Бұл мәселеге көзқарасымды жиырма жылдан бері білдіремін деп шашым да ағарды, дауысым да қарлықты, басым да қатты, өзім де ақымақ болдым. Нәтиже шамалы. Баяғы жартас — сол жартас. Қарап отырып, кейде түңілесің. Көз жеткізгенім: ҚАЗАҚ ТІЛІ ЭЛИТАҒА, БАЙЛАРҒА ҚАЖЕТ ЕМЕС ЕКЕН. Тек кедей-кепшіктің кәдесіне жарайды. «Үш тұғырлы тіл», «қазақстандық ұлт» деген құбыжық — қазақ тілін біржола құрту үшін ойластырылған амал. Мен соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі ауылдарды жиі-жиі еске аламын, қазақтың көне жырауларын оқимын. Әуезов, Аймауытов шығармаларын парақтаймын. Түйсінгенім: қазіргі қазақ тілі қасаң, шұбар, жұпыны, сөлсіз, әлсіз, қарабайыр, көріксіз, жадағай болып барады. Қазіргі қазақ тілі деп жүргеніміз — балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ, кәкір-шүкір бірдеме. Ғылым тілінде мұны воляпюк дейді. Немісшесі: каудервальш. Әрине, бұл тілдің күйреуіне алып барады.

@Герольд Бельгер, «Қазақ дәптері», 159-160 беттер.

Пікір қосу