– Нұршакен апай, Мұхамеджан Тынышбаев қай жылы, қай өңірде дүниеге келді?
– Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі (Қазіргі Алматы облысы, Сарқант ауданында) Жыланды тауының бөктерінде дүниеге келген.
– Ата-анасы қандай кісілер болды?
– Әкесі Тынышбай ел ішінде беделді адам болған. Ол арғы-бергі тарихты зерттеп, түрлі шежірелер құрастырған. Мұсылманша оқуды жетік меңгерген адам. Ресейде оқып жүрген ұлы Мұхамеджанға үнемі хат жазып тұрған. Ал анасы Шаһизадабану (Шәпен) келбетті, мінезі ашық жан болыпты. ­Тынышбай мен Шаһизадабанудан алты ұл, төрт қыз туған. Олар: Ахмеджан (Айнолда), Мұхамеджан, Қоңқақ, Жармұқамбет, Смағұл, Боранбай, қыздары: Салмақты, Қампаш, Байша, Айса. Мұхаң әулетінің атақонысы – Ешкіөлмес, жайлауы – Суық, қыстауы – Сарқарын (Лепсінің батыс жақ жағасы) екен.
– Бала Мұхамеджан қайдан, қандай білім алған?
– Мұхамеджан Тынышбаев 1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы (Алматы) ерлер гимназиясына оқуға қабылданды. 1900 жылы гимназияны алтын медальмен бітірді. Ол оқуға аса ынталы еді. Сол себепті жоғары білім алу үшін Ресей еліне аттанады. Бірақ онда барып оқуға түсу оңай болған жоқ, көптеген кедергілерге жолықты. Бірақ оның бәріне мойымады. Ақыры 1900 жылы Император І Александр атындағы Петербург жол қатынасы инженерлер институтының студенті атанды. М.Тынышбаев осы оқу орнын тәмамдаған тұңғыш қазақ баласы.
– Енді отбасы жайлы айта кетсеңіз?
– Ол кісі өмірінде көптеген қиындықтарға жолықты. Сан рет саяси қудалауға ұшырады. Үш рет отбасын құрды. Балаларының тағдыры да тауқыметті болды. Ең бір өзек өртейтіні үш ұядағы ұл мен қыз бір-бірін көрмей өсті. Кейбіреуі өзінің туған бауыры бар екенін де білмей өмірден өтті. Бұған оның пешенесіне жазылған тағдыры мен Советтік зұлым саясат себепкер болды. Мұхамеджан Тынышбаевтың алғашқы құдай қосқан қосағы – Гүлбаһрам Бакиқызы. Ол Жетісу өңіріне белгілі фельдшер Бәки Шәлімбектің қызы. Гүлбаһрам сауатты, мейірімді әйел болған деседі. Ол кісіден Ескендір атты ұл, Фатанад-Бану, Динарзада атты екі қыз өмірге келді. Бірақ Гүлбаһрам тым қысқа ғұмыр кешті. Ол 1921 жылы Шымкентте адамдарды тырысқақ (холера) дертінен емдеу кезінде инфекция жұқтырып алып қайтыс болды. Мұхамеджан арада төрт жыл өткен соң өзінің досы Садуақас Шәлімбектің жесірі, қазақша айтқанда, қайын бикесі болып келетін Әзима есімді әйелге үйленді. Осы Әзима апамыздан Еңлік Мұхамеджан қызы өмірге келді.Картинки по запросу Мұхаметжан Тынышпаев
Мұхамеджан Тынышбаевтың үшінші рет тұрмыс құрған жары – Әмина Ибрагимқызы Шейх Әли, ұлты – құмық. Әмина апамыздан Дәулет Шейх Әли атты ұл өмірге келді. Қазіргі Мұхамеджан Тынышбаевтың көзі тірі тікелей ұрпағы осы кісі.
Өткен ғасырдың 20 жылдарынан бастап Тынышбаевтар әулеті үлкен қудалауға ұшырады. Бұған сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайлар себеп болды. Әулет мүшелерінің көпшілігі азамат соғысында қаза тапты. Сол ақ пен қызыл қырқысқан қырғыннан Мұхамеджанның өзі және менің анам Айса Тынышбайқызы сынды бірлі-жарым туыс-туғандар ғана аман қалды. Кейінгі Совет үкіметі де Тынышбаевтар әулетіне қырын қарады. Тек тәуелсіздіктен кейін ғана М.Тынышбаевты елі есіне ала бастады. Мен қазір «Мұхамеджан Тынышбаев» атындағы қоғамдық қордың президентімін, біз қазақтың аяулы ұлдарының бірі болған атамыздың мол мұрасын зерттеу мен насихаттау үшін еңбек етіп келеміз. Әрине, аз уақытта ештеңе жасалмайды. Оның үстіне М.Тынышбаевтың ғылыми еңбектерінің біразы дерлік қолды болғандықтан кейбір шындықтың бетін әлі аша алмай отырмыз. Жақында Ташкент мұрағатына бару мүмкіндігіне ие болдық. Сәті келіп жолымыз түсіп жатса, Мұхамеджан Тынышбаев туралы жаңа деректерге қол жеткіземіз деген үміттеміз.
Сұхбаттасқан Ерзат АСЫЛ.
«Жұлдыздар отбасы» журналы,
№ 11, 2018 жыл

Пікір қосу