– Азамат, сұхбатты сіздің әніңізден бастағым келеді, неге әннің аты «Қатал тағдыр»? Өмірден қаталдық көп көрдім деп есептейсіз бе?
– Жоқ, тағдырдан ешқандай қаталдық көрмедім. Тек ең бірінші авторлық әнім болғаннан кейін, өзімнің болмысым мен дауысыма сай келген соң осы ән таңдалды. Негізі, бұл әнді Нұрлан деген ағам ұсынды. Өнер жолына енді түсіп жатқан кезім еді, Нұрлан ағам түннің бір уағында хабарласып: «Осындай ән таптым. Олжас Сыдықов деген өнердегі досымның әні, саған келетін сияқты…», – деді, сосын тыңдап көрдік. Ол кезде бұл ән үш шумақтан тұратын, атауы да басқа болатын. Бірақ мен екі шумағын қалдырып, «Қатал тағдыр» деп шығарғым келді. Негізі, осы сұрақ көп қойылады, Құдайға шүкір, менің өмірім қатал емес! Алланың салған жолымен келе жатырмын. Маған бергені Алланың қаталдығы емес, сынағы деп қабылдаймын…
– Халыққа енді танымал болып келе жатырсыз, өзіңізбен жақынырақ таныссақ.
– Мен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасымын. Алматыға 2001 жылдары келдім. Екі қолдан айырылған кезде Жаңақорғанда болатынмын. Ол жағын қатты ашып айта бергім келмейді, құпия болып қала берсін. Дәл қазір ол жайлы тереңдеп айтпай-ақ қояйын. Қуаттылығы жоғары трансформатор тоғына түсіп, осы жағдайға ұшырағанмын. Бір қарт кісіге көмектесемін деп, абайсызда осылай болған жайы бар.
– Бір орыстілді басылымнан оқыған едім, сіздің қолыңыздың бұлай болуына дәрігерлердің сауатсыздығы себеп болған деседі. Ол қаншалықты рас?
– Иә, осы оқыс оқиғадан кейін Жаңақорғандағы ауруханаға жатқызған. Ол кезде медицина қатты дамымаған еді. Үйдегілер бүкіл дәрі-дәрмегімді ауруханаға алып келіп берген, бірақ ештеңе салынбаған. Екі-үш аптадай бір бөлмеде жаттым. Болмаған соң мені Қызылорданың облыстық ауруханасына апарған кезде, сондағы бас дәрігер: «Баланы бір ай үйде сақтағансыңдар ма, денесінде иненің ізі жоқ қой?» – деп айтқаны есімде қалыпты. Ірің тарай берсе сүйекті жей береді екен, соның салдарынан қолымды кесуге тура келді. Бірақ Аллаға шүкір, ешнәрсеге мойымай, аман-есен келе жатырмыз.
– Дәрігерлердің салғырттығына деген бір «әттеген-ай» жұрттың көкейінде бұрыннан бар ғой. Сізде де соларға деген реніш бар шығар, жалпы қазіргі медицинаның сапасына көңіліңіз тола ма?
– Иә, әркімнің білімі әртүрлі. Олардың бірі осы жақта білім алса, енді бірі шет елдерде оқып келіп жатыр. Бірақ шыны керек, бұл жағдайға ұшырағаныма ешкімді кінәламаймын! Өмірде ұнатпайтыным – біреуді кінәлау. Тағдыр солай жазылды, Алла Тағала осылай қалап тұр, солай болуы тиіс. Дәрігерлердің кесірі болмаса да, оқыс жағдайға басқалай ұшырауым мүмкін бе еді? Сондықтан ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ! Бәлкім, Алла мен арқылы жастарға сабақ бергісі келген шығар?!
– Жақсы, енді Алматыға келген кезеңдер туралы айтсақ. Жалпы Жаңақорғанды тастап, Алатауға көшуге не түрткі болып еді?
– Осы жағдайдан кейін екі жылдай комада жаттым. Сөйтіп аман-есен ауылға келген кезде, менің нағашы тәтем Алматыда болатын. Сол кісі анамды «Ауылда не істейсіңдер? Бала бір үйде жата беріп томаға тұйық болып қалады, қалаға келіңдер», – деп үгіттеді. Мұнда жақсы мектеп-интернаттар бар деген соң біз көшіп келдік. Бесінші сыныпқа дейін жалпы мектепте оқып жүрдім, кейін арнайы мектеп бар екенін білгеннен соң оқуымды сонда жалғастырдым. Ол арнайы мектепке ауысуым менің өмірімді өзгертті. Өйткені сол интернатқа барғаннан кейін менің жаңа қырларым ашыла бастады. Өнерден де, спорттан да дамуыма сол интернаттың көмегі көп тиді.
– Осы жерде айта кетейікші, негізі қазақ қоғамында баласын арнайы мектепке бергісі келмейтіндер көп қой. Олар «баламды дұрыс қарамайды» деген оймен және «жұрттан ұят» деген намыспен баласын үйінен шығарғысы келмейді. Бірақ сен сол арнайы мектептен кейін өміріңнің өзгергенін айтып отырсың. Демек арнайы мектеп-интернатта тәрбиелеген дұрыс қой?
– Иә, әрине! Интернаттың ешқандай жамандығы, зияны жоқ, қарапайым үйде алатын әке-шешенің тәрбиесі сол жақта да беріледі. Күн тәртібіміз жүйелі болатын, одан кейін біздің интернатта көптеген іс-шаралар өтетін. Жүзу, үстел теннисі деген сияқты курстар да қарастырылған. Егер бала, жалпақ тілмен айтқанда, кем болып туылатын болса оны арнайы мектепте оқытудың әбестігі жоқ. Біздің қоғамда кемсіту деген нәрсе бар ғой. Әдейі болмаса да, балалар естігенін айтып қалып жатады. «Сен ондайсың», «сен мұндайсың» деген сөзді естіген бала тұйық болып, ортадан қашады. Сөйтіп бір бөлмеде қалып қояды. Ол мүлде дұрыс емес! Ал интернатқа апарса, ол өзі сықылды балаларды көреді, олармен бірге өмірге талпынады. Әр баланың қолынан көптеген дүниелер келеді, оны тек таба білу керек. Мен де интернатқа алғаш барған кезімде сондағы балаларға қызығып, алға талпындым.
– Жаңа айтып қалдыңыз ғой, бәрібір балалар ауыр сөздер айтып қояды деп. Өзіңіздің де көңіліңізде қалып кеткен сөздер бар ғой, демек?
– Иә, ондай сөздер көп болады, бірақ оған аса қатты көңіл бөлгім келмейді. Өйткені әр нәрсеге көңіл аудара берсең сен өспейсің! Біріншіден, ойың өзгереді, адамдарға басқа көзқараспен қарай бастайсың. Негізі, атың шығып, жұмысың алға баса бастаса әңгіме жүретіні ақиқат. Ал сөз ермесе, сен ештеңе жасап жатқан жоқсың. Сондықтан артымнан жақсы не жаман пікір айтылса да мен оған қуанамын!
– Бірнеше жыл бұрын сіздің үстел теннисінен Қазақстан чемпионы болғаныңызды білемін, жүзумен де айналысатын едіңіз. Қазір де айналысып жүрсіз бе?
– Қазіргі таңда үстел теннисімен ғана айналысамын. Жүзумен «Халықаралық спорт шебері» атанғаннан кейін қоштасуға тура келді. Өйткені мен суға көзілдіріксіз түсетінмін, көзілдірігім старт жасағанда шешіліп кете беретін. Сондықтан осы жағынан кішкене қиналдым, одан кейін жүзуді тоқтаттым. Көзімді бір жылдай емдедім.
– Сіз үстел теннисінен чемпион болған кезіңізде «Лондонға барады» деп естіп едік, бірақ кейін сол әңгіме аяқсыз қалды…
– Иә, Лондонға баратын жүлде ұтып алдым, бірақ ол жаққа бара алмадым. Қандай себептер болғанын білмеймін, әйтеуір виза ала алмадым.
– Алдағы уақытта осындай олимпиадаларға қатысу жоспарда бар ма?
– Әрине, жоспарда бар. Бірінші қазақстандық жүлделердің бәрін жеңіп алғаннан кейін, бізді Азияға апарады. Азияда нормативтер беріледі, оны түгел орындайтын болсаң паралимпиадалық ойындарға жолдама береді. Алдағы уақытта қалалық, республикалық жарыстар бар. Енді соларға барып бүкіл нормативті өту керек.
Демек, спорт пен өнерді қатар алып жүрсіз ғой?
– Иә, қатар алып жүрмін, бірақ бүкіл күшімді өнерге қарай салып жатырмын. Өйткені, біздің қоғамда мынандай нәрсе бар. Мысалы, мен басқалардан ерекшемін, оған өнерде басқа көзқараспен қарайды. Бізде тыңдармандар адамның бойындағы өнерін емес, сыртқы келбетіне қарай бағалайды. Ал мен соны жоққа шығарғым келеді! Сол себепті өнерге бар күшімді салып, өзімнің тиісті орнымды алсам деймін. Өзім үшін ғана емес, мен сияқты қаншама жанға үміт сыйлағым келеді. Мысалы, эстрадада жүрген «мен» деген әншілерден де асып түсер даусы ерекше жандар бар. Бірақ оларды өнерге кіргізбейді, бөліп-жарады.
– Осы туралы постыңыздан да оқыдым. Өнерде сырт келбетке қарап шешім қабылдайтындар көп пе?
– Менің өнерде жүргеніме 3-4 жылдай болды. Көбінесе бізді үлкен концертке емес, қарапайым қайырымдылық концерттерге шақырады. Осыдан-ақ байқауға болады. Менімен бірге қайырымдылық кештеріне шығып жүрген әншілер жоғары деңгейдегі концерттерге шығады да, бірақ ішінде мен шеттеліп қаламын. Сондай да «НЕГЕ?» деген ойлар туады. Оған көз салып қарайтын болсаң, бөлетіндеріне көзің жетеді.
– Демек, ортаға бөгетті халық емес, өнердегі адамдар қоя ма?
– Иә, өнердегі адамдар бір-бірін бөледі. Мүмкін, үлкен сахнаға шықса, көрерменді шошытып алады деп қорқатын болар?! Біз басқалардан кем емеспіз ғой, біз де үлкен сахнаға шығуға құқылымыз!
– Алдағы уақытта бұл үрдіс жойылады деп сенемін және соған тілектеспін! Енді шығармашылықтан ауысып, отбасыңыз туралы айтсақ. Екі баланың әкесісіз, сүйікті жарыңыз бар. Жарыңызбен танысқаныңызды әдемі сипаттап желіге жариялап қойған екенсіз. Біздің оқырмандарға да айтып беріңізші?
– Мен жарыммен Алматыдағы Айнабұлақ ықшам ауданында танысқанмын. Сырттай бір-бірімізді біліп жүрдік. Бірде ортақ досымыздың туған күнінде кездесіп, бір-бірімізбен жақын таныстық. Содан екеуміз дос ретінде біраз араласып жүрдік. Кейін мен бірінші сезімімді айттым, ол қарсылық білдірген жоқ. Екеуміз бір жылдай кездесіп, бір-бірімізді жақсы танып білгеннен кейін шаңырақ көтердік. Үйлену жағына келген кезде мен ешқандай романтика істеген жоқпын, кездесіп жүргенде талай романтика өткен (күліп). Қазақы салт-дәстүрмен алып қаштым, болды. Аллаға шүкір, екі кішкентайымыз бар. Үлкені қыз, одан кейінгі ұл.
– Соңғы уақытта жарыңыз екеуіңіз ән айтып жүргендеріңізді байқадым. Ол кісіні де өнерге алып келетін ойыңыз бар ма?
– Иә, Құдай қаласа қазір жаңа әндер жаздырып жатырмыз. Алғашында тек ұлымыздың тойында ғана ән айтқанбыз. Ол желіде кең тарап кетті. Жарымның дауысы жақсы, ән айтуға қабілеті бар. Бұйыртса, екеумізден керемет дуэт шығады.
– Өзіңіздің балаларыңыздан бөлек, анаңыз бен бауырларыңыз бар. Оларды да сіз қамтамасыз етіп отырсыз ғой?
– Менен кейін інім мен қарындасым бар. Інім шетелде жұмыс істейді, ал қарындасым кішкентай. Қазір анам мен қарындасым және өз отбасыммен бірге тұрамыз. Інім де бізге көмектесіп отырады, бірақ өзімнің де табысым отбасыма жетеді, шүкір.
– Ескі сұхбаттардың бірінде әкеңіз сіздерді тастап кеткені туралы айтқан екенсіз. Одан бері қанша жылдар өтіпті, қазір араласып тұрасыздар ма?
– Жоқ, қазір де мүлде араласпаймыз.
– Өзіңіз қандай әке болғыңыз келеді?
– Мен әкемнің ізін басқым келмейді. Болды!
– Түсіндім… Осы қазір сізбен сұхбаттасып жігеріңізге, мінезіңізге тәнті болып отырмын. Қайсарлықты, мотивацияны қайдан аласыз?
– Жігерді анамның әр айтқан сөзінен аламын! Анам үнемі «Өзгелерден төмен көрінбе!» деп отырады, сол сөзі өмірлік жігер береді. Одан бөлек бауырларымның, жарымның, балаларымның өзі маған мотивация!

 

Сұхбаттасқан
Қарашаш ЕСЕНБАЙ

«Жұлдыздар отбасы» журналы 2019 жыл, №15

 

Пікір қосу