Күн нұрынан тағам өндіруге болады
– Мен өзгелерден сіздің отаныңыз Хорватия мен туған жеріңіз Лика туралы естідім. Олардың айтуынша, ондағы көп санды адамдар орманды өңірде өмір сүреді екен. Онда асқар таулар алыстан мұнарланып көрініп, алуан гүлдер шешек атады деседі. Сіз орман ортасындағы шіркеудің жанындағы үйде өмір есігін ашыпсыз. Солай емес пе?
– Сіз бәрін дұрыс айтып отырсыз. Мен Хорватияда туғанымды мақтан етемін.
– Адамзат болашағына болжам жасаған ғалымдар: «ХХ және ХХІ ғасырлардың нақты болмысы Никола Тесланың миында», – деп айтады. Сонымен қоса олар сіз тапқырлаған магнит өрісі мен индукциялық қозғалтқышты ұлы өнер табысына балайды. Бүгінде сіз «айналмалы энергияның атасы» саналасыз. Сіз шағын зертханада отырып-ақ ұлы жаңалықтар аштыңыз, мұның сыры неде?
– Иә, менің ең маңызды өнер табыстарымды айтып отырсың. Алайда мен өмірде жолы болмаған жанмын. Өйткені ойлағандарымның тек мардымсыз бөлігін ғана іске асырдым. Мен әлі де әлемнің көптеген құпиясын ашсам деймін.
– Сіз іздеген әлемде қандай ғажап дүниелер бар?
– Мен бүкіл жер бетіне жасанды жарық сыйлағым келеді. Әрине, мұндай жасанды жарыққа жеткілікті энергия көзін табуға да болады. Алайда, біз басқа энергияны, мысалы, ақыл-ой энергетикасын тым төмен шамалап келеміз. Мұндай алапат энергия Бах пен Моцарттың туындыларында немесе өзге де ұлы ақындардың өлеңдерінде бар. Жер беті қуанышқа, тыныштық пен сүйіспеншілікке толы. Жер бетінде тіршілік атаулының өмір сүруіне жарық пен жылу сыйлайтын, олардың өзегіне нәр беретін ғажайып энергия бар. Мен ұзақ жылдар бойы осы энергияның адамдарға әсер ету жолдарын іздедім. Мысалы, раушан – жұпар иісті, көрікті гүл. Оның емдік рөлі тағы бар. Демек, әлемдегі кез келген жаратылыстың сан қырлы сыры мен өнімділігі бар. Меніңше, күн нұрынан тағам өндіруге болады. Тіршілік шексіздікке ие, ал ғалымдардың міндеті – сол сан қырлы тіршіліктің сырын ашу. Ол үшін ең маңызды үш түйінге зер салу қажет. Мен өмір бойы сол сырлы тіршіліктің құпиясын іздеп келем. Сол ғажап дүниелердің сырын аша алмайтынымды білем. Алайда ғұмырым таусылғанша ізденісімді тоқтатпаймын. Картинки по запросу никола тесла– Сіз айтып отырған үш түйін қайсы?
– Оның біріншісі – тағам. Жер бетінде тағам өндіруге болатын жеткілікті энергия бар. Егер адамзат сол энергияның көзін аша алса, әлемде ашаршылық атаулы болмас еді.
Екіншіден, адамзат өміріндегі зұлымдық пен ауырлықтың күшін жою. Өйткені жер бетінде адамзаттың бақытты өмір сүруіне көмектесетін қуат көздері бар. Сол қуат көздері арқылы жер бетін азап пен аурудан тазартуға болады.
Үшіншісі – әлемде екінші табиғи жарық көзі бар ма? Мен барлық астрономиялық және математикалық заңдар бойынша жоғалып кетуі мүмкін жұлдызды таптым. Әрине, өзгермейтін ештеңе жоқ. Бұл жұлдыз осы галактикада. Ол жұлдыздың көлемі алмадай ғана болғанымен, күннен де қуатты алапат күшке ие. Дін мен кейбір философиялық ағымдарда мен сырын ашуға талпынған заңдылықтар құдайдың құдіретімен жасалған деп қаралады. Сол себепті де менің ізденісіме кедергі болатындар да бар. Мен адам баласы қандай да бір догмалықтан азат болып, өзіне қажетті мүмкіндіктердің бәрін жасау керек деп ойлаймын. Менің мақсатым – ұшу аппаратын (ұшақ немесе зымырандар) жасау емес, керісінше әр адамның көкте самғап ұшуына дем беретін жасампаз ойларға түрткі болу. Сонымен қатар, мен кеңістікте бар энергияны пайдалануға тырысамын. Өйткені бұл ғаламда бос орын жоқ. Астрономдардың айтқан қара үңгірі шын мәнінде энергия мен өмірдің ең қуатты көзі.
Әлемнің әрбір бұрышында өмір энергиясы бар
– Сіз жаңа қуат көздері туралы жиі айтып келесіз…
– Менің барлық өнертабыстарым ерекше дарынымның арқасында өмірге келді. Өйткені мен бар болғаны көз алдымдағы құбылыстарды өнер табысына айналдырдым. Бала кезімде тым қорқақ болдым, себебі көптеген табиғат құбылыстарының сырын білмеуші едім. Алайда өсе келе бойымда бір қуатты күштің барын аңғардым, әрі үздіксіз оқып, сол талантымды жетілдіре түсуге күш салдым. Міне, содан бері миым күрделі математикалық есептеулер мен механикалық сызбалардан арылмай келеді.
– Әңгіменің басында электр энергиясы туралы айтып қалдыңыз. Сіз үшін электр энергиясы деген не?
– Тұтас жаратылыс әлемінен электр энергиясын алуға болады.
– Бұл мүмкін бе? Сіз шындықтан гөрі қиялыңызға көп ерік беретін сияқтысыз…
– Жоқ, керісінше, табиғаттың тылсым сырлары менің қиялыма қанат бітіреді.Картинки по запросу никола тесла

– Сіз уақыт ағысын тоқтатудың мүмкіндігі бар деп ойлайсыз ба?
– Жоқ, өйткені энергияның алғашқы сипаты өзгереді. Әлемнің әрбір бұрышында өмір энергиясы бар. Олардың бірі – «мәңгілік өмір», ал шын мәніндегі мәңгілік өмір адамның еркінен тыс өмір сүреді. Өйткені рухани әлем – шексіз. Мүмкін адамзат баласы сол алыс сапардың жол ортасына да жеткен жоқ шығар. Әлем өте сырлы кеңістік, сондықтан да біз оның жаратылыстық қасиетіне өмірімізді қалай үйлестіретінімізді білмейміз. Мен ғалым емеспін, бірақ ғылым – сұрақтың жауабын табудың ең қарапайым жолы. Ғылым, сөз жоқ, адамзат болашағын өзгертеді.
– Болашақта адамзат дүниесінде қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?
– Алдағы уақытта адамзат қоғамы түбегейлі өзгереді. Бал араларының өмірі адамдар тіршілігінің негізгі қағидасына айналады. Әлемде жаңа тәртіп орнайды. Жаңа жүйе келеді. Адам баласы аралар секілді тек табысты еңбек үшін тіршілік етіп, бірлігі артады. Адамдар арасындағы нәсілдік даулар мағынасыз әңгімеге айналып, жойылады. Алайда, онда әйел заты басты рөлде ойнайтын болады. Ең қызығы, адамдар қалтаға салып жүруге болатын шағын құрылғылар арқылы байланыса алады. Аспанда ұшақтар адамның басқаруынсыз, яғни ұшқышсыз ұшады. Олар жерден радиотолқындар арқылы басқарылады.
– Бұлай болуы мүмкін бе?
– Тіпті керек десеңіз, бүкіл әлем үлкен миға айналады. Адамдар бір-бірімен арақашықтыққа қарамастан лезде хабарласа алатын болады. Әлемнің екі шетіндегі адамдар бір-бірінің түрін көріп, дауысын ести алады. Және ол үшін шағын ғана құрылғылар пайдаланылатын болады. Олардың құрылысы біздің бүгінгі телефондардан да қарапайым болмақ. Ең бастысы, біз олардың көмегімен әлемнің кез келген нүктесінде болып жатқан оқиғаны өзіміз сонда отырғандай көре аламыз. Біз бүгінгідей үйді жылыту үшін от жағып әуреленбейтін заман келеді. Өйткені, барлық ғимараттарды басқару тетіктер арқылы жүретін болады. Жылу электр қуаты арқылы беріліп, белгілі жүйе қалыптасады.

Картинки по запросу никола теслаТесланың өнертабыстары

Электрлі қозғалтқыш
Тесла ойлап тапқан электрлі қозғалтқыш Тесланың құрметіне аталған танымал электромобиль арқылы танылды. Тесланың қиялынан туған қозғалтқышты айналмалы магнитті жерде пайдаланса адамдарды Үлкен мұнай билігінен тез босатар еді. Өкінішке қарай, 1930 жылы бұл өнертабыс экономикалық кризистің құрбанына айналды. Дегенмен де өнертабыс уақыт өте келе болмысын түбегейлі өзгертіп, мүлде басқа мақсатта пайдаланыла бастады. Бүгінгі күні өмірдің ажырамас бөлшегіне айналған тіршілікке керекті заттарға, яғни тұрмыстық желдеткіш, үй элетроникасы, су насосы, электрлі құрал-саймандарға, жинақтаушы дискілерге, электронды сағаттар мен компрессорларға қолданылып жүр.

Радио
Радионы ойлап тапқан автор ретінде әу баста Гильермо Маркони саналды. Көпшілік адамдар солай ойлап келді. Тіпті АҚШ-тың жоғарғы соты 1943 жылы радионы Тесла ойлап тапқанын дәлелдейтін айғақтарға көз жеткізгенде Марконидің патентіне шектеу салды. Тесла радиобайланысты қабылдау және байланыстыру тетігі бар толқынның бір бөлшегі ретінде таныстырды. Ол осы технологияны таныстыру салтанатын Ұлттық электр қуаты ассоциациясының алдында өткізді. Тесла 2 өнертабысының патентін 1897 жылы (US 645576 және US 649621) алды. 1904 жылы АҚШ-тың Патент беру бюросы шешімін өзгертіп, радионы ойлап тапқан автор ретінде патентті Маркониге берді. Көпшілік қауым бұл шешім Марконидің қаржы жөніндегі серіктестері Томас Эдисон мен Эндрю Карнегидің есімдерімен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтты. Бұл беделді адамдар патент беретін комиссияның шешіміне барынша ықпалын тигізуі мүмкін деп болжанды. Екінші жағынан АҚШ үкіметі үшін патентке төленетін төлемақыдан қашуға оңтайлы шешім болды.

Робототехника
Тесланың таңғажайып өнертабысы өмірдегі барлық тіршілік иелері ішкі импульстің ықпалымен жұмыс істейді деген ойға қалдырды. Ол: «Мен бар болғаны ішкі импульсім арқылы әсер ететін қозғалысқа икемді автомат екенімді күн сайын әрбір ойым мен іс-әрекетім арқылы айта беремін», – деген еді. Осылайша құлтемірдің концепциясы пайда болды. Алайда автор адамдық элементтер сақталатынын және адамзат роботтан көбею арқылы парықталатынын айтты.

Жарық
Әрине, жарықты Тесла ойлап тапқан жоқ. Бірақ ол оны сақтау мен жеткізу жолдарын ойлап тапты. Тесла флуоресцентті лампаларды өндіріс орындары жарықты өндіргенге дейін 40 жыл бұрын өз зертханасында пайдаланған. Бүкіләлемдік көрмеде Тесла шыныдан жасалған түтікшені қолына алып, оны танымал ғалымдардың есімі жазылған формада иіп көрсетті. Ол тұңғыш рет осылайша неонды жарнама жасаған болатын. Ең қызығы, оның өнертабыстарының ішінде танымал «Тесланың шарғысы» үлкен сұранысқа ие болып, әлемге таралды. Себебі, өндірушілер Жер электр қуатын түрлендіретін алып магнит деген идеяны қуаттады.

Қашықтықтан басқару
Аталмыш өнертабыс радионы ойлап табу идеясының жалғасы десек те болады. 613809 нөмірлі патенті 1898 жылы әлем бойынша тұңғыш рет қашықтықтан басқарылатын қайыққа берілді. Бірнеше үлкен қуат көзін пайдалану арқылы оператор қайықтың рулі мен бұрандасын басқара алды.

Сымсыз коммуникациялар мен шексіз энергия
Бұл екі концепция – бір-бірімен астасып жатқан егіз ұғым. Джон Пирпонт Морган Теслаға әйгілі «Варденклифф» мұнарасын тұрғызуға 150 мың доллар көлемінде қаржы берді. Мұнара арқылы табиғи жиілікті оның ішінде сурет, дыбыстық хабарлама және текст жіберуге болатын еді. Бұл жаңалық дүниежүзінде алғаш рет сымсыз коммуникацияның жарқын үлгісіне айналды. Тесла көпшілікке еркін энергияны жеткізіп, әлем елдеріне біртұтас желі арқылы энергияны шектеусіз пайдалануға болатынын дәлелдеді. Өкінішке қарай, Тесланың көптеген өнертабыстары жоққа шығарылып, тіпті көпшілігі қазірге дейін жасырын күйде қалып отыр.

Дереккөз baido.com
«Ғалым» айдарын
дайындаған Ерзат АСЫЛ

«Жұлдыздар отбасы» журналы, 2019 жыл №15

Пікір қосу