– Әбдімәлік аға, сіз ұзақ жыл ғылыммен айналыстыңыз, техника ғылымдарының докторы, профессор атандыңыз. Әрі Жансая Әбдімәліктің атасысыз. Бүгін сізбен немереңіз туралы сұхбаттассақ, өзіңізді оқырманға таныстырсақ деп отырмыз. Немереңіздің өмірге келген кезі есіңізде бар ма?
– Әлі есімде, 2000 жылы 12 қаңтар күні ұлым Данияр хабарласып: «Әке, сүйінші, немерелі болдыңыз», – деді. Мен бауы берік болсын айтып: «Қыз ба, ұл ма?» – деп сұрап едім, «қыз» деді. Осыған дейін де екі немеремнің атын Санжар, Тұран деп өзім қойғанмын, Данияр бұл жолы да: «Немереңіздің фамилиясын, атын өзіңіз қойыңыз», – деді. Шынымды айтсам, «қыз» деген соң онша ішім жылымай, «өздерің қоя берсеңдер қайтеді» деп едім, ұлым ренжіп қалды. Содан соң Даниярдың көңілін қимай «жарайды, мен ойланайын» дедім, Данияр: «Әке, тездетіңіз, баланы екі күннен соң перзентханадан шығарамыз, оған дейін құжаттары дайын болуы керек», – деді. Сол күні түнде, таңға жақын ғажайып түс көрдім.Похожее изображение
– Қандай түс көрдіңіз?
– Біздің Қансейіт деген бабамыз өз заманында төңірегіне абыройлы, дәулетті, аса беделді кісі болыпты. Оның бір дәлелі – Төлебидің жетінші ұрпағы, аса беделді Қасымбек датқаның қызына құда түсіп барғанда Қасымбек датқа Қансейіттің бұл өтінішінен бас тарта алмаған, сөйтіп, Қансейіт Қасымбек датқаның Бүбіш деген үлкен қызын Әшір деген ұлына алып берген.
Қансейіт бабамыз 63 жасқа толғанда сенімді серіктерін шақырып: «Пайғамбарымыздың жасына жеттім, шүкір, абыройлы, беделді болдым, ендігі арманым – Меккеге барып құрбан айт намазына қатыссам деймін, менімен бірге жүрсеңдер қайтеді?» – дейді. Әлгі жолдастары қолдарының қысқалығын айтып тартыншақтаған екен, «қаражаттарыңды мен төлеймін» деп көндіреді де, қамданып жолға шығады. Ол заманда қажыға барудың қаншалықты қиын екенін білесіз. Әйтеу жолдары болып, айт намазына екі үш күн қалғанда үлгеріп Меккеге жетеді. Қансейіт бабамыз құрбан айт намазында екі сәждеден соң қайтыс болады. Айналасындағы адамдар мұны намаздан соң бір-ақ біледі, әрі «айт намазына келіп, намаз үстінде жан тапсыру тек Алланың сүйген құлына ғана нәсіп болады» деп ол кісіні Меккеге жерлемекші болады. Сөйтіп, сүйекті жуындырып, ақіретін киіндіріп дайындап қояды да көметін жер іздеп кетеді. Бір кезде қайтып келсе мүрде жоқ дейді, негізі мұндай оқиға болады екен, Алла өзінің сүйген құлының мүрдесін ғайыптан жоғалтып жіберетін көрінеді. Осы әңгімені бала кезімізде естігенде онша сенбедік «айналасындағы адамдар алтын-күмісін, ақшасын алып, мүрдені лақтырып жіберген болар» деп ойладық. Бірақ кейіннен Әбубәкір деген ақсақалға жолығып қалдым, ол кісі менімен таныса келе: «Балам, текті әулеттің ұрпағы екенсің», – деді. Мен: «Оны қайдан білесіз?» – деп едім: «бабаң Қансейіттің Меккеде қайтыс болғанын білесің бе?» – деді. Мен: «Иә, білем, Меккеде намаз үстінде қайтыс болыпты, бірге барған кісілер «мүрдесі жоғалып кетті» деп аңыз айтып келіпті», – деп едім, «жоқ, ол аңыз емес, шындық, бабаңның сүйегі ғайыптан жоғалған», – деді. Сонда ғана мұның болған оқиға екеніне көзім анық жетті.
Жансая туылған күні Қансейіт бабам түсіме кірді. Үстіне аппақ киім киіп алыпты. Ол кісі: «Балам, мына қыз сенің атыңды әлемге шығарады», – деді. Осы түстен соң немереме Әбдімәлік деп тек жаздыртып, қартайғанда жанымның саясы болсын деп Жансая деп ат қойдым.
Қансейіт бабамның «атыңды әлемге шығарады» деген сөзін «бұл немерем менің жолымды жалғап, мықты ғалым болатын шығар» деп жорыдым. Себебі өзім ұзақ жыл ғылыммен айналыстым, ғылым докторы атандым, бірақ балаларымның ешқайсысы ғылым жолын таңдамады. Сондықтан «осы немерем менің ғылымдағы ізімді өшірмей, кітаптарыма ие болатын шығар» деп ойладым. Алайда Жансая шахматты таңдады, небәрі 8 жасында әлем чемпионы атанды, сол кезде Елбасы Н.Назарбаев арнайы телеграмма жіберіп, жылы лебізін білдіріп құттықтады әрі болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты.
– Жансаяның әкесі, ұлыңыз Данияр да шахматпен айналысқан екен…
– Иә, Данияр – кәсіби шахматшы, спорт шебері. 5-6 жасынан бастап шахматпен айналысты, «чемпион болады» деп болашағынан үлкен үміт күттім. Алайда 1990 жылғы аласапыран заманда шахматты тастап кәсіпкерлікке кетті. Шынымен де ол кезде заман өте қиын болды, адамдар күн көріс үшін көше жағалап, сауда істеп кетті, тіпті мен танитын ғылым кандидаттарының өзі көшеде шылым сатып тұратын. Қайтсын енді, жалақы мардымсыз, бала-шағаны асырау үшін амалсыз сондай жұмыстар істеді.
– Жансаяға қанша жасынан бастап шахмат үйреттіңіз?
– 5 жасынан бастап үйреттім, бастапқыда ұл немерелеріме үйрете бастадым. Сол кезде Жансая қасымызға келіп қарап тұратын. Бірақ оған онша мән бермейтінмін. Бір күні шахматқа барып жүрген Санжардың ойынын жетілдірейін деп бір фигураны алып тастап ойнап отырғам, немерем жүрісінен қайта-қайта жаңыла берді, мені ұта алатын түрі жоқ. Сол кезде Санжардың артында қарап тұрған Жансая: «Санжар, сенің мына жүрісің дұрыс емес», – деді. Мен оған: «Жансая, үлкендердің ойынына араласпа, барып қуыршағыңды ойна», – дедім. Бірақ Санжар бәрібір шахматты дұрыс ойнай алмады. Содан соң Жансаяны шақырып: «Сенің ойыңша қалай жүру керек еді?» – деп сұрап едім, «алдымен атты былай жүру керек» деді де сәл аузын жыбырлатып тұрып «онан кейін 3 жүрістен соң сіз мат боласыз» деді. Шынымды айтсам шахматтан облыс чемпионы болсам да дәл бұлай 3-4 жүрісті алдын ала есептемейтінмін. Оның бұл сөзіне қызығып «кел, ойнайық» дедім. Дәл сол кезде Жансаяның жүрісіне, ойлауына таңғалдым. Осыдан соң әкесін шақырып алып: «Балам, Жансая өте талантты қыз, сен өзің де шахматтан спорт шеберісің, енді бар шаруаңды жиып қой да осы қызды шахматқа тәрбиеле», – дедім. Содан соң Данияр шаруаларын басқаларға тапсырып, Жансаяны шахматқа тәрбиеледі, яғни Жансаяның алғашқы жаттықтырушысы – әкесі Данияр. Картинки по запросу жансая әбдімәлік
– Жансая екінші рет әлем чемпионы атанғанда Елбасы арнайы қабылдады емес пе?
– Жансаяның бірінші рет әлем чемпионы атануын кездейсоқтық деп айтқандар да болды, бірақ Жансая екінші рет әлем чемпионы атанып жұрттың күдігіне нүкте қойды. Екінші рет чемпион атанған соң Жансаяны Елбасы арнайы қабылдап аса қымбат, сыртына алтын жалатылған гүл құмырасын (ваза) сыйлады, әрі ертесі болатын жаңа жылдық бас шыршаның шамын жағуға арнайы шақырады.
Ертесі Қазақстанның түкпір-түкпірінен шақырылған талантты балалар Елбасымен бірге бас шыршаның шамын жағуға жиналады. Осы кездесуге Жансаяны анасы ертіп барды. Бірақ балалардың туыстары шыршаға жақын жерден қарап тұрыпты. Н.Назарбаев шыршаның шамын жағатын кезде қасына Жансаяны шақырады. Екеуі шыршаның шамын жағады. Одан соң үстелге ертіп барып анар шырынын құйып береді. Өзара сөйлеседі. Нақты не айтысып жатқанын келінім ести алмайды, бір кезде Н.Назарбаевтың түсі сәл өзгеріп кетеді. Анасы «қызым бірдеме бүлдіріп алды ма?» деп шошып қалады. Іс шара аяқталған соң Жансаядан мұның жай-жапсарын сұрайды, сөйтсе Елбасы Жансаядан «қайда тұрасыңдар?» деп сұрапты, Жансая «пәтерде тұрамыз, айына 600 доллар пәтерақы төлейміз» деп жауап беріпті. Мұны естігенде Елбасының түрі өзгеріп кетіпті.
Жансаялар Алматыға қайтып келген соң 7 күннен кейін сол кездегі қала әкімі А.Есімов арнайы шақырып Жансаяға пәтер сыйлайды, сонымен қоса 1500 доллар көлеміндегі ай сайын берілетін президенттік шәкіртақы тағайындайды. Осылайша Жансая 10 жасында ата-анасына пәтер алып берді және 16 жасына дейін президенттің шәкіртақысын алып тұрды.
– Жансаяны арнайы жаттықтыру кезінде, жарыстарға апару жағынан қандай қиындықтар болды?
– Жансая үш рет әлем чемпионы атанғаннан кейін Бразилияда өтетін әлем чемпионатына шақырылады. Данияр Қазақстан шахмат федерациясына барып Жансаяны әлем біріншілігіне жіберуді өтінеді. Бірақ олар: «Жансая үш рет әлем чемпионы болды, енді басқа жастарды да жіберейік», – дейді. Данияр бұған көнбей: «Жоқ, басқа жастардың деңгейін білемін, ешкім Жансаядай ойнай алмайды», – дейді. Ақыры қанша түсіндірсе де федерация Жансаяны жібермейді. Амалы таусылған әкесі маған хабарласып жағдайды түсіндіріп: «Егер өзіміз апаратын болсақ, 6 мың доллар ақша керек екен», – дейді. Мен әрине бірден қолдап, 2 мың доллар беретінімді айттым. Нағашы атасы 2 мың доллар берді, сөйтіп өз ақшамызбен Бразилияға жібердік. Данияр айтқандай, Жансая 4 рет әлем чемпионы атанды, ал федерация апарған балалар 8, 10 орындарды иеленді.
Ең қызығы, Бразилиядан қайтып Алматы әуежайынан түссе «Жансая 4 дүркін әлем чемпионы» деген жалауларды көтеріп федерацияның адамдары қарсы алып тұр. Данияр дәл сол жерде журналистердің көзінше: «Біз өз қаражатымызбен бардық, федерация көмектеспеді, тіпті 4 рет Жансая чемпион болады дегенімде сенбеді», – деп шындықты айтып салыпты. Бұған федерация шыр-пыр болып «біз мұны қайта қараймыз, қаражаттарыңызды есептеп төлейміз» деп жұрттың көзінше уәде беріпті. Бірақ сол қаражатты әлі төлемеді. Ал газет-журналдарға өздері апарып келгендей етіп жазды. Міне, осындай-осындай қиындықтар жолықты, ондай кезде қолымыздан келгенше көмектесіп тұрдық. Ал қазір Жансаяның жолы ашылды, оны әлем таниды.Картинки по запросу жансая әбдімәлік
– Қандай танымал жаттықтыру­шылардан тәлім алды?
– Владимир Чучелов есімді Бельгияда тұратын танымал жаттықтырушы бар. Оның шәкірттерінің бірнешеуі әлемдік тізімде алғашқы ондыққа кіреді. Шетелде өткен бір турнирде Чучелов Даниярды іздеп келіп: «Сіз Жансаяның әкесісіз бе, қызыңыз ересектер арасында әлем чемпионы болады», – депті. Данияр бұған таңғалып: «Сіз көріпкелсіз бе, оны қайдан білесіз?» – деп сұрапты. Сөйтсе Владимир: «Мен әлемге танымал шахмат жаттықтырушысы Владимир Чучелов боламын», – депті. Данияр басында бұл кісіні танымай, онша мән бермей сөйлескен көрінеді, әлгі сөзді естіген соң: «Түріңізді танымағаныммен, есіміңізге қанықпын, танысқаныма қуаныштымын. Ал сіз Жансаяның чемпион болатынын қайдан білдіңіз?» – деп қайыра сұрапты. В.Чучелов бұл сұраққа: «Жансаяның отырысы, сенімді жүрісі, қарсыласына қаймықпай қарауы тек чемпиондарға ғана тән мінез», – депті. Данияр: «Енді чемпион болу үшін не істеуіміз керек», – деп сұрапты. В.Чучелов: «Менен сабақ алыңдар», – депті. Міне, содан бері Жансая жыл сайын 10 күн Бельгияға барып, Владимир Чучеловтен арнайы сабақ алады. Негізі, В.Чучеловтың әр сағат сабағының құны 100 доллар, Жансаяға 50 пайыз жеңілдік жасады. Қазір де В.Чучеловпен интернет арқылы хабарласып тұрады. Сондай-ақ украиналық Захар Ефименка деген жаттықтырушы Алматыға келіп Жансаяны жаттықтырады, қажет кезінде Skype арқылы сөйлесіп тұрады.
Жалпы Жансаяның жүру, ойлау тәсілі басқа қыздарға ұқсамайды, өзгеше. Мысалы, Вьетнамдағы турнирде жаттықтырушысы Перегудов Николай Жансаяға: «Сен әлем чемпионатына келдің, әр жүрісіңді ойлап, есептеп жүр, бұл жерде бәрі мықтылар», – деп кеңес беріпті. Жансая жаттықтырушысының айтқанын істесе бірінші турда жеңіліп қалыпты, содан соң Перегудов «өз қалауыңмен бұрын қалай ойнадың, қазір де солай ойнай бер» деп Жансаяны өз еркіне жіберіпті. Осыдан соң ол қалған қарсыластарының бәрін жеңіп, әлем чемпионы атанады.
– Немереңіздің әр ойынын қарап, қадағалап отырасыз ба?
– Әрине, Жансая қатысқан әр турнирді қараймын. Өте қиын, қатысқан адам іштей қобалжуы мүмкін, ал сырттан қараған адамға тіпті ауыр, әсіресе атасына (күлді). Себебі ойынның қалай өрбіп жатқанын түсініп отырасың, кейде Жансаяның жүрісін анықтай алмай «бұл қалай болғаны?» деп алаңдайсың. Тек 2-3 жүрістен соң ғана түсінесің, бастапқыда бір-екі фигураны беріп жолын ашады да кейіннен орта тұсты оңай талқандайды.
– Текті әулеттің ұрпағы екеніңізді айтып өттіңіз, Жансаяның тәрбиесін де қадағалап отыратын шығарсыз?
– Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, Жансая «жұлдыз ауруына» шалдыға қойған жоқ. Өте қарапайым. Үйдегі келін Кішісі жүздің қызы, Жансаяның табандылығы, қайсарлығы нағашыларына тартқан болуы керек. Қорқыныш дегенді білмейді, кіммен болса да ойнай береді әрі қарсыласына көз алмай қарап отырады. Анатолий Карповпен шахмат ойнап отырған фотосы бар, сондағы Жансаяның көзқарасына қарасаңыз, Карповты жеп қояйын деп отыр (күлді). Мұны Жансаяның өзіне де ескерттім, сөйтсем «ата, ойланып отырып байқамай қалам» дейді. Бұл да мінез.
Жансая әдетте сұхбат берсе ешкімді жамандамайды, өзінің кемшіліктерін де ашып айтады. Сондықтан немеремнің тәрбиесіне көңілім толады.
Сұхбаттасқан Жақсылық ЫРЫСБАЙ

«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жыл №17 саны

Пікір қосу