ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың бірқатар санатының борыштық жүктемелерін азайту жөніндегі Қаулысын Zakon.kz өз оқырмандары үшін қысқаша түсіндірді.

Кімнің қарыздары кешіріледі?

Бәрінің кредиттері кешірілмейді. Тек әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар) ғана.

Қанша қарыз кешіріледі?

Жоғарыда аталған санатқа кіретін азаматтарға тікелей атаулы көмек ретінде олардың банктер мен микрокредиттік ұйымдардан алған қарыздары мен оның сыйақысы бойынша 300 мың теңге мөлшеріндегі қарызы өтеледі.

Бірақ олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс.

Қалған халыққа бұдан не қайыр?

Ал 2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша кепілсіз несиесі бар қалған барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері ғана кешіріледі.

Жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыпақы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады.

Пікір қосу