Картинки по запросу Ж.ҚАЙРАМБАЕВ,
Ж.Қайрамбаев

– Жұмақын аға, Қанапия Телжанұлының ассистенті ретінде ұзақ жылдар бойы қасында бірге жүрген екенсіз. Сондай біртуар талант иесінің өмірдегі болмысы қандай болды?
– Мектеп бітіріп, оқуға келген бойда, қазақ бейнелеу өнерінде «Қастеев», «Телжанов» деген қадірлі есімдердің бар екенін білдім. Әртүрлі жиналыстарға қатысқанда Қанапия Темірболатұлын көріп жүретінмін. Көзі бүркіттің көзіндей өткір, қасы ұзын болатын. Қасқайып отыратын. Біз ары қозғалақтап, бері қозғалақтап кетеміз ғой. Ал ол кісі жиналыс екі сағатқа созылса, сол екі сағат бойы тапжылмай, тіп-тік күйінде отыра беретін. Жұмыстарын мұражайлардан көріп жүреміз. Асқақ рухқа тұнып тұрған туындыларына көз салғанда, Қанапия аға маған бойы екі метр болатын ірі денелі, зор дауысты адам секілді елестейтін. Ал шындығында, сөйлегенде ақырын ғана сөйлейтін, шағындау тұрпатты кісі екен. «Атақты, талантты адамдардың көбі ақырын сөйлейді екен» деп таңғалғанмын сонда.
Училищеден соң, Санкт-Петербургтегі Қанапия аға бітірген академияны бітіріп келген соң, оқу орнында ұстаздық қызметке орналастым. Қанапия аға музейдің директоры болатын. Қосымша бізден сағат алып, сабақ беріп жүрді де, музей басшылығынан кеткен соң, толықтай ұстаздық қызметке ауысты. Бір кафедрада отырамыз. Жұмыстарына өте зор жауапкершілікпен қарайтын, көп сөйлемейтін. Кәміл Шаяхметов, Молдахмет Кенбаев, өзге де сол тұстағы атақты суретшілердің бәрі бір кафедрада қызмет етті. Ең жасы мен едім, он бір жыл солай болды. Гүл керек пе, дастарқан керек пе, бәріне мені жұмсайтын. Бертін келе «кескіндеме» кафедрасында жеке оқу курсы ашылып, мен Қанапия ағаның ассистенті болып бекітілдім. Сабақты бірге жүргіземіз, үнемі бірге жүреміз. Сол кезде өзім талай рет куә болған нәрсе: Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейден, жан-жақтан келгендердің бәрі бұл кісіге Құдайға қарайтындай қарайтын. Өнерін, өзін қатты құрметтеп, жақсы көретін.
– Бірге жүрген кездеріңізде Қанапия Темірболатұлының өмір жолы мен балалық шағының қалай өткендігінен хабардар бола алдыңыз ба?
– Қанапия аға әңгімеге аса жоқ еді. Бірақ мен ылғи қасында жүрген соң, ананы айтып, мынаны айтып, айналдырып тұзаққа түсіріп алатын едім. Сонда қуғын-сүргінге ұшыраған ата-анасы туралы, бала кезінде көрген қорлықтары мен өміріндегі әртүрлі жайлардың шетін шығарып айтып қалатын. Қанапия Темірболатұлы Көкшетау мен Петропавлдың ортасында өмірге келіп, балалық шағы сонда өткен. Сол аймақта атасының есімімен аталған Телжан деген үлкен ауыл болған екен. Бұл кісі өзі бай-қуатты, өсіп-өнген әулеттен шыққан. Аласапыран жылдарда тұтас бір әулет қуғын-сүргін көріп, берекесінен айырылады. Әкесі Темірболат – мемлекеттік үлкен қызметтер атқарып, халқына беделді болған адам. Өкініштісі, репрессия жылдарында қазақтың беткеұстарларымен бірге атылып кеткен. Анасы да жетектегі баласымен қашып жүріп, ауырып, ерте қайтыс болған. Ата-анасынан ерте айырылған кішкентай Қанапияны милициялар далада жүрген жерінен тауып алып, интернатқа орналастырады. Бала кезінде тентектеу болғанын, атаман болғанын айтып отыратын. Соғыс жүріп жатқан жылдары интернатта жатқан үш-төрт бала немістермен соғысамыз деп ұйымдасып, Қазақстаннан Ресейге бет алған пойыздың астындағы темірінен жабысып ұстаған бойы Мәскеуден бір-ақ шыққан екен. Ол жерге жеткенде тағы да милициялар ұстап алған да, Мәскеудегі бір интернатқа алып барып жатқызады. Соғыс жылдарында ата-анасыз жүрген балалардың бәрін бір жерге жинай берген. Немістер Мәскеуді алуға жақындағанда, әлгі интернаттағы балаларды түгелдей Санкт-Петербургке алып кеткен. Ондағы интернатта жатқанда, Мәскеуді ала алмаған немістер Ленинградқа шабуылдап, Қанапия аға мен өзге де балаларды тағы басқа қалаға ауыстырады. Соғыс бітуге таяп, Ленинградтан немістер қуылғаннан кейін, оларды қайтадан осы Ленинградқа алып келеді. Сонда үнемі сурет салып жүретін Қанапия ағаның қабілетін оқытушылар байқап, КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы дарынды жасөспірімдер көркемсурет мектебіне береді. Мектеп қабырғасында қабілеті мен өнерін шыңдап, нағыз талантқа айналған. Кішкентай кезінде тағдыр байламымен Ресейге табан тіреген бала Қанапия араға ұзақ жылдар салып, оқу бітіріп, Қазақстанға оралып, еңбек жолын елде бастайды.
Ол кезде қазақ бейнелеу өнері үшін «кескіндеме» жанры, яғни бояумен картина салу ұғымы таңсық болатын. Ташкенттен келген Орал Таңсықбаев бар, Молдахмет Кенбаев, Кәміл Шаяхметов, Қанапия Телжанов бар, өзге де суретшілердің сол тұстағы буыны қазақ бейнелеу өнерінде осы жанрдың негізін қалайды.
Қанапия ағаның қиындыққа мойымайтын қасиеті бар еді. Сексен алты жасына дейін, тіпті, ауырғанын да білдірткен емес. Қасқайып жүретін, тікесінен тік жүріп барып, тікесінен тік келіп отыратын. Жұмысқа жаяу келіп, жаяу қайтатын. Иілген жоқ. Өмірінің соңғы сәттерінде ғана екі күн емханада жатып, өмірден озды. Өнерінен бөлек, сол мінезімен де артына үлкен сабақ қалдырды.Похожее изображение
– Қанапия ағаның ең көрнекті туындылары ретінде қай шығармаларын атар едіңіз?
– Ондай туындылары көп. Ең ғажап еңбектері Мәскеудегі мемлекеттік Третьяков галереясында да тұр. Қанапия ағаның картиналары жер-жердегі музейлердің де көркін ашып тұр. Қазақ халқының өмірі мен тұрмысы жайлы заманауи және тарихи тақырыптағы «Жамал», «Бейбітшілік оттары», «Домбыра әуендері» секілді шығармалары бар. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – «Атамекен», «Көкпар» шығармалары.
Тың игеру жылдарында, сол процесті насихаттау мақсатымен өңірлерде ұйымдастырылған әртүрлі көрмелерді Дінмұхамед Қонаев атамыздың өзі келіп ашатын. «Атамекен» картинасы сол тұста салынған. Алматыда өткізілгелі отырған көрмеге әртүрлі шығармалар ілініп жатқанда, шенеуніктер «Атамекенді» ұнатпаған екен. «Коммунистер біздің жерімізді жыртып жатыр» деген протестік көзқараспен салынған деп түсініп, мұны ілуге болмайды деген ұйғарымға келген. Өйткені, жоспар бойынша сол көрмені тамашалауға Брежневтің өзі келетін болған. Ал суретте атамекенді қорғаштау ниеті мен қазақ жерінде сол процестің жүріп жатқанына деген қарсылықтың бары рас еді. Көрменің ашылатын уақыты таяп, соңғы сәтке келгенде, бәрі жанталасып «Атамекен» картинасын орнынан шешіп, алып кетіп бара жатқанда, Л.Брежнев кіріп келген. Сонда бірге жүрген Дінмұхамед Қонаев: «Бұларың не? Барлық жұмыстар орындалып бітті, бәрі дайын деп едіңдер ғой», – десе, ұйымдастырушылардың бірі: «Ішінде бір жұмыс ұнамай қалып еді, соны алып тастайын деген едік. Басқасы дайын», – деп жауап берген екен. Сонда Дінмұхамед Қонаев: «Оның несі ұнамай қалды, көрсетіңдерші. Көрейік», – деп Леонид Брежневке қарағанда, ол: «Давай», – деген. Әкетіп бара жатқандар амалы қалмай «Атамекенді» аударып бері қаратып қойғанда Дінмұхамед Қонаев: «Жақсы ма екен, қалай ойлайсыз?» – деп қайта Л.Брежневке қарағанда, ол ұзақ қарап тұрып: «Гениально!» – деп бас бармағын көрсеткен екен. Оның сөзін іле «Іліңдер орнына», – дейді Қонаев. Әлгілер қайтадан жүгіріп барып картинаны орнына ілген. Міне, сол жылы-ақ Қанапия Темірболатұлына «Қазақ КСР-інің халық суретшісі» атағы беріледі. Өзге де айтулы марапаттарды да сол тұста алады. Ол кезде бар-жоғы отыз алты жаста ғана болатын. Картинки по запросу телжанов
– Осындай ерен таланттың тағы қандай ерекше қырлары болды?
– Өнердің биік шыңына шыққан жан. Бірақ артық сөзге, артық тірлікке жоқ болатын. Кейде қалжыңдап, әңгімеге тартқым келгенде көзін ажырайтып бір қарайтын да жұмысын жасап отыра беретін. Бала күніндегі көрген әртүрлі қиындықтар болмысының қалыптасуына да қатты әсер еткен болу керек. Тәртіпті жақсы көретін, уақыттың қадірін жақсы білетін.
Өмірде үнемі таяқ жеп жүретін бір адамдар болады ғой, оны ешкім қорғамайды. Бірақ сол ауыртпалыққа бой бермей, ол құрсаудан шығып кетеді. Қанапия ағаның өмірі де осы тектес болды. Заманның салған әлегінен бой тасалап, оқтың астында, оттың астында жүріп, тірі қалып, оқып, өсіп-өніп, биік дәрежеге жетті. Осы жайлардың әсерінен болса керек, аға көп нәрсеге өте сақтықпен қарайтын. Кейде әлдебір жағдайлармен өтініш жазу керек болғанда, сөздерінің арасын ашпай, бір-біріне қосып жазатын. Енді оны ректорлар қалай оқып, қалай қол қоятынын білмеймін (күліп). Біз түсінбей әлек болатын едік. Бір-екі рет солай қиналған соң, «Адам мұны қалай түсініп оқиды, неге арасын ашып жазбайсыз?» – деп сұрағанымда, «Жоқ. Бір жындылар бар, ашық тұрған жерге бір әріп қосып жібереді де, түрмеден бір-ақ шығарады», – деп жауап берген еді (күліп).
Өмірдің көп теперішінен өз күшімен аман өткендіктен, өзгелерге де қиянат жасағысы келмейтін болу керек, ұстаздық ғұмырында шәкірттеріне жасаған жұмысының қателіктерін ешқашан бетіне басып айтпайтын. Тек жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, олардың жігерінің басылып қалмауына қатты мән беретін еді. Соған қарамастан, студенттер шала жасалған жұмыстарын, толық аяқталмай қалған картиналарын Қанапия ағаға көрсете қоймайтын, көрсетуге батпайтын. Әбден бітті-ау, бірдеңе шықты-ау дегенде ғана ұстаздарына ұсынатын.
– Ұстаз ретінде тағы қандай қасиеттерімен дараланды?
– Өзінің студенттеріне үнемі қамқор болып жүретін. Екінші курс бітіргеннен кейін ең таланттылар, суретші болам дегендер Қанапия ағаның класына баруға өтініш білдіріп арыз жазатын. Бұл кісі тек өнер туралы ғана ойлайды ғой. Шәкірттердің жағдайы бар ма, жоқ па оған мән бермейтін. Суретші болам деген бала үшін бар мүмкіндікті жасайтын. Суретті жақсы салғанымен, басқа сабақты оқымайтын, тентектеу балалар болады. Бірде жиналыста ректор: «Мына бала осылай жасапты, бірдеңені бүлдіріпті», – десе, Қанапия аға: «Айналайын, сондай мінез болмаса, қайдан суретші шығады? Мықты адамдарды қараңдаршы, бәрі шетінен жынды», – деген ғой. «Өй, сіз тып-тыныш, – жүрсіз ғой» десе, «Оны қайдан білесің?» деген екен. Похожее изображение– Қанапия Телжанов бейнелеу өнерінің қай жанрларында қалам тербеген? Картиналары несімен ерекшеленеді?
– Туындыларының денін «живопись» жанрында салды. Айтып өткенімдей, кескіндеме өнерін қазақ мәдениетіне ең алғаш алып келген де сол буындағы суретшілер. Картиналарына көз салғанда топан су тобығыңнан келіп жатса да, ешқашан мойымайтындай күй кешесің. «Қазақ қасқыр мінезді» деген сөздің мәнін де Қанапия туындыларына қарап түйсінгендей боласың. Көрмелерде өзге суреттерді бірсыдырғы қарап келе жатып, «Атамекеннің» алдына келгенде кеудені тік көтеріп, қалай қасқая тұрып қалғанын адамның өзі де байқамай қалады. Суреттегі қарияның айбынды келбетінен рух аласың. Суреттегі сол көрініс, сол аттағы тұлға, бейне бір алдыңнан шыққандай әсер қалдырады. Жалпы, сурет өнерінің барлық саласында бұл кісінің деңгейіндей дүниежүзіне кеңінен танылған адам жоқ. Қазақ суретшісі деген әңгіме қозғалса, шетелдіктер ең бірінші Қ.Телжановты ауызға алады. Қанапия Темірболатұлын қазақ бейнелеу өнерінің Хантәңірі десе болады. Әбілхан Қастеев біздің туған әкеміз секілді. Ал Қанапия аға кәсіби деңгейдегі сурет өнерінің көшін бастап тұрған ерен тұлға.
Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

«Аңыз Адам» журналы, 2019 жыл, №13

ЕСКЕРТУ: Көшіріп басуға болмайды

Пікір қосу