім қатты құлазиды. Сарыжаз ауылы маңындағы Құрақбай Егізбаевтың жасаған батыр мүсіні көз алдыма келеді. Ауылда өскен, жастайынан Райымбек есімін пір тұтып, мақтаныш еткен азаматтың баба рухын сезгені және оны ескерткіш арқылы өзгелерге сезіндіргені сүйсінтеді. Мағына, мән бар. Айбарлы. Ел шетінде әлі де қорған болып тұрғандай әсер береді. Міне, осындай ескерткіштер керек! Күллі қазақ қадір тұтатын, рухына басын иетін, ерлігі мен әулиелігі аңызға айналған, кесенесіне барып түней жатып тілеу тілейтін қасиетті бабамызға дұрыстап, өзіне лайықты ескерткіш орнататын кез де келер.
Сұхбаттасқан Ася АСЕТКИНА

Пікір қосу