– Мархабат аға, сіз алғаш танысқаныңызда Қалихан шығармашылығының әсері қандай болып еді?
– Қалихан ағамыздың көркем дүниелерімен мектептің жоғары сыныптарында, интернатта таныса бастадық-ау. Әрине, интернатын жанымызға жақын тұттық. Сөйлемдері суреттей сақталып қалатын. Мәселен, шаңдақ қара жолдағы ырдуан арба. Қолат ішіндегі бауыры аппақ қайыңдар. Қалғып-мүлгіген тайга. Соқыр тұман. Нарын өзені ирелеңдей қашады. Өзгелер сияқты ирелеңдей ағады демейді. Адамдарының мінез-құлықтары да тек «қалиханша».
– «Қоңыр күз еді» повестінің сол кездегі әдеби ортаға құбылыс ретінде келуінің сыры неде деп ойлайсыз?
– «Қоңыр күз еді» повесіндей жариялана сала жаппай оқылған, жаппай таңырқатқан, жаппай жан тебіренткен туындылар көп емес. «Қоңыр күз» деген тіркестің өзі Қалихан Ысқақтың «жекеменшігіне», қаламының баламасына айналып кете барды. Сөзгер зергеріміз, зияткер ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың ҚазГУ аудиториясында осы повесть туралы әлденеше рет әдемі сырласу сағаттарын әдейілеп ұйымдастырғаны есімізде.
«Қоңыр күз едінің» құбылыс болу сыры стильдік кереметінде, кілті көркемдік құнарының Қалиханға ғана тәндігінде. Абай жұмбағы, Тәкен тылсымы сияқты Қалихан суреткерлігінің сиқыры да жылдар, ғасырлар бойы оқырманды терең ойға түсірер, қиялдарға жетелер, сана сапасын арттырар. Қасымы да, Қомшабайы да, Алматайы да бөлекше. Осы үшеуінің бір қызға ғашықтығы да бөтенше. Ал Алтын бейнесі төтенше. Қалихан қаламының құпиясы қалың. Картинки по запросу қалихан ысқақ
– Өмірде Қалихан ағамызды қашан, қайда көрдіңіз?
– 1975 жылдың басында болу керек, жас жазушылардың республикалық кеңесі өтті. Төрт-бес талапкерге, төрт-бес мықты бекітіліп, семинар ұйымдастырылды. Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Жайсаңбек Молдағалиев біздің пешенемізге бұйырды. Қалекең менің бір әңгімемнің быт-шытын шығарып сынады. Екінші әңгімемді талдап, таразылап, мақтап, «Жұлдызға» ұсынатынын мағлұмдады. «Жаңғақ» деген сол әңгіме шынымен-ақ «Жұлдыз» журналына шықты. Бұрын сыртынан көріп жүргенімізбен, бетпе-бет кездесіп, ашық та ащы, пайдалы пікірін тыңдағаным сол семинарда еді. Екінші рет Шымкентке, Нәсіреддин Серәлиевтің елу жасқа толу тойына келді. Жарғақ құлағымызды Қалағаңның аузына жапсырып қойып, жанында жүрдік. Ауызша әңгімелері де әйдік еді ғой. Бір мәрте тағы да Оңтүстікке, Отырарға келіп қайтты. Әлде бір себептермен сапарына ілесе алмай өкіндім.
– Бір дәуірдің қаламдасы ретінде бір-бірлеріңізбен шығармашылық байланыстарыңыз болды ма?
– 1985-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы болдым. Қалихан ағамен тым жиі болмасадағы, Алматыға барған сайын кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Жарияланып жататын шығармаларым туралы өзі тікелей айта қоймайтын. Дидахмет бауырыма бір-екі рет әңгімелерім жайында жылы пікір білдіріпті. Қайран Дидаш өзін мақтағандай қуанып, арқамнан қағатын.
– Ол кісінің шығармашылық бейнесінен бөлек, адамдық келбеті жайлы айта кетсеңіз?
– Бірде жас ақын-жазушылардың ортасында отырып: «Сендер бүйтіңдер, – деді Қалихан көкем қабағын қатулана шытынып, қатты жөткірініп, – Бір-бірлерің туралы қазақы ма, мазақы ма, анекдот шығарсаңдар-дағы, айтып, жазып жүріңдер. Бір-бірлеріңнен алшақтап, алыстап кетпеңдер. Мына сендер бар ғой, ырду-дырду да, ру-ру да болмаңдар, әдебиет дейтін рудан екендеріңді ұмытпаңдар!» Ол кісі осылай айтқан. Кіжініңкіреген күйде.
2010 жылы Шығыс Қазақстанда алапат тасқын жүрді. «Егемен Қазақстанның» тапсырысымен тасқын болған аудандарды апта бойы араладық. «Қалбатау қарғыны», «Тарбағатай тағылымы», «Алтайымнан айналдым» деген дүниелер жазып жарияладық. Сол сапарда ғой, Оралхан Бөкейдің, Қалихан көкеміздің туып-өскен ауылдарында болдық.
Қарасамырсын шатқалын, Бүркітті деген шыңды көрдік. Топқайың ауылының топырағына табан тигіздік. Ағамыздың шығармаларында жиі кездесетін Ақтасты жайлауы, Қоңқай тауы… Бәрі ыстық. Көзге де, көңілге де. Қалекеңнің қара шаңырағында шай іштік. Әлібек Қаңтарбаев, Нұржан Қуантайұлы сынды қаламгерлермен бірге. Келіні Қорлан құрақ ұша қарсы алған. Сүт қатқан қою шай мен ақ ұлпа бөлке нанды соғып отырғанымызда, қаламгер ағаның інісі Сайлауханның ұлы Айдын келді. Қалағаңның жас кезін көргендейміз. Айдынның келіншегі Ақгүл шайды ықыласпен құйды. Айдын: «Қалихан атам мен Дәмеш апам Дидахмет ағаның тойынан кейін келетін болды», – деді маңыздана сөйлеп.
Қалекеңнің қара шаңырағы ағаш үй екен. Қабырға ретінде қаланған көне тақтайлар арасынан қылтиып көрінген қаламды ырымдап алдым. Қалтаға салдым. Кейін Қалағама айтып ем, жанары жасаурап, құшағына қысты.Картинки по запросу қалихан ысқақ– Қалихан ағамыздың драматургиясы жайында айта кетсеңіз?
– Ағылшынның айрықша жазушысы, дара драматургі әрі сыншысы Сомерсет Моэм драматургтің драматургі, прозашының прозасынан айқын аңғарылып, аңқып тұрады дейді. Қалихан Ысқақ – Моэміңіздің осы ойын ойып тұрып дәлелдеген дарын. «Қоңыр күзінің» өзінде керемет драмалық ситуациялар жиі ұшырасады, тартыстары тартып әкетеді оқырманды. Ал драматургиясы – өз алдына айрықша айдын. Бейімбет Майлиннен, Мұхтар Әуезовтен, тағы басқалардан жасаған драмалық дүниелері де Қалиханша құлпырып сала береді.
– Ол кісінің прозасы киноға сұранып тұрады деген пікірге қалай қарайсыз?
– Қалиханның, Әкім Таразидің, Сайынның, Төленнің, Дулаттың, Тынымбайдың, Несіпбектің тағы басқа да талай да талай таланттылардың әңгімері мен повестері киноға сұранып тұратыны айтылып та, жазылып та жүр. Өкінішке қарай, қайран қазақ әңгімелері киногерлер мен кино өнерін қаржыландыратындар тарапынан еленбей, ескерілмей, игерілмей қалып барады. Қазіргі қазақ киносының ең басты кемшілігі мен кеселдері де қазақ көркем әңгімесін, қазақ прозасын менсінбеуінде. Менсінбеу жалғаса берсе, қазақ кино өнері бәрібір оңалмайды. «Көркем әдебиет – барша өнердің атасы» дегенді әулие Әуезов әдіптеген. Әрине, әсіресе Қалағаңның прозасынан обал-ақ.
«АҢЫЗ АДАМ» айдарын дайындаған Ретбек МАҒАЗ

Пікір қосу