•     – Қазір байқап қарасақ, ел ішінде өзін «тұлға» санайтындар мен «қозғалыссымақтар» көбейіп келеді. Қозғалыстар көбейе берсін, қоғам үшін қажет шығар! Тек, жасандылық пен биліктің жасағанын көріп ажыратайық. Кейбіреуінің мақсаттары – қоғамды жан-жаққа, жік-жікке бөліп алып кету. Оған жақында Астана қаласында өткен құрылтайды «лидерімен» (С.Абдырахманов) қосуға болады. Осыған дейін «Алаш» деді, «ааа-ууу» деді, қудаланғандай болып «батырлық» кейіп танытты. Бірақ түк те бітірмеді. Қазақтың қайбір жоғын түгендеп берді, айтыңыздаршы? Ол аз болғандай «орыстілді қозғалысы» деп тағы да халықты әуреге салудамыз. Ағайын, адаспайықшы, өмірге сол қозғалыстар мен тұлғалар келмей жатып та қазақтың осы күйі болды, олар енді пайда болса да әлі де сол күйі. Еш өзгеріс жоқ! Бұрын жер мен руға бөлінген қазақ, қазір партия мен қозғалысқа бөлініп бір-бірімен қырқысып жатыр. Осыны көріп тұрған билік, мүмкіндікті пайдаланып үсті-үстіне «кеңес, қозғалыс, комиссияларын» құрып, кезінде «ел сенген» деген азаматтарды осыған тықпалап әлек болып жатыр. Ести сала «халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткіземіз» деп өре түрегелген «жарылқаушылар» тағы да атып шықты. Ол не деген сөз? Бұрынғы тәсіл, бұрынғы айла. Билік халықтың мұң-мұқтажын, зарын естімейтіндей басқа планета емес қой. Ғаламда технология қарыштап дамып жатқан уақытта, қоғамда қазір ғана болған әртүрлі жағдай, лезде билік басында топтасқан құзғындарға жетеді. Әлеуметтік желілерден ештеңе де қалыс қалып немесе тыс қалып жатқан жоқ. Назарбаев пен Тоқаевыңа дейін бәрі-бәрі хабардар… Ол екеуі ештеңе естімейтіндей керең болса, маңыраған министрліктен бастап министріне дейін, әкімдіктен бастап әкім орынбасарларына дейін, халықтың хал жағдайы мен қоғамның наразылығын мүлт жіберместен көріп-біліп отыр. Ол анық! Тек, олардың бас еріктері, рухтары жоқ. Бірдеме деп айтайын десе, басы кетеді. Сондықтан, халықтың жағдайын жеткізіп бару, мына құрылған кеңес, қозғалыс дегендердің міндеті емес. Себебі, парламенттің екі палатасы толған, шұбырған депутаттар бар. Олар сенат, мәжіліс болып, енді келіп «қоғамға қарайтын кеңес бар» деп халықтың қаржысына масыл болып отыра бере ме? Ондай жойылсын, таратылсын жатыпішерлер! Сондай-ақ, осы уақытқа дейін топтасқан жасанды қозғалыс, кеңес пен комиссиядан бір нәтиже болды ма? Қандай жетістікке жеттік? Жоқ, ешқандай! Осы сауалды әр адам өз-өзімізге қойып көрсек қайтеді? Басты нәтижесі, әдемі сөйлегендер мен билікпен ымыраласқан саясаткерсымақтардың шылауында әлі жүрміз. Қоғамның бірнеше жыл артта қалуы да сол. Идеяға емес – тұлғаға ғана қарап, тұралап жатырмыз. «Тұлғаға табыну, көсемге еру» деген бұрынғы ыдыраған кеңестік дәуірдің жадымызда сақталған улы жарқыншағы. «Анау жақсы сөйледі, мынау кесіп айтты ғой» деп есуастыққа салынып, есуастарға еріп кетпейікші. Біреуге табынып, біреуді ұлық көріп жүре берсек, 30 жыл емес, 60 жыл болса да біз аңсаған қоғам орнамайды. Назар салып қарайтын болсақ, мына құрылған кеңес-пеңес, комиссия, жан-жағына алақ-жұлақ қараған саясаттанушылар, халық арасынан шықтым деген делқұлы «лидерлер», бәрі-бәрі жай көз алдау үшін жасалған спектакль екенін байқауға болады. Бұлар осылай жүре берсе, әлі талай «Қосановтар» шығады. Бұлбұлша сайраған, билік таңдап алған қоғам қайраткерлері «билік диологке көшті, бүйтейін деп жатырмыз» дейді. Бәрі пәлсапа. Осыларды тыңдап, сенген қоғам өздігінен ештеңеге дайын емес секілді көрінеді. Осы күйімізбен жүре берсек, билік басына кім келіп-кеткенімен, 30 жыл бойы құрылған жүйені сақтап, қорғап бағады. Бірін-бірі ауыстырып жүрсе де, сол қалыптасқан, тамыры тереңге кеткен жүйе қалады. Себебі, жоғарыда айтқан биліктің өтірік қойылымдарымен (кеңес, комиссия т.б) қоғам атын жамылып шыққан кеңесмендерге біразының мәймөңкелеп, үмітпен қарап, құдайдай сенуінде. Ұшпаққа алып шығып, демократиялы мемлекет орнатып беретіндей. Соларға қарап аузымыздың ашылып отыруында. Ал жемқорлық пен қомағайлыққа батқан бұл жүйені түбегейлі тамырымен жұлудың, жоюдың, жалғыз жолы қоғам болып – бір идеяға топтасу! Жасандылық пен жағымпаздықты танып-білу! Қазіргі уақытта елде шынайы жағдай қалай? Шынайы жағдай міне, осындай: жұмыссыздық көп, күнін әзер көріп жүрген азаматтарымыз көп және жылдар бойы пәтер жалдап тұрып жатқан баспанасыздар көп. Пікірін айтқан азаматтар сотталуда (тіпті кеңес құрылды дегеннен кейін қамалған еркін ойлы азаматтар мен аналар қаншама?). Оған қоса жыл өткен сайын долларға тәуелді теңгенің құнсыздануынан адамдардың тұрмысы да күрт төмендеп барады. Бұны билік енді қанша жылмыңдап, бізге «арман болған» мәлімдемелері мен бағдарламаларын жасаса да кешігіп қалып жатырғандай. Себебі, уақыт күтпейді, уақыт билікке бағынбайды. Оның бірі жедел іске аспағасын, бәрі көз алдымда құлдырап бара жатқандай. Жұмыссыздық жайлап, күн көріс қиындағасын адамдардың жүйкесіне салмақ түсіп, әртүрлі қылмыстық әрекетке барады. Егер осылай жалғаса берсе 4-5 жылда елестетудің өзі қорқыныш туғызады. Сонда біз әлемнің демократиялы елдері секілді азаматтық, құқықтық, демократиялық қоғам құруға бет бұрсақ, көсемшілдіктен, тұлғаға табынудан, жалтақтап «кім әдемі айтар екен» деген зымиян түсініктен арылайықшы. Кімнің жасанды, кімнің табиғи екенін түсінетін уақыт болды ғой.

Фейсбук парақшасынан алынды

Пікір қосу